“Нұр Отан” ХДП, Білім және ғылым министрлігі, “Даму” қоры, облыстар әкімдіктері арасында ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум шарттарына орай тұрғындардың кәсіпкерлік білім деңгейін көтеруге барынша жағдай туғызылды.
ІС-ШАРАЛАР ЖОСПАРЫ МАҚҰЛДАНДЫ
“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясының Парламент Мәжілісіндегі фракциясы төралқасының отырысы өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Отырыста “Нұр Отан” ХДП-ның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының ел Президентінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау бойынша іс-шаралар жоспары мақұлданды.
Сондай-ақ төралқа мүшелері ел Президентінің “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша 2010 жылдың 5-14 ақпаны аралығында республика өңірлерінде атқаратын жұмыстарын да талқылады.
БАҚЫЛАУ БЕКЕТТЕРІ ІСКЕ КІРІСТІ
“Нұр Отан” ХДП Ақтөбе облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы облыстың медицина мекемелеріндегі партиялық бақылау бекеттерінің тұсаукесеріне арналған мәжіліс өткізді. Комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Ғалымжан Нұрышев елімізде бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі енгізілуіне байланысты медицина мекемелерінде партиялық бақылау бекеттері құрылып, жұмысқа кіріскенін, бұл бағытта денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен бірлесе әрекет ету қажеттігін жеткізді.
Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне дайындық барысы туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Жәнібек Нармұхамедов хабарлама жасады.
Оның айтуынша, облыстың медицина мекемелерінің жаңаша жұмыс істеуге әзірлігі тәуір көрінеді. Ақтөбе қаласындағы медицина мекемелерінде он партиялық бақылау бекеті құрылып жұмысқа кірісіп кетіпті.
Отырысқа қатысушылар партиялық бақылау бекеттерінде болып, олардың жұмыс үдерістерімен танысты. Мұндай бекеттер аудандарда да жұмыс істеуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.
ОЗАТ ТӘЖІРИБЕ КӨПКЕ ОРТАҚ
“Нұр Отан” ХДП Қостанай қалалық филиалы ірі бастауыш партия ұйымдары жетекшілері және мәслихаттар депутаттарының–партия фракциясы мүшелерінің қатысуымен семинар-тренинг өткізді. Партияның бастауыш ұйымдары жергілікті жерлерде тындырымды жұмыстар жүргізіп отыр. Әсіресе, қандай сайлау округтеріндегі де әлеуметтік мәселелердің шешімін іздеген тұрғындар партияның бастауыш ұйымын жиі іздейді. Бұл басқосуда партияның Қостанай қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Бұхметов “Нұр Отан” ХДП аумақтық филиалдарының, қазақстандықтардың жалпыхалықтық қозғалысын ұйымдастыруда бастауыш партия ұйымдарының рөлі мен орны туралы баяндап берді. Облыстық және қалалық мәслихаттардағы “Нұр Отан” ХДП фракциясының мүшелері сайлау учаскелеріндегі өздері ұйымдастырған қоғамдық-саяси жұмыстары, бастауыш ұйымдардың жетекшілері жергілікті жерлердегі атқарған істері туралы бай тәжірибелерін ортаға салды.
Облыстық мәслихаттағы “Нұр Отан” ХДП фракциясының жетекшісі, Қостанай педагогика колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы Римма Бектұрғанова №5 Студенттік сайлау округі мысалында депутаттар мен партияның бастауыш ұйымдарының байланысы жөнінде, “Қостанай” газетінің редакторы, Қостанай қалалық мәслихатының депутаты Владимир Баранов депутаттың сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы үшін жергілікті жерлерде халық қалаулысы мен партияның бастауыш ұйымының бірлесіп жүргізетін жұмыстары туралы, ал Дружба орта мектебінің директоры, №19 сайлау округіндегі партияның бастауыш ұйымының жетекшісі Асыл Қалиев “Нұр Отан” ХДП бастауыш ұйымының қалыптасуы үшін қаладағы шағын аудандардағы құрылымдық, қоғамдық күштерді жұмылдыру жөнінде қызғылықты әңгімелеп берді. Олардың бірлесе жүргізген жұмыстары қаланың экономикалық-әлеуметтік дамуына ықпал етеді.
“Нұр Отан” ХДП Қостанай қалалық филиалы семинар-тренинг қорытындысы негізінде партияның фракциясы мүшелерінің–мәслихаттар депутаттарының сайлау округтері шеңберінде құрылған бастауыш партия ұйымдары жұмысын жетілдіруі туралы әдістемелік құрал жасап таратты. Ол әдістемелік партияның әрбір бастауыш ұйымындағы активтер жұмысын теориялық және практикалық жағынан жақсарта түсуге және ең бастысы, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бастауыш партия ұйымдары қосар үлестің қомақты болуына көмекші болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
КӘСІПКЕРЛІККЕ ҚОЛДАУ КЕҢ
Елімізде шағын және орта бизнесті жетілдіруге, сапалы дамуына бағытталған мемлекеттік іс-шаралар ауқымы жылдан-жылға кеңейіп келе жатқаны мәлім. Соның ішінде оны қаржылай емес қолдауға үлкен мән беріліп отыр. Бұл ретте “Самұрық-Қазына” және “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорлары бірігіп дайындаған “Бизнес-кеңесші” бағдарламасының игі ықпалы байқала түсуде. Оның басты мақсатын барлық аймақтардағы кәсіпкерлер мен осы ұмтылысқа ынталы азаматтарға бизнес құрудың жолдарын үйрету, мұны тиімді жүргізу бойынша білім толықтыру, ақпараттық кеңесті молықтыру болып табылады. Соған байланысты қысқа мерзімді оқытулар, білікті мамандардың арнаулы дәрістері, тақырыптық кездесу-әңгімелер қазір қалың жұртшылықты тартып келеді. Оқу-әдістемелік құралдар тегін таратылды. Мәселен, былтыр үш айға жалғасқан “Кәсіпкерліктің жедел курсы” атты сабақтар республикамыздың 209 ауданы мен қаласында өткізілді. Аталған шараға 11 мыңнан астам адам қатысып, бизнес-жоспар үлгілерін жасаумен, кәсіпкерлікті реттеуші заңңамалармен, салық есептілігін дайындаумен танысты. Назар аудартатын бір жай, курс тыңдаушыларының 60 пайызын әйелдер құрады. Мүмкіндіктері шектеулі жандар да бизнестік сауаттылықтарын жақсарта алды.
Мұның алдында “Нұр Отан” ХДП, Білім және ғылым министрлігі, “Даму” қоры, облыстар әкімдіктері арасында ынтымақтастық туралы қол қойылған меморандум шарттарына орай тұрғындардың кәсіпкерлік білім деңгейін көтеруге барынша жағдай туғызылды. Өмір көрсетіп отырғандай, мұндай оқытулардың көпшілікке пайдасы үлкен. Ол азаматтардың өз бизнесін ашуға қызығушылығын арттырады, кәсіпкерліктегі көкейкесті мәселелердің оң шешімін табуға көмектеседі.
Қарағандыда өткен “Бизнес-кеңесші” бағдарламасы тәжірибе, қорытынды және болашақ дамуы” бірінші республикалық семинар-кеңесі осы бағытта атқарылған іс-шараларды талдап, алда тұрған міндеттерді талқылауға арналды. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Расул Оразғұлов, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова, “Халықаралық Бизнес Академиясы” ЖШС президенті Асылбек Қожахметов, ВІSАМ Сеnтrаl Аzіa бизнестік ақпарат, әлеуметтік және маркетингтік зерттеу орталығының президенті Леонид Гуревич, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғалымдары шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері бойынша жан-жақты серіктестікті жандандыру мен тереңдету, осынау салаға көмек көрсетуді күшейтудің жаңа үлгі-әдістерін қолдану, ауылдық аймақтар тұрғындарына консалтингтік, талдамалық, әдістемелік қызмет түрлерін көрсетуді ұлғайту жайларын ортаға салды. “Бизнес-Кеңесші” бағдарламасының әрбір аймақта өткізілу тәжірибесі баян етілді. Сөз сөйлеушілердің бәрі кәсіпкерлікті қолдау орталықтарын құру туралы ұсыныстардың орынды екенін атады. Олар баса айтқандай, кәсіпкерлік қозғалыстағы соны серпін мен бизнеске қоғамдық санадағы түсініктің түбегейлі өзгеріп-жақсаруы мемлекет тарапынан жасалып отырған көмек-қолдаудың нәтижелі көрінісі.
Семинар-кеңестің жұмысында жоғары оқу орындарының “Бизнес-кеңесші” бағдарламасын іске асырудағы тәжірибелері талқыланады.
Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.
ҮКІМЕТ ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ БАС ЖОСПАРЫН БЕКІТТІ
Ел Үкіметі Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласының 2025 жылға дейінгі бас жоспарының жобасын мақұлдады. Ондағы басты жаңалық – облыс орталығының бұрынғы әкімшілік шекарасы өзгертілді. Бұл құжатты Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев Үкімет мүшелері алдында баян етті.
Қаланы заман талабына сай көркейту енді оның оңтүстік-батыс бөлігін кеңейту есебінен жүзеге асырылады. Ол үшін ауыл шаруашылығына, шаруа қожалықтарына және мемлекеттік қорға тиесілі жерлер қала аумағына беріледі. Сөйтіп, облыс орталығына барлығы 5954 гектар жер жақын аудандар есебінен енгізіледі. Шаруа қожалықтарының жерін сатып алу үшін арнайы қаржы қарастырылған.
Бас жоспардағы инфрақұрылымдарды дамыту Талас өзенінен өтетін екі автомобиль және темір жолдың үстімен өтетін үш аспалы көпір, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің үш жер асты жолын, төрт автокөлік жол айрықтарын салу арқылы жүзеге асырылмақ. “Астана”, “Бәйтерек” және “Барысхан” жаңа шағын аудандарындағы электр қуатымен жабдықтау мәселесі қосымша екі электр стансасын, газ желілерін, “Жылу электр орталығы” АҚ қазандығынан жылу жүйелерін тарту арқылы шешілетін болады. Қала шаруашылығын дамыту және жоғарыда тілге тиек етілген шараларды жүзеге асыру үшін 9,5 млрд. теңге қаржы бөлінбекші. Бас жоспарда, сондай-ақ, қосымша денсаулық сақтау және білім беру нысандарын салу да қарастырылған.
Жоба бұған дейін облыс орталығындағы халықтың және ондағы қоғамдық ұйымдар өкілдерінің басқосуларында қаралып, талқыланған. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің “Тараз қаласының бас жоспары туралы” қаулысы қабылданып, облыс мәслихаты сессиясында келісілген. Қала шекарасын әкімшілік өзгерту мәселелерін шешуге қатысты құжаттар мен материалдар тізімі барлық орталық атқарушы органдармен келісіліп, мемлекеттік сараптаудан өткен.
Бас жоспар қаланың заман талаптарына сай гүлденіп, көркеюіне, ескірген инфрақұрылымдардың жаңарып, жақсаруына үлес қосып, өңір өміріне жаңа мазмұн мен серпін береді деп сенеміз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Тараз.