Жалпы, қоғамымыз үшін саясатта болып жатқан қай жаңалық болсын өз орны бары даусыз. Әйтсе де, қазақ тілінің латын әліпбиін қабылдауы ұлттық лингвистика тарихында екі дәуірде екінші рет орын алып отыр.
ХХ ғасыр басында «Алашым» деген ұлт зиялылары қолданған, кейін солақай саясаттың құрбанына айналған латын графикасы жаңа дәуірде жаңа нұсқада қайта қолданысқа енетін болды. Бұл Елбасының ұзақ жылдар жүргізген сарабдал саясатының айтулы тұсы екенін қоғам түгелдей түсініп, бірауыздан қолдап отыр. Қазір қала мен далада тұратын халық түгелдей саяси тұрғыда өте сауатты. Мұның бір айғағы латын графикасының нұсқасын бекітудегі қызу, жан-жақты талқылаулардың болуынан айқын көрінеді.
Өткен жылдармен салыстырар болсақ, соңғы кезеңде қоғамда латын графикасын қолдану қажеттігі жылы қабылдана бастағандығын көруге болады. Оның мемлекеттік тілді меңгеруде ғана емес, сонымен қатар цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын өркендетуде де тиімді болатыны анық.
Латын графикасын кеңінен қолданысқа енгізу оңай әрі жеңіл десек, қатты қателескен болар едік. Өйткені жаңа графиканы үйрететін тиісті жүйе енді қалыптасады. Ең бастысы, бізге Елбасы жаңа нұсқаны бекітіп берді. Бұл нұсқада 32 әріп бар. Қазақтың төл дыбыстары апос- троф арқылы белгіленген. Жаңа нұсқа халық арасында қолдау тауып, ең қиын асуды аттап өттік десе де болады. Елбасы тарапынан алдымызға қойылған міндеттерді орындай алсақ, онда біздің тәуелсіз еліміз үшін алынбайтын асу, бағындырылмайтын белес жоқ деп айтуға болады. Қазақстанның латын графикасын қабылдауы – бұл үлкен жетістіктердің кілті. Ол – бізді тек биікке жетелейтін жол. Ол – Қазақстанның, қазақ тілінің, қазақ рухының Мәңгілік Елімен бірге жасауының басты кепілі болмақ.
Меруерт КӨПБАЕВА, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы