Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана Клубының» Үлкен Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени трансформациялану мәселелеріне арналған отырысына қатысты.
Қ.Тоқаев 13 қарашада «ЕО – Үлкен Еуразия: ынтымақтастық пен даму векторлары» сессиясы аясында сөз сөйледі. Оған Түркияның бұрынғы президенті Абдулла Гюль, Чехияның бұрынғы президенті Вацлав Клаус және Словенияның бұрынғы президенті Данило Тюрк те қатысқан болатын.
Еуразиядағы интеграциялық үдерістердің дамуында Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» бастамасы маңызды орынға ие. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан қатыспаса, бұл ұзақ мерзімді, жақсы үйлестірілген стратегияның нәтижелі жүзеге асуы мүмкін емес. Қытай жоспарларының жүзеге асуы Еуразияда ғана емес, бүкіл дүние жүзіндегі саяси күштер мен экономикалық факторлардың арақатынасын елеулі түрде өзгертуі мүмкін.
Сенат басшысы Еуразия Экономикалық Одағын құрлықтағы интеграциялық үдерістерге толықтай тарту қажеттігін, оған саяси себептер, атап айтқанда санкциялық қарсылықтар кедергі болып отырғанын айтты. Қазақстан АҚШ, Еуроодақ және Ресей ұстанымдарын жақындатуға ықпал ете алады: «Әрине, бұл қиын міндет. Біз оны оңайлатпаймыз. Ол мақсатқа қол жеткізу үшін көптеген уақыт кетеді, бірақ, ол мәселелер шешілмейінше, ең болмаса, әлемнің осы бөлігінде еркін сауда туралы айту оңай болмайды».
14 қарашада пікірсайыс «Еуразиядағы Геоэкономика: ұсақталған мозаика немесе жобалардың ортақтығы» сессиясы аясында жалғасын тапты. Қазақстан Парламенті жоғарғы Палатасының Төрағасы өз сөзінде көптарапты, оның ішінде әскери-саяси сипаттағы алуан бірлестіктердің өзара іс-қимылына жан-жақты тоқталды.
Қ. Тоқаев Қазақстан және Орталық Азиядағы басқа елдер бір кездерде Құрама Штаттар қарулы күштерінің Ауғанстанға бағыт алғанын қолдағанын еске салды. Сенат Төрағасының айтуынша, бұл шешім сол аймақтағы Талибан экспансиясының жолын кесуде оң рөл атқарды.
Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы Азия құрлығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторы болып табылады. Бұл альянс трансформацияланып, іс жүзіндегі ядролық мемлекеттер Үндістан мен Пәкістанның қосылуы есебінен ұлғайып отыр. Қ.Тоқаев алуан түрлі күн тәртібі бар ШЫҰ діни экстремизм, халықаралық терроризм және сепаратизмге қарсы бірлескен күресте әмбебап ұйым ретінде зор әлеуетке ие екені туралы пікірін білдірді.
Еуразиядағы саяси қарсы тұрушылықтар ықтималдығы туралы айта келіп, Қ.Тоқаев «Біз ҚХР-дың экономикалық тұрғыда қатысуынан қауіптенбеуіміз керек, өйткені ол Орталық Азия мемлекеттерінің мүдделеріне жауап беріп отыр», - деді. Төрағаның пікірінше, Еуразияда Ресей де зор рөл атқаратын болады, бұл ауқымды мемлекетті ешқашан төмендетуге болмайды әрі ол мүмкін де емес. Қазақстан туралы айтқанда, біздің еліміз өзінің Ресей алдындағы одақтастық міндеттемелерінен еш айнымайды және барлық саладағы өзара іс-қимылды жалғастыра беруге ниетті.
Төрағаның сөзінде Қытай, Ресей, АҚШ және Еуропалық Одақ секілді ірі қатысушылар мүдделерінің тепе-теңдігі қамтамасыз етілуі қажет екені аталып өтілді. Қ.Тоқаев жетекші елдер арасындағы бәсекелестік болмауы мүмкін емес, бірақ Еуразиядағы адал бәсекелестік табыстың кепілі болады және біздің құрлыққа бұрынғы айбынын қайтаруға көмектеседі, деп санайды.
Сол күні Қ.Тоқаев Финляндия Парламентінің депутаты, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының бітімгершілік жөніндегі Арнаулы өкілі Илкка Канерваны қабылдады.
И.Канерва «Астана Клубы» аясында өткен пікірсайыстардың нәтижелі әрі мазмұнды болғанын, сондай-ақ осы шараға халықаралық тұрғыда баса назар аударылып отырғанын айта келіп, Президент Н.Назарбаевтың ерекше маңызды сөзін айрықша атап өтті. Жүздесушілер парламентаралық өзара іс-қимылға қарқын беруге, парламенттік достық топтарының әлеуеттерін күшейтуге, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы аясында сындарлы жұмыстар жүргізуге уағдаласты.
Парламент жоғарғы Палатасының басшысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне белсене қатысқаны үшін Финляндия басшылығына алғысын білдірді және И.Канерваны алдағы жылдың қазанында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алтыншы Съезіне шақырды.