Екі жыл бұрын Парламент Сенатының отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты қордаланған мәселелер бойынша ой бөліскен еді. Бұл мәлімдеме ақпарат құралдарында жарияланды.
Сол мәлімдеуде мынандай мәліметтер келтірілген екен. «Росавиакосмостың» бұрынғы басшысы Юрий Коптевтің айтуынша, ғарышқа ұшырылған 250 зымыранның әрбір оныншысы құлап түскен. Әр сөзіне мұқият қарайтын халық қалаулысы теріс дерек келтірмесі анық.
Ал басқа деректерге сүйенсек, осы уақытқа дейін 32 «Протон» зымыраны апатқа ұшырапты. Гептил отыны пайдаланылатын зымырандар негізінен Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатындықтан Қазақстан жеріне 2500 тонна гептил төгілген. Гептил адам ағзасына, қоршаған ортаға аса зиянды. Ресей ғалымдарының өзі оның зияндық қуаты химиялық қарудан кем емес екенін жоққа шығармайды. Ол ауаға тез араласады, әсіресе жел жақтан таратылғанда аса қауіпті, көп аумақтың ауасын залалдауы мүмкін. Гептил топыраққа да, суға да, тіпті металл бетіне де сіңе береді. Болмайтын аз мөлшерінің өзі ауа, су, топырақ арқылы адам ағзасына әсер етеді. Осындай мәліметтермен хабарланған жұртшылыққа «Протонның» әрбір апаты ерекше әсер етері сөзсіз. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, әсіресе Қызылорда облысының, оның ішінде ғарыш айлағы орналасқан Қармақшы ауданының халқына оңай соқпайтыны белгілі. Мен 2007 жылы Қармақшы ауданының «Протонның» бөлшектері құлаған ауылында болған едім. Сондағы жергілікті тұрғындардың алаңдаушылық білдірген, әбіржіген сәттері есімнен кетпейді.
Ал 2013 жылғы «Протон» апатқа ұшырағанда Қармақшы жеріне тағы да 400 тоннадай гептил төгілді. Жұртты тыныштандыру үшін ауа ластанбады, бәрі жанып кетті деген мәлімдеме таратылды. 1999 жылы Қарағандыға құлаған «Протон» үшін Ресей тарапынан 10 млн доллар өтемақы төленген болса, соңғы апат үшін ешқандай төлемақы төленбеді. Рас, Ресей жағы төлемақы төлеуге дайынбыз деді. Тек қазақстандық мамандар есептеген шығын мөлшерін қайта қарау керек деген уәждерін жеткізді. Алайда Ресей мемлекеті экономикалық санкция зардаптарымен күресіп, өз басымен қайғы болып кетті. Кейіннен тіпті төлемейтіндіктері туралы мәлімдеме жасады.
Әйтсе де, бұл мәселені аяқсыз қалдыруға болмайды. Жалпы, бұған басқа қырынан келген дұрыс секілді. Елу жылдан бері ғарышқа зымырандар көтеріліп жатқан аймақ тұрғындары, дәлірек айтқанда Қармақшы ауданы халқына тұрақты түрде өтемақы белгіленуі тиіс. Қазір дағдарыс кезеңі, қаржылық қиындықтар бар. Десе де бұл бағытта алғашқы қадамды жасай берген абзал. Ол үшін қармақшылықтарға бұған дейін Қызылорда облысында Арал экологиясы зардаптары үшін беріліп келген төлемақы мөлшерін аралдықтармен, қазалылықтармен бірдей етіп көтерсе болғаны. Түсіндіре кетейік, Қызылорда облысы халқына Арал экологиясы зардаптары үшін «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңға сай арнайы төлем белгіленген. Ол жұмысшылар мен қызметкерлердің айлық жалақы мөлшеріне қатысты төленеді. Арал мен Қазалыда жалақының 50 пайыз көлемінде төленсе, қалған аудандар үшін 30 пайыз болып бекітілген. Міне осы төлемді қармақшылықтар үшін жоғарыда аталған екі ауданмен теңестірсе нағыз әділ шешім болар еді. Бұл жағдайда көп қаржы кете қоймасы анық. Өйткені бұған дейін онсыз да 30 пайыз төленуде әрі Қармақшы халқы көп аудандар қатарында емес. Сол себепті де экологиялық төлем үшін облысқа бөлініп келген қаржы көлемімен салыстырғанда әрі кетсе 4-5 пайыздай ғана қосымша қаржы кетер. Осы айырмашылық Ресейдің Байқоңырды жалға алғаны үшін Қазақстанға төлеп отырған қаржысынан бөлінсе тіптен жақсы болар еді.
Ақыры сөз экологиялық төлем туралы қозғалғандықтан, Үкімет пен Парламенттің назарын мына бір өзекті мәселеге аударғым келіп отыр. Сайып келгенде бұл да әлеуметтік салаға қатысты.
«Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атаған аймақ Мемлекет басшысының ұдайы қамқорлығын сезініп келеді. Президент тапсырмасымен Қызылорда облысында өңірдің экологиялық ахуалын сауықтыруға бағытталған, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтін ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Кеңестік кезеңде экономикасы аграрлық саламен шектеліп қалған өңірде мұнай өндірісі дами берсін деп Қарағанды облысының жерін Сыр аймағына жалға беру мерзімін тағы да ұзартып берді. Елбасымыз осылайша бір жағында тартылған Арал теңізінің тұзды табаны, бер жағында Байқоңыр ғарыш айлағы, оған қоса уран өндірілуімен радиация әсері бар аймақ халқына ерекше көзқарас танытып келеді. Экологиялық апат аймағы саналған облыс тұрғындарына экологиялық жеңілдіктер қарастыратын – «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңының жұмыс істеп тұруы да соның бір дәлелі. Шынында да жаздың 50 градусқа жақындайтын ми қайнатар аптап ыстығы, 40 градусқа жуықтайтын қысқы аязы, жылдың алты айында шаң боратып соғатын аңызақ желі бар суперконтинентальды климатты өңір тұрғындарына бұл жеңілдіктер өте қажетті нәрсе және әжептеуір демеу. Бірақ осы заң тұрғындарға қатысты теңсіздік жағдай орнатқан. Қалай дейсіз ғой? Заң бойынша облыста еңбек етіп жатқан адамдардың барлығының жалақысына экологиялық коэффициент қосылады. Ол Арал және Қазалы аудандарында 50 пайыз болса, қалған бөлігінде 30 пайыз. Аталған екі аудан экологиялық апат аймағының орталығы саналғандықтан, бұл жағынан айтар дау жоқ. Мәселе басқада. Аталған коэффициенттер әркімнің жалақысының көлеміне қарай қосылады. Ал осы дұрыс па?
Ойлап қараңызшы, мәселен мемлекеттік бір мекеме басшысының жалақы ставкасы 300 мың тенге делік. Заңға сәйкес оның айлығына (30 пайыздық үстемемен есептегенде) 90 мың теңге қосылуы тиіс. Ал 90 мың теңге деген төмен қызметте жүргендердің айлығы. Тіптен одан да төмен, 55-60 мың теңге шамасында алып жүргендер жетерлік. Ал соларға экологиялық коэффициент әрі кетсе 15-18 мың теңге көлемінде ғана қосылады. Сонда жоғары қызметте жүргендер экологиялық аймақта жұмыс істеп, оның зардабын сезінгені үшін айлығына қосымша 90 мың теңгеден аса ақша алса, төменгі қызметкерлердің алатыны 20 мыңға жетпейді. Мұны әділетсіздік, теңсіздік демегенде не дейміз. Бәрі бір өңірде, атап айтқанда экологиялық ахуалы басқа аймақтармен салыстырғанда төмен саналатын облыста тұрып, сол жердің ауасын жұтып, суын ішеді. Жоғары қызметте жүргендердің қоршаған ортаның зиянды әсерлерін азайтуға онсыз да айлық жалақысы жетіп артылады. Олардың құнарлы азық-түлік, көкөніс пен жемістерді, қажетті дәрумендерді сатып алып тұруға шамасы молынан жетеді. Денсаулығын түзеймін десе ауруханалар мен шипажайларға қолжетімділігі қарапайым халық өкілдерімен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Бұл неғылған батпан құйрық деген сұрақ еріксіз туындайды. Облыстағы мемлекеттік органдар басшылары мен олардың орынбасарлары арасында басқа өңірден ауысып келіп, қызмет етіп жатқандары аз кездеспейді. Олар бұрын экологиялық апат не дағдарыс аймағында өмір сүрмеген. Ал енді олар да заңға сәйкес экологиялық үстеме ала бастайды. Онысы өмір бойы осы жерде тұрып, жұмыс істеп келе жатқан қарапайым адамдар айлығымен шамалас немесе олардың жалақысына қосылатын экологиялық үстемеден бірнеше есе артық.
Бұл жерде осындай теңсіздік орын алып отыр деп ешкімді кінәлаудың реті жоқ, ешкімді жазғыруға болмайды да. Өйткені заң солай қабылданған, оны тек орындау керек. Бұл заңның жобасын жасағандар мен оны қабылдағандар қайда қараған деп те айта алмаймыз. Өйткені заң алғаш қабылданған уақытта көптеген баптардан тұратын. Бірқатар баптар табысы төмен отбасыларына арнайы көмек көрсетуді міндеттейтін. Заңға сәйкес тұрғындарға жеңілдікпен 2 тоннадан көмір беріліп тұрғаны есімізде. Онан бөлек жеңілдік түрлері де болды. Әйтеуір аталмыш заң талаптары алғашқы кезде табысы төмен отбасыларына біраз көмек көрсетіп, теңгермешілікті ұстап тұрды. Алайда кейіннен заңның көптеген бөліктері алып тасталынып, жоғарыдағы негізгі бап түрлері қана қалды. Ал ол өздеріңіз байқағандай, негізінен жалақысы жоғары адамға жағымды екен.
Сондықтан Сыр елі тұрғындарына осы заң бойынша экологиялық төлем жасауда әділетсіздік орын алып келеді. Экологиялық коэффициент – бұл мерекеге байланысты жалақы көлеміне сәйкес қосылатын сыйақы емес (негізінде бұл мәселеге де басқаша көзқарас танытса артық болмас еді), экологиялық үстеме болғаннан кейін ол барлығына бірдей төленуі тиіс. Ол 50 пайыз қосылатын аудандарда белгілі бір көлемде, 30 пайыздық аймақта сәйкесінше одан төмендеу болуы қажет. Оған қалай қол жеткізуге болады? Заң қатып қалған догма емес, оған уақыт, заман талабына қарай өзгерістер мен толықтырулар енгізуге болады. Ендеше бұл заңға да өзгеріс енгізетін уақыт жетті.
Әрине мен қаржы саласының маманы емеспін. Бұл келтірген мысалдарым дұрыс болмауы да мүмкін. Бірақ мамандар кіріссе барлығына, яғни басшыға да, қатардағы қызметкерге де бірдей әділетті төлеудің механизмін жасап алатынына сенімдімін. Мүмкін, аймаққа бөлінетін қаржы көлемінің немесе жұмыс істейтін адамдар санының өзгеруіне байланысты төлем мөлшерін де өзгертіп тұру керек болар.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, осындай көзге ұрып тұрған әділетсіздік пен теңсіздікті қалыпқа келтіретін мезгіл жеткен сияқты.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қызылорда