Инвестициялар және даму министрлігінің медиа-орталығында еліміздегі автомобиль жолдарының қазіргі жағдайы, ақылы жол жүйесін енгізу және жол бойындағы қызмет көрсетуді дамыту мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Онда Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндап, тілшілердің сұрақтарына жауап берді.
Бағдарлама алдағы бес жыл ішінде құрылыстың бес негізгі бағытын тең дамытуды көздейді. Бұл – Орталық – Солтүстік, Орталық-Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Орталық – Батыс және Алматы – Шығыс автожол жобалары. «2015-2016 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру басталғаннан бері республикалық маңызы бар 2 мың шақырым автокөлік жолы салынып, қайта жаңартылуда. Оның ішінде 1,3 мың шақырым жол 1 және 2 техникалық санат параметрлері бойынша пайдалануға берілді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі, Астана – Теміртау, Алматы – Қапшағай, Көкшетау –Петропавл учаскелері толығымен аяқталды», деді комитет өкілі.
Барлық жобалар бойынша жұмысқа 75 мың адам тартылған, отандық өндірушілер материалдарының үлесі 93 пайызды құрапты. Амангелді Бековтің айтуынша, бағдарлама аясында жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 85 пайызға жеткен. Биыл Орталық – Оңтүстік, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Ақтөбе – Атырау, Қапшағай – Талдықорған, Астана – Петропавл және Орал – Каменка жобаларының құрылыс жұмыстары жалғасты. Олардың жалпы ұзақтығы – 1,2 мың шақырым. Сонымен қатар ұзақтығы 2,5 мың шақырым болатын Қандыағаш – Мақат, Жетібай – Жаңаөзен, Құрты – Бурылбайтал, Талдықорған – Өскемен, Меркі – Бурылбайтал, Калбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Таскескен – Бақты, Осинов асуы, Щучье – Зеренді жаңа жобаларын іске асыру басталды. Жыл аяғына дейін жалпы ұзақтығы 0,7 мың шақырымды құрайтын Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахань, Ұзынағаш – Отар, Астана қаласының Оңтүстік – Батыс айналма жолы, Қостанай – Денисовка айналмалы жолы жобалары бойынша шарттарды бекіту және дайындық жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Бұл жобалардың арқасында шамамен 9 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ.
«Қазіргі уақытта жалпы ұзақтығы 174 шақырым болатын Астана – Теміртау және Алматы – Қапшағай жол учаскелерінде ақылы жүйе мен зияткерлік көлік жүйесін салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл жыл аяғына дейін жүйені тәжірибелік пайдалану бағытында іске қосу жоспарлануда», деді баспасөз мәслихатында «Қазавтожол» ҰК» АҚ бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Рустам Исаев.
Ағымдағы жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша, ақылы жолдан жиналған қаржы 1 млрд теңгені құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4 пайызға артық.
Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»