Бүкіл адамзат тарихы бірігу мен бөлінуден тұрады десек, көп қателесе қоймаспыз. Бөліну – өңірлер халықтарының басына қашан да болсын ауыр қасіреттерін әкелген. Ал бірігу – олардың қуаттарына қуат қосқан.
Ал Еуразия кеңістігінің орта тұсындағы халықтардың басын қайта бір қосқан Кеңес Одағының ғұмыры қысқа болғандығы бәрімізге белгілі. Бірақ соның өзінде әртүрлі мақсаттағы, даму деңгейі әртүрлі халықтардан басын құрап, қысқа мерзімнің өзінде оларды суша сапырған үдерістерді туындатқан бұл саяси алып құрылымның Қазақстанды экономикалық тұрғыдан күшейтіп, көзін ашып, сауаттандырып кеткендігін ешкім жоққа шығара қоймас.
Кеңес Одағы құлағаннан кейін өңірдегі халықтарды қайта қоғамдастыру үдерісінің белең ала бастағандығы белгілі. Өз тәуелсіздігін ту етіп көтерген Қазақстан мұндай экономикалық интеграциялық үдерістердің ешқайсысынан бас тартқан емес. Қайта солардың біразының бастамашысы болып келеді. Өйткені ата-бабадан мұра болып келе жатқан байтақ өлкеміздің ресурстық әлеуетін ашу бізге көптеген артықшылықтар беріп, жедел дамуымызға септестігін тигізбек. Қысқасын айтқанда, шикізатқа бай Қазақстанға үлкен тұтыну рыноктары қажет болып отыр.
Адамзатқа экономикалық тұрғыдан интеграцияланудың соңғы үлгісін Батыс Еуропа елдерінің көрсеткені белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Еуропа одағын місе тұтпаған бұл өңірдің халқы ірі мемлекеттер Германия мен Францияның тізе қосып, күш салуымен ортақ валютамен жұмыс істейтін еуроаймақ қалыптастырды. Қысқасы, біз бөлініп жатқанда, олар бірігіп жатты.
Бәрі де дұрыс бағытта өрбіп келе жатқан секілді еді, Еуропа одағы елдеріне алдымен жолыққан сын мұнай мен газ бағасының күрт көтерілуі түрінде кездесті. Мұнай бағасы 140 долларға дейін көтерілген тұста көліктің бәрі бензинмен жүретін, үйдің бәрі газбен жылитын, бірақ өздерінің бұл тұрғыдағы табиғи ресурстары тым шектеулі кәрі құрлық елдерінің экономикасы алғаш рет сыр берді. Мұның өзі артынша ауыр соққан экономикалық дағдарысқа ұласты да, шаңырағы жаңа көтерілген ортақ үй – еуроаймақ ішінен дау шықты. Бір ұлттың екінші ұлтқа масыл болмақ ыңғайы бар екендігі сезіліп қалды. Бірақ қазіргі өркениет көшін бастап келе жатқан елдер болғандықтан, мұның да ыңғайын тапқан секілді еді. Банкротқа ұшырай жаздаған елдерге аямай көмек ұсынып, екінші жағынан сондай елдердегі халыққа жасалатын әлеуметтік көмек түрлерін қатаң шектеу саясатын жүзеге асыра отырып, жасыл энергетикаға қарай күрт бет түзеді. Міне осы тұста мұнай мен газ бағасы да төмендеп, мамыражай шақтың шеті көріне бастады.
Бірақ «жұт жеті ағайынды» деген рас екен, әлде бұл кезінде жасалынған күнәнің бумеранг түрінде қайта оралып иесін табуы ма екен, қиындықтан енді ес жинай бастаған Еуропа елдері қазіргі жаһандану үдерісінің ықпалымен кезінде өздері отарлаған Африка елдерінің босқын халықтарының тасқынына тап болды. Еуропаның көптеген елдерінде мигранттар оқиғасы күрт белең алды. Бұған құрлықтың негізгі тірек елдері болып тұрған еңбекшіл Германия, мәдениетшіл Франция төзіп бақты. Бірақ аристократ Англия іргесін бірден аулақ салды. Англия одақтан шығып кетті. Оны айтасыз, кезіндегі отарлау саясатын алғашқы болып бастап, осыдан мол байлыққа кенелуінің арқасында Еуропаға үстемдігін жүргізбек болған, қазіргі күні өз бетімен тірлік кешіп жатқан Испанияның ішінен шу шығып, ең бай провинциясы Каталония бөлінеміз деп отыр.
Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер Англиясыз Еуропа одағындағы оқиғалар алдағы уақытта бес түрлі сценарий бойынша өрбуі мүмкін екендігін айтып отыр. Соның біріншісі – қазіргі интеграциялану бағыты сақталып, ЕО-да қалатын 27 ел баяғыша бірлесіп жұмыс істей беретін болады. Алайда Юнкердің пікірінше, көші-қон дағдарысының кесірінен ЕО-да алауыздық туындап, мемлекеттердің бірлігі бұзылуы мүмкін.
Екінші сценарий бойынша Еуропалық одақ басшылығы интеграциялық саяси мәселелерді ысырып қойып, алдымен ЕО-ның ішкі нарығын дамытуға күш салуы керек. Алайда ЕО Юнкердің пікірінше, бірлескен сауданы дамытуға ең әуелі құрлықтағы ресурстар тапшылығы қолбайлау тудыратын болады.
Үшінші сценарий бойынша әр ел өзінше даму бағытын ұстайтын болады. Бірақ мұның да сұрқылтайы бар. Әркім өзінің шамасымен өмір сүрген жағдайда ЕО елдерінің ішіндегі мемлекеттер бірнеше топқа жіктеліп кетуі мүмкін. Сарапшылар мұндай жағдайда ЕО-ның болашағы бұлыңғыр екендігін айтып отыр.
Төртінші сценарийдің ерекшелігі салаларды бөліп алуға келіп тіреледі. Мұндай жағдайда ЕО елдері аз шығын жұмсай отырып, жоғары тиімділікке қол жеткізе алған болар еді. «Бірақ әр мемлекет өзінің басым салаларын бөліп алғанда, қорғаныс пен шекара мәселесі зардап шегуі мүмкін екені жоққа шығарылмайды», дейді Юнкер.
Бесінші сценарий «Еуропалық одаққа жақсы нәрсенің бәрі барлық мемлекет үшін жақсы» деген ұран аясында өрбуі мүмкін. Яғни ЕО елдері тізе қоса отырып ЕО-ның қуатын әлем бойынша арттыруға күш салатын болады. «Дегенмен, мұндай жағдайда ЕО-ға сенімсіздікпен қарайтын мемлекеттердің кері реакциясы пайда болып, ұлттық биліктің әлсіреуі туралы пікірлер қылаң беруі мүмкін», деп топшылайды ЕО басшысы.
Қысқасын айтқанда, ЕО-ның болашағы жарқын екендігін білдіретін 100 пайыздық сценарий болмай отыр. Оның үстіне, әлемдік қаржы жүйесіндегі қазіргі келеңсіздіктерден қайта туындауы мүмкін экономикалық дағдарыстар адамдардың барлығына бірдей бақуатты тұрмыс мүмкіндіктерін бергенімен, жедел қартайып келе жатқан, оның үстіне тұрмысқа қажетті негізгі табиғи ресурстар тапшылығына ұрынып отырған Еуропаға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл да әлі басы ашылмаған мәселе.
Көптеген сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта Еуропаны екі мәселе жүдетіп тұр. Оның біріншісі – тұтыну нарығының қабілеті зор Еуропада табиғи шикізат ресурстарының тапшы бола бастауы. Екіншісі – өзіндік еңбек күштерінің қартаюы. Міне сондықтан да кәрі құрлық елдері АҚШ-тың экономикалық қуатына арқа тірегенімен, екінші жақтан алғанда табиғи ресурстарға бай Ресейге жалтақтай қарауға мәжбүр. Африка мен Азия елдерінен толқындай ағып келіп жатқан босқындар проблемасына кеңқолтық қабақ танытуының өзі де осыдан туындап жатуы мүмкін. Ал біздің азиялық өңірде жағдай бұған қарағанда басқаша өрбуде. Батыс елдерінің өзіне қатысты санкциялық саясатынан қысым көрген Ресей соңғы жылдары Азияға қарай бет бұрды. Мұнай мен газға бай Таяу Шығыс елдерінің Ресеймен табиғи ресурстардың бағасы жөніндегі мұңы бірдей болып шықты. Бұл фактор Ресей мен Таяу Шығыс елдерінің арасын жақындастыра түсуге жол ашып отыр.
Екінші жағынан келсек, ғасырлық ұйқыдан қайта оянған алып Қытайдың бейнесінде Азияда аса қуатты экономикалық орталық пайда болып үлгерді. Оның тұрмысы мен тұтынушылық мүмкіндіктерінің жылдан жылға қарқындай өсуі әлемің көптеген елдерінің Қытайға қарай тартылу үдерісін туындатуда.
Осы ретте сарапшылар Қытайды қоса қамтитын Шанхай ынтымақтастық ұйымының елдерді біріктірушілік әлеуетіне үлкен үміт артуда. Осыны растағандай, үстіміздегі жылдың маусым айында өткен осы ұйымның бірлескен отырысында ШЫҰ-ның еркін сауда аймағы құрылуы мүмкін екендігі айтылып қалды.
Екінші жағынан алғанда, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы ХХІ ғасырдың ең ірі жобаларының бірі ретінде алдағы уақытта әлемнің көптеген елдерін экономикалық тұрғыдан біріктіруі мүмкін екендігін сарапшылардың ешқайсысы жоққа шығармайды. Былайша айтқанда, бұл жобаның идеологиясы қазірдің өзінде айқын болып отыр: Қытайдан бастап, аралық елдерді көктей өтіп барып, Еуропаны қамтитын, одан әрі басқа құрылықтарға шығатын аса ірі транзиттік сауда жолы ашылмақ. Бұл көне Жібек жолы жаңа қырынан қайта оянады деген сөз. Мұндай сауда жолының пайда болуы жол бойындағы елдердің бәріне пайдалы болып шығуы тиіс. Қысқасы, жоба нақты бір тиімді экономикалық негізге сүйеніп отыр және оның тартымды болатыны да осыдан.
Әрине әлемдік алыс-берістің дұрыс қалыптасуы және болашағы жарқын болуы үшін Азияға мығым да гүлденген Еуропа қажет. Ондағы елдер бірігіп дами ма, жоқ әлде бөлініп дами ма, бұл олардың өздерінің шаруасы, бірақ ғасырлар бойы өркениет тұғыры, ғылым мен мәдениет бесігі болып келе жатқан табиғаты жаңға жайлы құрлықтың алдағы уақытта мығым тұтынушылық рынок ретінде сақталуына әлемнің барлық елдері де мүдделі деп айтуға болады.
Сонымен сайып келгенде айтарымыз, Еуропаның бұрынғыдай өз бетімен дами беруге күші қалмай барады. Бұл жағдай еуропалықтардың ендігі кезекте серпінді дами бастаған азиялықтарға шекесінен шірене қарайтын саясатын шектеу қажеттігін көрсетіп отыр. Екінші жақтан алып қарағанда, бүкіл адамзат қауымында Еуропаны мамыражай тіршіліктің ортақ үйі ретінде қабылдайтын ұғым қалыптасып келеді. Әлемнің көптеген саясаткерлері Еуропа елдерінің қазіргі ұстанып отырған бағыты – ұжымшылдық рухы мен әлеуметтік мәмілегерлігін адамзатты болашаққа неғұрлым қауіпсіз бастайтын жол ретінде бағалауда. Осының барлығы қосыла келіп, еуразиялық идеяның болашағы жарқын екендігін көрсетеді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»