Еліміздің өңірлерінде өткен барлық дерлік кездесулерде тұрғындар және жергілікті атқарушы билік өкілдері коммуналдық кәсіпорындардың жұмыстарын өте қанағаттанарлықсыз деп атап жатады. Елді мекендердің тазартқыш құрылыстары да жұртшылық пен экологтардың ерекше алаңдаушылығын туғызуда.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы тазартқыш құрылыстары өткен ғасырдың 50-жылдарындағы технологияны пайдаланады. Мамандардың бағалауы бойынша, кәріз желілері мен тікелей тазартқыш құрылыстардың тозуы кемінде 60%, ал кейбір қалаларда ол 100%-ға жеткен. Мәселен, Қызылорда облысында бұл көрсеткіш 70%-ды, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 75%-ды, Қарағанды облысында 80%-ды құрайды. Шахтинск қаласындағы жүйелер мен құрылыстардың жабдықтары технологиялық ресурсын тауысқан және т.б.
Тозығы жеткен тазартқыш құрылыстары қоршаған су объектілері мен жер учаскелерін ластаудың ірі ошақтары болып табылады. Бұл қоршаған ортаға, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне, халықтың денсаулығына теріс ықпал етеді.
Республикадағы санитарлық-эпидемиологиялық күрделі жағдай ластанған су факторының халықтың науқастануына тигізетін тікелей және жанама ықпалын дәлелдеп отыр. Еліміздегі аурулардың жалпы санының едәуір бөлігін құрайтын жұқпалы және паразиттік, несеп-жыныс жүйесінің және ас қорыту ауруларымен науқастанудың жоғары деңгейі судың сапасыздығына байланысты.
Жергілікті әкімдіктердің қолданыстағы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде қабылдап жатқан шараларының тиімділігі төмен, өйткені, олар технологиялық және моральдық тұрғыдан ескірген жабдықтың жұмыс істеуін қолдауға бағытталған, ал жаңа құрылыстарды салу мен қазіргі заманғы технологияларды пайдалану ескерілмейді.
Соның ішінде сарқынды сулар проблемасын шешуге де ешкім назар аудармайды. Ал сарқынды сулар тиімділікпен пайдаланылса энергияның, қоректік заттар мен басқа да пайдалы жанама өнімдердің тұрақты әрі экономикалық пайдалы көзі болуы мүмкін. Өйткені теңізге шығу жолдары және ірі су объектілері жоқ Қазақстан үшін су ресурстарын ұтымды пайдалану проблемасы өте өзекті екені белгілі.
Осы мәселелерді көрсете отырып, біз Энергетика министрі Қ.Бозымбаев пен Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбекке депутаттық сауал жолдап, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдаланудың бүгінгі бағыты табиғи ресурстарды басқарудың түбегейлі жаңа жүйесін енгізуді көздейтінін айттық және мына ақпараттарды беруді сұрадық:
1) Үкімет экологиялық заңнаманың бұзушылықтарын жою және өңірлердегі коммуналдық кәсіпорындардың тазартқыш құрылыстарын техникалық және технологиялық тұрғыдан жаңғыртуды қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?
2) Еліміздің стратегиялық құжаттарында басым бағыт ретінде айқындалған табиғи ресурстарды басқарудың жүйесін енгізу мәселесі қалай шешілуде?
Арман ҚОЖАХМЕТОВ,
Мәжіліс депутаты