БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Конвенциясының талабына сәйкес, бас еркінен айырылған мүгедектердің адами құқықтарының сақталуына басқалармен бірдей кепілдік беріледі, соның ішінде олардың еңбегін мүмкіндігінше қолдану да қарастырылған. Бүгінгі таңда Қазақстанда қамаудағылардың 2 пайыздан астамы, яғни 744 мүгедек әртүрлі қылмыстары үшін бас еркінен айырылып, қамақта отыр.
Ақмола облысындағы Гранитный кентінде орналасқан 166/25 қамақ мекемесінде болғанымызда мүгедектердің жағдайы сын көтермейтіндігіне көзіміз жетті. Алғашқы ұсталу сәтінен бастап қылмыстық жазасын өтейтін орынға жеткізілгенге дейін олардың құқы бұзылады екен. Негізгі мәселе олардың медициналық көмекті ала алмауына байланысты болып отыр. Маман дәрігерлердің болмауы себебінен және қажетті дәрі-дәрмектің жетіспеуінен олардың жағдайы нашарлай түседі.
Сондықтан біз Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдап, төмендегі шараларды атқаруды ұсындық:
1.Бас еркінен айыру мекемелерінде нормативтік және регламенттік құжаттармен мүгедектердің арнайы мәртебесі анықталуы керек;
2.Осы орындарда мүгедектердің еркін қозғалуы мен жүріс-тұрысына мүмкіндік беретін пандустар, санитарлық-гигиеналық орындар қамтамасыз етілсін;
3.Медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмектер жасау мүмкіндігі қарастырылсын;
4. Қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып мекемелердің қызметкерлерін мүгедектермен жұмыс істеу әдісіне үйрету керек;
5. Сотталған мүгедектерді тасымалдау үшін арнаулы көлік құралын пайдалану қажет. Мүгедектер де біздің қоғамымыздың мүшелері, олар ертең ортамызға оралғанда өздерінің адами құқықтары тапталғандығы себепті кектеніп, ашу-ызамен оралмауы керек. Ал олардың арасында қасақана жасалмаған, болмашы қылмыспен жазаға тартылғандар көп. Сондықтан олардың болашағын ойлау қоғам мүшелерінің міндеті.
Жанат ОМАРБЕКОВА,
Мәжіліс депутаты