• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 20 Қараша, 2017

Шекара маңының жалаңаштанбауы маңызды

466 рет
көрсетілді

Сенатор Дүйсенғазы Мусиннің шекаралық аудандар мәселесіне көңіл аударып, ондағы әлеуметтік-тұрмыстық мәселелердің шешілуі қажеттігі туралы мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған еді («Шекара маңы жалаңаштанбасын десек».., «ЕҚ»., 23.10.17 жыл). 

Онда сенатор еліміздегі 168 ауданның 79-ы шекара маңында орналасқанын және бұларда қоныстанған халықтың үлесі барлық республика халқының 31­ пайызы екенін атап өтіп, ондағы жұ­мыссыздық пен тұр­мыстық ахуал­ осы аумақтардағы бір­шама елді ме­­­кен­дердің бос қалуына соқ­тырып отырғанын, мұның өзі елдің қауіп­сіздігіне нұқсан келтіретінін атаған.

Осы мәселелерді айта келіп, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолдаған сауалында ол: «қалыптасқан жағ­дайды өзгерту үшін «шекара маңы­ аудандары мәртебесін» заңнама түрінде бекітіп, шекарамен шектес аудандардың ерекшеліктерін ескеретін санаттық градацияларға негізделген кешенді бағдарлама жасалуы керектігін» жеткізген.

Ұсыныста бюджет қызметкерлерінің жалақысы 25 пайыздан 75 пайызға дейін, бала туғанда берілетін бір реттік әлеуметтік көмек 1 млн теңгеге дейін және т.б. жеңілдіктер түрлерінің артуы керектігі атап көрсетілген екен.­ Сондай-ақ сенатор темір жол қаты­насы дамымаған Шығыс Қазақстан облы­сының Қатонқарағай, Күршім, Үржар, Тарбағатай, Зайсан, Алматы облысының Райымбек аудандарының тұрғындары қыс айларында автомобиль жолдары жабылып қалатындықтан Үкіметтің қолдауына зәру болатынын айтқан. 

Осы сауалға жуырда Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың атынан жауап келді. Онда былай делінген: «Қазіргі уақытта шекара маңындағы елді мек­ен­­дер­ді дамыту жөніндегі шаралар «Өңір­лер­ді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» (2014 ж) шеңберінде, оның ішінде шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымы мен экономикасын дамыту және жайластыру, әкімшілік маңыздылығын арттыру және перс­пек­тивалы елді мекендерді айқындау бө­лігінде көзделген.

Бағдарламаға сәйкес шекара маңындағы аумақтарға Мемлекеттік шекарадан 50 шақырымға дейінгі арақашықтықта орналасқан әкімшілік-аумақтық құрылымдардың және елді мекендердің аумақтары жатады. Тұтастай алғанда онда 1,6 млн адам тұратын 1284 ауыл бар. Шекара маңындағы ауылдардың 59%-ы орта­лық­тандырылған ауызсумен жаб­дықталған, 72%-ы аудан орталығына дейін қатты жамылғысы бар жолдармен, 30%-ы табиғи газбен қамтылған, барлық ауылдар электрмен және телефонмен қамтамасыз етілген. 

Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аудандарды дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған шаралар кешені 1485 іс-шараны іске асыруды көздеген. Қаржыландырудың барлық көздерінен 124 млрд теңге бөлінген. Олар шекара маңындағы аудандардың экономикасын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша – 319, әлеуметтік және инженерлік бойынша – 894, көлік-логистикалық бойынша – 171, туристік инфрақұрылымдар бо­йынша – 35, мемлекеттік шекарадан өту орындарын жайластыру бойынша – 13 іс-шараларды қамтуға мүмкіндік берді. 

Шекара маңындағы елді мекендерді дамыту бойынша қосымша шараларды әзірлеу үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының басшылығымен Үкімет жанынан жұмыс тобы құрылды. Оның жұмысының нәтижелері бойынша шекара маңындағы аумақтарды дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда Алматы облысының Райымбек ауданын қалпына келтіру, халықты ерікті түрде шекара маңындағы аумақтарға кө­шуге ынталандыру, байланыс қыз­мет­­терімен қамтамасыз ету, туристік қыз­меттерді, кәсіпкерлікті, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды, ша­ғын авиацияны және шекарадан өткізу пункт­терін дамыту бойынша шараларды іс­ке асыру көзделген.

Бұдан басқа, іс-шаралар жоспарына шекара маңындағы елді мекендердегі ең маңызды 49 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру енгізілген, бұл жобалардың іске асырылуына 285,5 млрд теңге жұмсау жоспарлануда. Жалпы, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында және қабылданған іс-шаралар жоспарларында бекітілген шаралардың іске асырылуы шекара маңындағы елді мекендер халқының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді және олар­дың қарқынды әлеуметтік-эко­номикалық дамуына өз үлесін қосады деп пайымдаймыз.

Сонымен бірге адам өмірін жақсартуға бағытталған жаңа бастамалар енгізілуде. Мәселен, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап бала тууына байланысты берілетін бір жолғы жәрдемақының көлемі 20%-ға өсті. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік шарт жасау жүйесіне негізделген атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіледі».

Ал сенатордың осы өңірлерге «шекара маңы аудандарының тұрғыны» арнайы мәртебесін беріп, оларды айрықша ын­таландыру, бюджет қызметкерлерінің жалақысын 25-тен 75%-ға, бала туғанда берілетін бір реттік жөргекпұлды 1 млн теңгеге дейін арттыру және т.б. нақты ұсыныстары ескерусіз қалып, жалпы берілетін жеңілдіктерді санамалап шығумен тәмам болыпты. Мұндай «ынталандырумен» халықты шекара аумағында ұстап қалудың қиын екені көрініп тұр.  

Дайындаған  Жақсыбай САМРАТ,  «Егемен Қазақстан»