• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қараша, 2017

Бозжайнақ болмыс

783 рет
көрсетілді

Ол өзі о бастан Құдай жолын оң­ғар­ған­­­ ­­жұлдызды жан еді.

Академик Қабдоловты айтамыз.

Нанбасаңыз осы ойымызды нақты мы­салдармен нақыштап көрелік.

Орта мектепте оған әдебиет пә­нінен та­ланты тасыған тал бойында «жа­ман­ жаза алмайтын, жалғыз ғана міні бар»  Алаштың ақтаңгер ақыны Хамит Ерға­лиев сабақ береді.

Адасып барып Алматының Тау-кен инс­титутына оқуға түс­се, ғұлама ға­лым­ техника саласын тезге салып қана қой­­­май, әде­­биеттің де ауылына ат ар­қан­­даған ақиық, аударманың көр­некті ше­бері, физика мен лириканы өзі шомылып өскен Есіл-Нұра өзендеріндей егіз өрген Евней Бөкетовпен курстас болады.

Аңсары әбден ауған Әуезов лекция­сын тыңдау үшін университетке келген күні-ақ ұлы жазушымен танысқаны тақиясына тар келгендей, үйіне барып қымыз ішеді.

Тай кезінен жүйріктігі та­ны­лып,­ ас­қар таудай Мұқаң­ның сү­йікті шәкір­тіне айналды.

«Адамзаттың Айтматовы» атын атап, «Қызыл алмадай» тар­тым­ды туындысын арнады.

Алатау баурайындағы әсем Ал­­­ма­ты­дан Арқа төсіндегі жа­ңа астанамызға аттанып бара жат­­­қан Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевқа ағынан жарылып, ақ­ ба­тасын берді.

...Білгенге бұл екінің біріне бұйыра бер­мейтін бақыт.

Таңғажайып тағдыр!

* * *

 Зерделі Зекең ҚазМҰУ-дің бір­неше буын студенттеріне әде­­биет теория­сынан дәріс оқы­ғаны белгілі. Бірақ бұл бұлжымас дәс­түр біздің тұсы­мызда бұ­зылды. Қа­лам ұстаған талай талапкер­ге сөз өнерінің қыр-сырын үй­реткен тарланбоз сәл-пәл тыныс­ алмақ ой­мен өз орнын уақыт­ша атақ­ты ақын інісі Қадыр Мыр­­за­лиев­ке ұсынған екен. Ақыл­ды­ поэзияның ардағы абзал аға­сының артқан сенімін ар­ты­ғымен ақтады. Оқыған-тоқы­ғаны мол сұңғы­ланың телегей теңіз білімі тыңдау­шы­сын тереңіне батырып әке­тетін.

Қадірі бөлек Қабдоловты уни­­вер­ситеттегі әдеби-мәдени кеш­терде, ақын-жазушылармен кездесулерде жиі көріп жүрдік. Жазық маңдайы жарқырап, жар­қын жүзі жадырап сол жиындарда сөлін тамызып сөй­леген сөздеріне еріксіз елі­тіп, сүйсі­не­тінбіз. Қазақтың қа­ра ті­ліне жүйріктігіне қайран қа­­латынбыз. Тап­­қырлығына таң­дай қағып, бас шай­қай­тынбыз. Құлаққа жағымды қо­ңыр даусымен ауди­торияны билеп-төс­теп, баурап алатын. Әңгіме арасында айтылатын әзіл-қалжыңдары қандай! Көз­деген нысанасына дөп тиіп жататын. Өзі­нің жазғаны бар емес пе «Шешендік – кей­біреулердің ұғымындай әшейін ширақ сөйлеу, құрғақ пысықтық жасау емес. Шешендік шексіз білімнен, терең ойдан, шалқар шабыттан, шалқыған сыр мен сезімнен туа­ды», деп. Ат басындай алтынға айырбас­тап ала алмастай мұндай асыл қа­сиет­тердің барлығы жоға­ры­­­дағы жолдар авторының өз бо­йы­нан молынан табылатын. Оның орнымен айтатын ой-пі­кірлері көпшіліктің көкейіне қона кететін. Қанатты тіркеске ай­нал­ғандары қаншама?!

Кейбірін келтіре кетейік.

«Әуезовтің әр лекциясы – бір-­бір оқу­лық, бар лекциясы – ұлан­ғайыр ұлы мек­теп».

«Ұстаздық ету – өзіңнің уақы­тыңды аямау, өзгенің бақытын ая­лау».

«Талант қайда болса, табынушылар сонда...»

«Көп біліп, дөп сөйлеген – ше­шен, аз біліп, көп сөйлеген – мылжың».

«Талант – тумыстан».

«Ұлтсыздық – имансыздық­тан».

«Талант – еңбек!»

«...Жаза білу – жазғаныңды сы­ға білу. Шеберлік, шебер­ліктен туатын шедевр (көркем­діктің көкесі) осы әрекеттің ас­тында жатыр».

«Әдебиет – ардың ісі. Ал әде­­биетшіні ар ісінің азабынан құтқару мүмкін емес».

«...Тіршілік жолы – бұра­лаң, тағдыр жолы – шырғалаң».

«Ұлы әдебиетті ұлы шындық туғы­зады».

«Мүсіреповті мақтаудың ке­ре­гі жоқ, Мүсіреповпен мақтану керек».

«Дарынды қаламгер әдеби шы­­ғар­маны жазады, дарынсыз қаламгер жасайды».

Әрі қарай жалғастыра берсек, дег­дардың дегендері, асыл қа­зынадай афо­ризмдері жетіп-артылады.

...Қабдоловтан сөз қалған ба?!

­­* * *

Қасиет қонған Қабдоловты қа­лам мен қағазға үйір қылған қандай күш? Бәл­кім, тау-кен инс­титутын тастама­ғаны­н­да мық­ты металлург болар ма еді, кім біл­сін! Қазақ руханиятының ба­ғына қа­­рай тағдыры басқа арнаға тарт­ты.

Кіндік қаны Атыраудай кие­лі өлкеде тамған өршіл өрен қар­шадайынан кеудесі алтын сан­дық көшелі қариялардың алдарында отырып, арыдан жеткен аңыз-ертегілерді көп тыңдады. Ауы­лы­ның ірге­сіндегі көне тарих көм­­беле­рін­ көріп өсті. Тұлпар мі­ніп, өту ұстаған Махамбет пен­ Мұрат­тың жалынды жырла­рын жаттап, Құрманғазы күй­лерінің құдіретті сарынын санасына сіңірді. Осының бәрі оның әде­биетке құштарлығын оятты. Өз жанынан өлең шығаруға жете­лейді. Тіпті он бес жасында ойда жоқта Доссордағы мұнайшылар клубында өткен ақындар айтысына да қатысып, қанжыға майлады. Бір қызығы бұл бәйгеде, сондай-ақ болашақ қаламгер Берқайыр Аманшин деп бақ сынаған көрінеді.

Жүрек түкпірінде аяла­ған ақ­жолтай арманы ақыры оны Әуе­зовтей әулиеге жолық­тырды. Ке­йін ұлы ұстазын ұлық­таған ро­ман-эссесінде «Бұл – мен үшін ата­мның атынан кейінгі ыстық атау» деп дәріп­теген КазГУ-дің қара шаңы­рағына алып келді.

...Арманы алдамапты. Қалам қуа­ты арқасында қатарынан қара үзіп, хал­қының қалтқысыз сый-құр­метіне бөленді. Акаде­мик, Халық жазушысы, Мем­лекет­тік сыйлықтың лауреаты, тағысын тағылар...

Бір адамның басына жететін атақ-абырой дегеніңіз, сірә осын­дай-ақ болар.

* * *

Зиялы Зекең замандаста­ры­ның зер­десінде жақсылықты жарнамалаудан жалықпаған, сұлулықты құлай сүйген боз­жайнақ болмыс иесі ретінде қа­лары анық. Ол жайында жазыл­ған естеліктерді оқы­саңыз, бұған оңай­ көз жет­кізесіз. Тә­лі­мін көр­ген тәр­бие­лі­ шәкірт­тері ғы­лы­ми же­тек­ші­лерінің ғибратқа то­лы­ үлгі-өне­гесін емірене ес­ке алады.­ Мар­ғас­қаның ма­ңа­йында­ғылар­ды мақ­­­тап-мадақ­тауға ғана жарал­ған­дай тіл-жа­ғы­нан жаман сөз шық­пайтын.

Айналасындағы «айналайын­дарын» ардақтауға келгенде ал­­­дына жан салмайтын еді-ау, жа­рық­тығым!

Бірде маған ақмылтық журналист Жанболат Аупбаев Зекеңнің кісілігі мен кішілігін дәлелдейтін мынандай дерек айтқан-тұғын.

– Әлі есімде, журфакқа түс­кен жылы ол кісінің «Әде­биет­ тео­риясының негіздері» ат­­ты зерт­­теу кітабы жарық көр­­­­ді. Бә­ріміз таласа-тармаса­ оқы­­дық. Содан ұс­тазымыз Аб­дулхамит Мархабаев менен осы кітап жөнінде рецензия жазуымды өтінді. Ағайдың тапсырмасын жерге тас­тау­ды жөнсіз санағандықтан, кө­ңіл­­­­жықпастықпен келі­се сал­ғаныммен қат­ты қинал­ға­нымды қайтерсің. Өзім бі­рінші курс­та ғана оқитын сары ауыз балапан санатындамын. Не жазам? Білмеймін. Әйтеуір әупірімдеп бірдеңе түрткендей болдым. Мақалам 1970 жылдың жазында Алматы облыстық «Жетісу» га­зетінде «Жылдар жемісі» де­ген тақырыппен жарияланды. Содан арада жылжып он төрт жыл өткенде профессор Тау­ман Амандосов Зекеңмен таныстырды. «Ой, сыртыңнан білемін, сен­ менің рецензентімсің ғой»­ демесі бар ма, әлгі арада­ әй­гі­лі ғалымның. Жадының мық­ты­лығын көр­мейсің бе, өзіне қа­тысты кіш­кене ғана дүниені үл­кен басымен ұмытпаған. Алатау­дай ағамыздың алқа­лап ар­қам­нан қаққанына ыңғай­сызда­ныңқырап қалғанымды жасырмаймын. Одан кейін екі-үш рет ұшырасқанымда да жайсаң жан әдеттегідей жай­раңдап, бауырына тарт­қа­нын қай­тіп ұмытайын?

Жәкеңнің жылылыққа толы­ лепе­сінен түйген қорытын­ды­­мыз: тегінде тектіліктің бір­­­ ­төркіні қанға сіңген қара­па­­­йым­­­­дылық болса керек.

* * *

Зейнолла Қабдолов – өзінің шығар­машылық еңбектерінде көзі қарақты оқырманның кө­ңілін көк жайлауға қондырар көркемдіктің небір үздік үл­гі­­лерін көрсете білген сөз зер­гері. Әде­биеттің эстетикалық дәрежесін арттыруға аянбай атсалысты. Өнердің өзегі өміршең сұлулық екенін ұдайы назарда ұстады. Сондықтан да ардың ісіне балаған аппақ әлемін кір­летпеуге тырысты. Қалаған та­қы­рыптарын талғап қаузады.

«Мен бүгінде мәселен, аз жаза­мын.

Неге?

Өзіме өзім қоятын талабым қатал!

Төпелеп көп жазатындарды ұнатпай­мын. Графомандар!»

Талғамы жоғары таланттың шы­ғар­машылық ұстанымы осын­­­дай болатын. Абыз шығар­ма­шылықтағы адал жолынан айны­май өмірден өтті.

* * *

Бізде бір «қызық» дәстүр қа­­лып­тасқан. Еліне еңбегі сің­ген ерек тұлғалар туралы ме­рей­той­лық мезірет мақалала­рын ке­йіп­кермен кезінде бірге жүріп, біте қайнасқан, ең бастысы аты-жөнін жұрт білетін, қоғамда сал­мағы бар аса­ танымал адамдар ғана жазу керек сияқ­ты.

«Сырттан» сыналап кірген біз­ді бәзбіреулер «Қабдоловқа не қатысы бар»,  деген сыңайда «сөз» қылуы да мүмкін-ау. А, бәлкім, ешкім «елей» қоймас...

Рас, мен Қабдоловтың қа­сын­­да жүр­ге­нім жоқ.

Ауылдасы да, аталасы да емес­­пін...

Аспиранты болмадым.

Қысқасы, Зекеңді артта қал­дырған асыл мұралары арқылы ғана білемін.

Бірақ дарқан дарынның дас­тарқа­нынан дәм таттым. Бұдан біраз бұрын әлдеқалай себептер­мен Алматыға жолымыз түс­кен­­де ұстазының орнын жоқ­тат­­­пай отырған Сәуле апайға сәлем бе­ре барған Бауыржан Ома­­­ров досыма еріп, академик үйі­­­нің табалдырығынан аттадым. Апай­ды ортаға ала отырып шай­ іш­тік. Үстел үстін жайнатып жіберген Алматының алмасына жаудай тигеніміз жадымда жиі­ жаңғырады. Сол сәтте, әри­не, Шың­ғыстай шоң классиктің «Қы­зыл алмасы» ойымызға орал­ған...

...Қалай болғанда да мен өз пайым­дауымдағы Қабдоловтың бейнесін қа­лып­тауға тырысып бақтым.

* * *

...Алматыдан ақ жол ті­леп Елбасын аттандырған Ас­танада Қабдолов атын­дағы көше жоқ. Өкінішті-ақ! Осы ол­қылықтың орнын толтырудың орайы оның осынау тоқсан жылдық тойының тұ­сында келіп тұрғандай...

Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»