• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 21 Қараша, 2017

Туристерді төрге шығарған ел

561 рет
көрсетілді

Халқымыздың «Бөрі азығы жолда» дегеніндей, журналист үшін де жол жүрудің ерекше мәні бар. Ел көріп, жер танып, түрлі адамдармен жүздесіп, ой қорытқан сайын дүниетанымың кеңейіп, өзгелерді өзіңде бармен салыстыруға тырысасың. «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында» айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін де басқа елдердің тәжірибесін зерделеу керек-ақ. Біздің мақаламыз да осындай мақсатпен жазылды.

Тақталы тастар

Жағалауындағы аппақ құмы мақпалдай табаныңды майда өбетін Белектей емес, Кемер жағалауы тастақты болғанымен таби­ғаты өте әсем. Тақта-тақта болып жақ­­пар­­ланып жат­­­қан тау-тасқа шаншыла түсіп, өршелене ұм­­тыл­­­ған сан түрлі ағаш онсыз да сұлу табиғат­­ты түрлендіріп, ол ай­ды­ны шалқар Ақ те­ңіз­­бен ас­тасқанда маңа­йың­дағы ғажайып көрі­ніс жа­ныңа жайлы жағатын, сәулелі шуақ төккендей.

Түріктердің туристерге қызмет көрсетуді әд­бен жолға қойғаны көпке аян. Әуежайдан кү­тіп алып, отельге орналастыру, тамақтану, жаға­жайдан жайлы орынның жасалуы, толып жат­қан қажетті қызмет көрсетуге әзір тұратын сып-сыпайы қызметші, бәрі-бәрі сіздің дема­лы­сы­ңыз үшін жасалғанымен, түптің-түбінде өз­деріне, өзінің еліне жасалған еңбек екені анық. Сол пиғыл түрік жеріне табаныңыз тиген­нен кет­кеніңізше жалғасып, бір үзілмейді-ау, үзілмейді.

Тақталы тауы Кемердің қай тұсынан да мен­мұндалайды. Кейбір ала бұлтты күндері будақ-будақ бұлттардың өзі оның биігіне қол­дары жетпегендей етегін жамбастап, онсыз да асқарлы тауды асқақтатып тастағандай. Міне, дәл осы асқаралы таудың ұшар басын түріктер туристер ағылатын тамаша орынға айналдырған. Қалай дей­сіз ғой? Әуелі барамын десеңіз, сізді өзіңіз тұр­ған отельден арнайы көліктерін жіберіп, тау ара­сындағы шиырлаған, бірақ қиюласқан кесек­­тен өрілген жолмен 726 метр биіктікте ор­на­ласқан стансаға жеткізеді. Осы жерден бір мез­­гіл­де ішіне 80 адам сыятын аспалы кабина­ға (фу­ни­­кулер) отырып, төңірегіңіздің бәрін әй­­нек­­тен алақаныңыздағыдай көріп биікке жылжисыз.

Фуникулер ішіндегі түрлі тілде сөйлейтін, ақ, қара, сарысы аралас туристер көркемдікке көз­дерін суарып, осы бір сәттерді есімнен шы­ға­рып алмайын дегендей бірі камерасын, бірі фотоаппаратын, бірі телефонын шығарып таспаға, суретке түсуде. Ішімізден есептеп қойдық, фуникулердің бір көтерілгені 4400 доллар, бір сағаттың ішінде 5 рет барып келгенде 22 мың доллар. Сонда күнігесін есептей беріңіз. Және ол қыста да тоқтамайды екен. Тау басына көтерілген жан үшін 360 градус бойы тегіс көрінетін тамашалау алаңы мен бірнеше дәмхана қызмет көрсетеді. Кәдесый­лар сататын дүңгіршегі және бар. Өз ойым­мен осындай аспа жолдарды керіп тас­тай­тын бізде тау жоқ па, табиғатымыз көрік­сіз бе, көрсететін кереметіміз жоқ па? Шіркін-ай, тым болмаса Астананың түбіндегі Бурабай биігі­нің бірі­не осындай жол тартса және Көк­ше­нің әр қия­­сы жай ғана теңкиіп жатқан тас та емес, қиял­­д­ың көк­дө­ненін жөңкілтетін тама­ша бір шөк­­кен түйе, ұй­қы­дағы кірпі бейне­лерін­дегі тау жа­­йында, түрлі аңыз-әфсанасын жыр ғып айт­­қанда қай турист аузын ашып, көзін жұм­бас екен деп армандап кеткенбіз. Турис­тер­дің ар­қа­сында сонда сол маңайларда тұра­тын ха­лық­тың да тұрмыстары жақсара түсер еді ғой.

Қаржы тартудың түрікше тәсілі

Өмірдің алға жылжуының негізгі тетік­тері­­нің бірі – жақсыны көру арқылы ой түйіп, салыстыра келіп, оны өз қалыбыңа салып өлшеп, көр­геніңнің тиімдісін екшей отыра, соның жетіл­ген түрін жасап, таным мен түсінігіңе кере­ғар келмейтіндей, болмы­сың­мен бітіс­тіре пай­даңа жарату емес пе? Осы ретте түрік бауыр­лардан қабылдап, өз қалы­бымызға салар дүниелер біраз тәрізді.

Демалуға келген туристің қалтасындағы ақшасын ғана емес, елінде қалған қаражатын әкелгізудің тиімді әдістері ойластырылып, әбден жолға қойылуы – өте бір назар аударарлық нәрсе. Ал осы әдістерді біздер қолдансақ ше, сөз жоқ, пайдасы шаш-етектен, туриске де, дү­кен­ге де, өндірушіге де, тұтастай алғанда елге пай­далы іс болар еді ғой.

Шетелдік үшін бірінші кезекте өзге елде жүріп-тұруда туындайтын мәселе – көлік және оның бағасы. Мәселен, турист әлдебір тарихи орын­дарды, қаланың көрікті жерлеріне бар­ғы­сы келді дейік. Сөз жоқ оны көліксіз іске асы­ра алмайсыз. Сізді апарған туристік фирма он­дай жерлерге баруды, аралауды, қайтып келу­ді (мысалы, Памуккале, Кападдокия, Ируса­лим), тіпті сол уақытта тамақтануды да қо­сып, арнайы сол экскурсия үшін бағасын бел­гі­леп қояды. Төлейсіз, аржағына басыңызды еш қа­тыр­майсыз, иегіңізді фирмаға артып қойып, тек қызықтау қамын ғана ойлаңыз. Ал егер сіз дүкен аралағыңыз келсе, онда жөн басқа. Тегін көлік сізді сауда үйіне алып бара­ды. Барып аралап, көңіліңізге ұнаған заты­ңыз­ды аласыз, ал егер зат ұнағанымен оған тие­сілі қаражатыңыз қалтаңызда жоқ. Сонд­ай­­да көзіңізбен ішіп-жеп, қызығып кетіп қал­май­сыз, түріктер онда кепілге бір шамалы қара­жат қалдырыңыз, біз мына бұйымды сіз алады деп сатудан алып қоямыз, ал елге барған соң қа­ра­­жа­­тыңызды аударсаңыз, зат өзі сізді іздеп ке­­ле­­ді, қазір тек бағасын анықтайық деп, сау­да­ла­су­дың қызығына әбден түсіріп, аяғын­да зат­ты ал­ғызып, ол еліңізге барған соң артыңыз­дан жете­ді деп отеліңізге көлігімен тегін әкеп тас­тай­­ды. Осылайша турист еліне қайтқан соң да Түр­­кияға ақша жібереді. Пайда емес пе, пайда.

Киім алып, оны қысқарту, сәл бір келмейтін тұсын өңдеп жіберу жұмысы да тегін, тек сіз алсаңыз болды. Әрбір ірі сауда орталығының өзінің жеке көлік паркі бар. Дүкеннен шыға сала алдыңызға тартылған жайлы да жұмсақ көлікке отырғызып, сырғыта жөнелтеді.

Қателіктің де пайдасы бар

Жоғарыда айтылғандай, сауда үйінің бірі – «D’Enver Leather». Тері мен былғарыдан, аң тері­сінің небір түрлерінен өте сапалы, зама­науи бұ­йым­дар жасайтын бұл ұжым үздік­сіз өнім шы­ғарып, оны сатумен де өздері айна­лы­са­тын ір­гелі кәсіпорын екен. Анта­лия­дағы осы фир­ма­­ның атшаптырым үлкен дүке­нін­дегі сату­шы­­лар жүзіктің көзінен өткендей, табандары табандарына тимей, бір қабақ шыту жоқ, күліп жүріп қызмет етеді. Бұл тұрғыда да біздің сатушылар олардың шаңына ілесе алмайды. Ұйым­­дас­қан жұмыстың сағаттың тетігі сынды жүрі­­сіне қарап, журналистік қызығушылығым түрт­­кі­леп, мазалай берді. Ақыры сол ой жете­гін­де ком­пания жайында сұрай бастағам. Сату­шы қыз мен сізге оны айтып беретін адамды көр­­се­тейін деп, залда жүрген бір жас жігітті шақырды.

Сып-сыпайы, жұмсақ жымиған жігіт – Енвер Сулейманоғлы «D’Enver Leather» қо­жа­йы­­ны­ның немере інісі екен. Компания жайлы ақ­парат бере аласыз ба, мен қазақстан­дық жур­налист едім, өз елімде де сіздер тәрізді жұмыс­тар ұйымдастырылса ғой деймін деге­нім­д­е, «Әрине, тері өңдеу қазақтың қанында бар, сіз­дің халық үшін берекесін берер іс болуы ә­б­ден мүмкін. Жалпы, бизнесті әр халық өз ата кә­сіп­­теріне негіздесе, соны Алла да, әруақ та қол­­дай­ды, ол пайдасын әкеледі. Ет жейтін халық­­та тері болмай тұрмайды», деп әзілдеп те қойды.

Енвер мынадай қызық жайтты сыр етті. «Біздің кәсіпорын 1932 жылдан бері тері өңдеумен айналысады. Бірақ мен сізге бір қызық айтайын, өткен ғасырдың 90-жылдары «джунгли» атты теріден тігілген тондарымыз бүкіл Еуропаны, Ресейді, жалпы жылы тонға сұраныс бар елдердің бәрінде сәнге айналып, тасымыз өрге домалап, шырқап шыға келдік. Өзгелер ол теріге біздікі тәріз­ді өрнек сала алмай, әбден сорлады. Ал біз жеке-дара сол теріден түрлі бұйымдар тігіп жаттық. Ол қалай туды дейсіз ғой? Ол қателіктен болатын. Теріні бояйтын шебер байқамай әлдебір қоспаны артық, енді бірін кем араластырып, химиялық препаратты салып жібергенінен үлкен партия – 1000 тон шығатын тері алабажақ түсті болып шыға келеді. Тастайын десе, орасан шығын келетін өте көп мөлшер, содан не де болса тәуекел деп тондар тігіледі. Алланың қолдауымен джунгли керемет сәнге айналды. Жалпы, не нәрсені бастағанда да адамның түпкі пиғылы таза болса, Жаратқанның өзі қолдайды», деп қызықты әңгіме айтып берді.

Сауда үйінің көлігімен отельге қайтып келеміз. Туризмнен терген нанның тегін келмейтіні, бірақ оған төгілген тердің босқа кетпей, еселеген пайда әкелетіні, біздің елімізде бұл орайда жасалмай жатқан телегей теңіз жұмыстар барлығы ойды шырмай берді...

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Астана – Анталия – Астана