Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар бірқатар заң жобаларын мақұлдады.
Бірауыздан құпталған құжаттар қатарында «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекс пен Қазақстан Үкіметінің Грузия үкіметіне берген мемлекеттік кредиттерін қайта құрылымдауға қатысты ратификациялық заң жобасы және көлік жүйесінің тиімді автожол инфрақұрылымын құру мүмкіндігін қамтамасыз ететін заң жобалары болды.
Қарыз қаржылай қайтарылатын болды
Күн тәртібі бойынша ең алдымен депутаттар назарына Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Симонов пен депутат Омархан Өксікбаевтың баяндауымен «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар таныстырылды. Аталған заң жобасы дауысқа салынып, нәтижесінде құжат бірауыздан мақұлданды. Айта кетейік, енді заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Содан кейін депутаттар назарына «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Грузия үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Грузия үкіметіне берген мемлекеттік кредиттері бойынша Грузия үкіметінің берешегін қайтадан қайта құрылымдау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы таныстырылды. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың түсіндіруінше, 1996 жылғы келісімге сәйкес, Грузия тарапы Қазақстанға төлейтін берешекті өтеу жөніндегі сомасы 25 млн АҚШ долларынан астам мөлшердегі реттелетін соманы биылдан бастап 2025 жылға дейінгі аралықта қайтарады деп көзделген. Ал бұл мәселеге қатысты пікір білдірген депутат Ирина Унжакова болса, Грузия үкіметінің берешекті қайтармауға қатысты жағдайы 20 жылдан асып бара жатқанын еске салды. Өз кезегінде Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин де басқа елдердің Қазақстанға қайтаруға тиіс берешектерін уақытында реттеу керектігіне назар аударды.
«Грузиндік әріптестермен қарыз мәселесінің реттелгені жақсы. Дегенмен, бұл босаңсуға себеп болмауы керек. Өйткені басқа елдермен қарыздар бойынша әлі реттелмеген сұрақтар бар», деді Н.Нығматулин Қаржы министріне қарата айтқан сөзінде. Ал депутат Қожахан Жабағиевтің сауалына жауап беру барысында Қаржы министрі қаражат қаржылай қайтарылатындығын мәлім етті.
Қызметтік еркіндік жауапкершіліктен босатпайды
Содан кейін депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір Конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылады. Онда республикалық бюджет қаржыларын қатаң бақылау жағдайы сөз етілді. Сонымен қатар заң жобасы аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығына бөлінген республикалық бюджет қаржыларын тиімді және мақсатты түрде пайдалану тәртібі АХҚО басқармасы мен Қаржы министрлігінің бірлескен актісі бойынша анықталатыны көзделген. Осыған орай депутаттар аталған орталық қызметінен бөлінетін мемлекеттік қаржыны бақылау жайына алаңдаушылық білдірді.
Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин АХҚО өкіліне қарата айтқан сөзінде: «Ешкімде, әсіресе АХҚО орталығы басшылығында орталықтың өз бетінше қызмет етуіне мүмкіндік беру, мемлекеттен бөлінген қаржыны бақылау жауапкершілігінен босатады деген ой болмауға тиіс. Орталыққа бөлінген қаржының мақсатты пайдалануы үнемі Есеп комитетінің бақылауында», деді.
Заң жобасын әзірлеуші топ өкілдерінің түсіндіруінше, бұл құжат сот жүйесі, мемлекеттік рәміздер, Конституциялық кеңес, «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында дайындалған. Бұдан бөлек, «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңға да қажетті өзгерістер енгізу көзделген.
«Конституцияға сәйкестендіру мақсатында Астана қаласының шегіндегі аумақта қолданылатын ерекше құқықтық режім тек қаржы саласына қатысты екені нақтыланады. Орталықтың органдары ретінде Орталықты басқарушы және халықаралық төрелік орталығы қосылады», деді Әділет министрі Марат Бекетаев.
Министрдің сөзіне қарағанда, судьялар Қазақстанның немесе басқа да мемлекеттердің азаматтары болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде шетелдік инвесторларға қолайлы болуы үшін судьяларға ағылшын құқығын пайдалануға мүмкіндік береді.
Отырыста «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкi арасындағы Қарыз туралы келiсiмге «(Оңтүстік – Батыс автомобиль жолдарын дамыту жобасы: Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзит дәлізі (ОАӨЭЫ 1b және 6b)) № 2 түзетулерге қатысты Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкi арасындағы келісім-хатты ратификациялау туралы» заңының жобасы қызу талқыланып, мақұлданды.
Қарыз туралы келісімге енгізілетін түзетулер «Күрті – Бурылбайтал» (85 км) және «Ұзынағаш – Отар» (96 км) жолының қосымша учаскелерін қосуды көздейді.
«Күрті – Бурылбайтал» және «Ұзынағаш – Отар» автожолының учаскелерін реконструкциялау көлік жүйесінің тиімді автожол инфрақұрылымын құру мүмкіндігін қамтамасыз етеді және елдің транзиттік әлеуетін арттыруға ықпал ететін болады. Жалпы ұзындығы 181 шақырымдық асфальт-бетонды төрт жолақты жол жобасын жүзеге асыру мерзімі 2018-2020 жылдарға жоспарланған», деді Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.
Жауап беру мерзімі жеті күнге қысқарды
Бұл күні депутаттар «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодекс жобасы мен оған ілеспе заң жобасын мақұлдаған еді. Орайлы сәтте өз ойын білдірген Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин аталған құжаттың талаптарға сәйкес әзірленгенін, экспорт-импортты реттеу үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы жария еткен Ұлт жоспарындағы тапсырмаға сәйкес, кедендік реттеу жұмыстары жаңа талапқа сай әзірленді. Соның нәтижесінде экспорттық және импорттық кеден рәсімдерін реттеу үшін барлық жағдай жасалды. Бұл, әрине, еліміздің экономикасын көтеруге, оның ішінде, біздің кәсіпорындарға да тиімді жұмыс істеуге жол ашатын болады», деді ол.
Сонымен қатар жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы Бейбіт Мамраев БАҚ-та шығу деректерін жариялау тәртібін бұзғаны үшін жауапкершілікті жеңілдету (айыппұлдың күшін жою) мәселесі шешім тапқанын тілге тиек етті.
«Сонымен қатар БАҚ үшін адамның бейнесін жариялауға келісімді қажет етпейтін кездер нақтыланып, теле-радио бағдарламаларды жабу жағдайларында теріске шығаруды тарату және беру тәртібі мен ресми хабарларға кірмейтін мәселелер бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының сұрау салуларына ақпарат иеленушілердің жауап беру мерзімдерін күнтізбелік 15 күннен 7 жұмыс күніне дейін қысқарту жайы да қарастырылған», деді депутат.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»