11 жыл үзілістен кейін өткен Қазақстан қаржыгерлерінің VII конгресі нарыққа қатысушылар, реттеуші және Үкімет арасындағы ашық кәсіби әңгіменің қажеттілігін көрсетті.
Қазақстан қаржыгерлерінің алдыңғы, алтыншы конгресі 2006 жылы, жаһандық қаржы дағдарысы қарсаңында өтті. Ол дағдарыс мұхиттың ар жағында басталып, әлемнің барлық елдерінің қаржы жүйелеріне елеулі соққы болды, дамушы елдердің нарықтарынан ақшалай қаражаттың әкетілуіне әсер етті және қаржы дағдарысынан толыққанды экономикалық дағдарысқа айналды.
Сыртқы қаржы нарықтарының жабылуы, жылжымайтын мүлік нарығында көпіршіктің жойылуы, қарыз алушылардың қаржылық жағдайының нашарлауы, кепілдер құнының құлдырауы және соның салдарынан банктердегі жұмыс істемейтін қарыздар көлемінің жылдам өсуі – сол кезеңде қаржы секторы тап болған проблемалардың толық емес тізбесі. Кредиттік серпіліс кезеңінің аяқталуы сол кезде «ТМД-дағы үздік жүйе» атанған банк жүйесіне барынша мұқият қарауға мүмкіндік берді. Бірқатар дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың және контрциклдылық қағидаты бойынша жұмыс істейтін қаржы нарығын дамытудың жаңартылған стратегиясын енгізудің арқасында салада дағдарыстың күрделі кезеңі орын алып, өзгерген экономикалық жағдайларда жұмыс істеуге бейімделді.
Соған қарамастан, бұрынғы проблемалардың жүгі әлі де сол күйінше ауыр және кейбір банктердің айналасындағы ахуал бұл жағдайды анық көрсетті. Алайда саладағы белгілі бір қиындықтардың болуына қарамастан, Ұлттық Банк және Қаржыгерлер қауымдастығы нарыққа қатысушыларды жинап, проблемалы мәселелерді ашық талқылау, оларды шешу жолдары жөнінде пікір алмасу туралы шешім қабылдады. Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев конгресс қарсаңында реттеушінің жасанды түрде мереке жасау және мадақ сарынында сөз сөйлеуі үшін іс-шара алдында ақпараттық аяны «кіршіксіздендіруден» бас тартқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, тікелей конгресс алдында Ұлттық Банк Delta Bank лицензиясын қайтарып алып, тарату процесін бастады, сондай-ақ Bank RBK Банкіне мемлекеттік қолдау көрсету қажеттілігін таныды.
Ұлттық Банк реттеушінің мемлекеттік саясаты бірінші кезекте банк клиенттерінің мүдделерін қорғауға және олардың депозиторлар алдындағы міндеттемелерін орындауға, сондай-ақ нарықтағы тұрақтылықты және қазақстандықтардың сенімін сақтауға бағытталғанын көрсетті.
Ашық әңгіме
Ұйымдастырушылардың конгреске қатысушылар ашық және маңызды әңгіме жүргізеді деген үміті толық көлемде ақталды: банктік және кәсіпкерлік қоғамдастық өкілдері банк қызметін реттеуге және қадағалауға, кредиттеу үшін өтімділіктің қолжетімділігіне, қаржы құралдарының тапшылығына және т.б. қатысты бірқатар аспектілерді талқылады.
– Мен бұл іс-шараның өткеніне өте қуаныштымын. Біз он бір жыл бойы конгресс өткізген жоқпыз. Біз бұл алаңның қаржы нарығындағы барлық проблемаларды кәсіби тұрғыдан талқылауға арналғанын бірнеше рет атап өттік. Біз реттеуші ретінде ашық әңгімеге, сындарлы сөз сөйлеуге дайынбыз, қаржы нарығына қатысушылардың біздің алдымызда тұрған проблемалармен алмаса алатынына, реттеуші жұмысына қатысты өз пайымымен бөлісе алатынына да дайынбыз, – деді Ұлттық Банк Төрағасы Данияр Ақышев.
Оның айтуынша, әңгіме неғұрлым ашық болған сайын, қорытындысы бойынша әзірленетін шешімдер де соғұрлым тиімдірек болады.
– Сіздер пікірлердің қаншалықты сындарлы екендігін көрдіңіздер. Қаржыгерлер конгресі – өзімізді жақсы жағынан көрсетіп, қандай табыстарға жеткендігімізді көрсетуге арналған алаң емес. Бұл, бірінші кезекте, біздің болашақ күн тәртібін айқындайтын алаңымыз – келесі жылы қандай жұмыс жүргізу қажет, біздің алдымызда қандай басты проблемалар бар, Ұлттық Банк Үкіметпен, қаржы нарығының қатысушыларымен бірлесіп біздің азаматтарымыз сапалы қаржылық қызметтер алуы және өздерінің осы қаржы институттарындағы ақшасын уайымдамай, кейіннен салық төлеушілер қаржы институттарының қателіктері салдарынан төлемеуі үшін не істеуі қажет. Осындай күн тәртібімен біз әрі қарай жылжимыз. Қаржы нарығындағы ахуалдың даму деңгейіне қарамастан бұл конгресс дәстүрлі болады деп үміттенемін, – деп атап өтті Ұлттық Банк басшысы.
Басты қағидаттар
Данияр Ақышев форумдағы өзінің баяндамасында экономика мен қаржы секторы орнықты дамуының негізгі факторы туралы өз пайымымен бөлісті. Оның пікірінше, мұндай фактор қаржы реттеушісінің бірізділігі, ашықтығы және болжамдылығы қағидаты болып табылады.
– Ультраконсервативті институт бола отырып, орталық банк суперақпарат және оны таратудың супержылдамдықтары ғасыры ұсынатын стандарттарға сәйкес келуге мәжбүр. Мақсатты барынша негіздеу қағидаты бар ақша-кредит саясатының транспаренттілігіне өту бүкіл қажетті ақпаратты ашуды талап етеді. Тек осы жағдайларда орталық банк қызметінің тиімді жұмыс істеуі мүмкін, себебі табыстың басым бөлігі банктің саясатына деген сенімге негізделген, – деді Ұлттық Банк Төрағасы.
Данияр Ақышевтың айтуынша, орталық банк саясатының бірізділігі, ашықтығы және болжамдылығы оны экономика субъектілері тарапынан барабар түсінуге және олардың оңтайлы іс-қимылын қалыптастыруға ықпал етеді, ал бүкіл қоғам үшін әлеуетті қаржылық шығындарды барынша азайту оның нәтижесі болады.
Данияр Ақышевтың айтуынша, саясаттың бірізділігі, ең алдымен, негізгі мақсатты бұлжытпай басшылыққа алу. Ұлттық Банктің заңнамалық тұрғыдан бекітілген мақсаты баға тұрақтылығын қолдау болып табылады, ал қалған міндеттер қосалқы және негізгі мақсатқа бағынышты. Халық пен нарықтың орталық банктің негізгі мақсатқа жету қабілетіне деген сенімі тез арада қамтамасыз етілмейді, әсіресе ақша-кредит саясаты саласында, сондықтан негізгі мақсатты басшылыққа алу қалыптасып отырған жағдайларға қарамастан сақталуға тиіс.
– Қысқа мерзімді міндеттердің пайдасына негізгі мақсаттан ауытқу орталық банкке деген сенімнің жоғалуына апарады және соның салдарынан жүргізіліп отырған саясаттың тиімділігі төмендейді. Бұл ретте жалған күтулердің алдын алу үшін Ұлттық Банк мүмкіндіктерінің шегін белгілеген маңызды. Экономикалық тәжірибеге орай, экономикалық проблемалардың шектеулі жиынтығын ғана монетарлық әдістермен шешуге болады. Мысалы, ұзақ мерзімді экономикалық өсуді ақша эмиссиясы арқылы ынталандыру, біздің ойымызша, орынсыз, сонымен қатар айтарлықтай теріс салдарға апаруы мүмкін. Бұл сабақты дамыған елдер жақсы меңгерген, олар орталық банкке осындай функцияларды жүктеуден толығымен бас тартты. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басындағы жағдайдан да біз осындай сабақ алдық, ол кезде Қазақстанда экономикалық проблемаларды Ұлттық Банктің есебінен шешкісі келді, – деді Данияр Ақышев.
Елдің бас банкирі өзі басқарып отырған ведомствоның стратегиялық мақсатты – инфляцияны 2020 жылға қарай біртіндеп 4%-дан төмен деңгейге дейін түсіруді және оны бұдан әрі осы деңгейде ұстап тұруды нақты айқындады. Оның айтуынша, Қазақстанның дамушы экономикасы жағдайында дәл осы деңгей тұрақты және үдемелі экономикалық өсуді қолдауға барынша ықпал ететін болады.
Данияр Ақышевтың айтуынша, орталық банктің ашықтығы қабылданатын шешімдердің негізін құрайтын факторларды нақты түсіндіруді білдіреді. Бұл орталық банк пен экономика субъектілері арасындағы ақпараттық ассиметрияны төмендетуге және олардың оңтайлы күтуін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
– Біз ақша нарығындағы операцияларымыз туралы, оларды қандай да бір жағдайда пайдалану негізділігі туралы, ықтимал тәуекелдер және нәтижелер туралы ақпаратты жария етеміз. Бұдан басқа, нарыққа саясаттың бағдарлануы туралы белгі бере отырып, базалық мөлшерлемеге қатысты кейінгі іс-қимылдарға бағдар ұсынамыз, валюта нарығы бойынша ақпаратты жариялаймыз және онда іс-қимылдарды көрсетеміз. Ұлттық Банктің операциялары ашық, бұл халық үшін де, нарыққа қатысушылар үшін де маңызды, себебі теңгенің айырбас бағамы ақпараттың қандай да болмасын түріне ерекше сезімтал болады. Бұл орайда ахуал туралы біздің түсініктеме беруіміз және банктердің клиенттер арасында түсіндірме жұмысы ғана емес, сол сияқты қоғаммен жүйелі әңгіме жүргізу де маңызды, – деді Данияр Ақышев.
Үшінші қағидат туралы айта отырып, Ұлттық Банк Төрағасы халық пен нарыққа тек экономикалық жағдай бойынша пайым ғана емес, сол сияқты саясаттың кейінгі шаралары бойынша бағдарлар берілуге тиіс деп атап өтті, бұл ақша-кредит және экономикалық саясаттың болжамдылығын арттырады.
– Жағымсыз күтулер тиісті құбылыстарды: инфляциялық күтулер – инфляцияны, девальвациялық күтулер – ұлттық валютаның әлсіреуін, дағдарысты күту – дағдарыстың өзін ынталандыратыны белгілі. Осыған орай күтулер құбылыстардан нашар болуы мүмкін, себебі олар айқын алғышарттар болмаған кезде де құбылыстарды арандатады, – деп атап өтті ол.
Данияр Ақышевтың айтуынша, болжамдылық белгісіздіктің төмендеуіне әкеледі және қаржы нарықтарының ақша-кредит саясаты бойынша болашақ шешімдерді дұрыс болжау қабілетінде көрінеді. Сондықтан да нарықтық күтулерді табысты реттеу үшін орталық банк экономикалық көрсеткіштердің кейінгі үрдістері туралы нарыққа нақты белгі беруге тиіс. Тек осындай тәсілмен ғана күтулердің «тұрақтауына» және олардың орнықтылығына қолдау көрсету мүмкіндігіне қол жеткізіледі.
Реттеуші жұмысындағы болжамдылықтың маңыздылығы туралы тезисті атап көрсете отырып, Данияр Ақышев Ұлттық Банктің қысқа мерзімді өтімділікті қолдау мен алу құралдарының тұрақты жұмыс істейтін жүйесін құрғанын еске салды.
– Қолданыстағы өтімділік терезесі банктер үшін әрдайым ашық болады. Ұлттық Банк банктер сұрататын өтімділікті ломбардтық тізім және ақша-кредит саясатының өзге құралдарының кепілімен кепілдікпен беруге дайын. Екі жыл бұрын ақша нарығында орын алған ахуалдың қайталанбайтынын және Ұлттық Банктің шартсыз өтімділікті беру бойынша терезесінің әрқашан ашық екендігін атап өткім келеді. Мен бұл жағдайды тағы да баса айтамын және екінші деңгейдегі банктердегі әріптестерім бұл тезисті назарға алғанын қалар едім, – деді Ұлттық Банк басшысы.
Ол сондай-ақ бірізділіктің, ашықтықтың және болжамдылықтың инфляциялық таргеттеу режіміне тән екендігін атап өтті, оған Қазақстан Ұлттық Банкі 2015 жылғы тамызда өтті. Бұл қағидаттар инфляцияны тиімді төмендетуге және саясаттың басқа мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді, сондықтан Ұлттық Банк оларды дамыту үшін күш-жігерін салады.
Банк мәселесі
Елдің қаржы саласының негізгі сегменті болып табылатын банк секторындағы ахуал форумның негізгі тақырыптарының бірі болды. Халықаралық рейтинг агенттіктерінің және түрлі халықаралық қаржы институттарының талдамалық есептерінде дәл осы банк секторы көбіне өткен жылдардың жұмыс істемейтін кредиттерінің портфелі, капиталдандыру көрсеткіштерінің төмен болуы түріндегі жүктің «арқасында» Қазақстан экономикасының ең осал жерінің бірі деп аталады.
Ұлттық Банк қазіргі кезде Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыруға кіріскені белгілі, ол бағдарлама ескі проблемаларды түбегейлі әрі енді қайталанбайтындай етіп шешуге және сала тарихында жаңа парақты ашуға арналған.
– Біз қаржы секторын дамытуға қатысты, атап айтқанда, банк секторына қолдау көрсету жөніндегі саясатымызда түсінікті болғымыз келеді. Өзі жұмыс істей бастаған алғашқы жылдардың соңында-ақ өзінің өзектілігін жоғалтқан ұзақ мерзімді даму бағдарламаларының орнына ағымдағы кезеңнің нақты міндеттерін шешуге көштік. Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасының ерекшелігі оның жедел әрі жылдам нәтиже алуға бағытталғандығы болып табылады. Себебі банктердің проблемаларын шұғыл шешу қажет. Банктердің проблемалары өздігінен шешіле қоймайды. Егер шешпесек, олар ушығып, бүкіл қоғамның проблемасына айналары сөзсіз, – деп атап өтті Данияр Ақышев.
Жүйе құраушы банк – Казкоммерцбанкті үстеме капиталдандыру бағдарламаның бірінші бөлігі болып табылады. Ұлттық Банк басшысының ақпараты бойынша Казкоммерцбанк түпкілікті түрде қалыпқа келтірілді.
– Иә, мәмілеге барлық қатысушылар айтарлықтай ресурстар жұмсады, бірақ бұл – мемлекеттік ресурстар жұмсауды талап етпейтін түпкілікті әрі енді қайтып оралмайтын шешім. Бұдан басқа мемлекет активтер пулын алды, олар экономикалық айналымға тартылып, қоғам мен мемлекет үшін де қосымша құнды қамтамасыз ететін болады, – деп толықтырды Данияр Ақышев.
Ұлттық Банк басшысы бағдарламаға жұмыс істеп тұрған бизнес-моделі және даму стратегиясы бар басқа банктердің қатысуына рұқсат беру жөнінде шешімдер қабылданғанын еске түсірді. Олардың акционерлерінің алдында банктерді айтарлықтай үстеме капиталдандыру, активтерінің сапасын жақсарту және несие портфелі бойынша резервтерді үстеме калыптастыру бойынша шартсыз міндеттер тұр.
– Бағдарлама шеңберінде салымшылар – жеке тұлғалардың мүддесін қорғауды қамтамасыз ету үшін RBK Банкін қалыпқа келтіріп жатырмыз. Шығындарын ірі кредиторлар арасында бөлу арқылы банкті қалыпқа келтіру шешімнің ерекшелігі болып табылады. Шын мәнісінде, бұл ірі қаржы институтын қалыпқа келтіретін ерікті bail-in Қазақстандағы алғашқы тәжірибесі. Мұндай банктердің акционерлеріне банкті үстеме капиталдандыру, проблемалы қарыздар портфелін есептен шығару бойынша үлкен міндеттемелер жүктеледі. Біз осы қағидаттарды, өкінішке орай тікелей жазып көрсетілмеген заңнамамызда да көрсете аламыз, – деп түсіндірді Данияр Ақышев.
Ол сонымен бірге Ұлттық Банктің қадағалау мандатын күшейту бағдарламаның жеке және өте маңызды бағыты болып табылатынын атап өтті. Негізгі мақсат – шығыны аздау тетіктер есебінен қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу. Ол үшін тәуекелдердің алдын алу мақсатында қалыптандырылған тәсілдерден гөрі алдын алатын қарапайым қадағалауды қолдану қажет.
– Бағдарламаны іске асыру инфляция бойынша мақсатқа қол жеткізуге қайшы келмейді. Банктерге берілген барлық ресурстар іс жүзінде бір-бірімен байланысты, яғни олар нақты бір міндетті шешуге бөлінеді, ал іске асыру тетігі «жанды» ақшаны емес, банктердің капиталында есепке алынатын және өтімді күйге еркін ауыса алмайтын құралдарды болжайды. Осындай әрекеттерді біз отандық қор нарығын қайта дамытуға қатысты қолданамыз. Қазіргі уақытта Үкімет пен Ұлттық Банктің қор нарығын жандандыру жөніндегі іс-қимылдарының кешенді жоспары пысықталуда. Оның іске асырылуы жылдам нәтижелерге әкелетін іс-шаралардан ғана тұруы мүмкін. Бізде бәрі бар: инфрақұрылым да, нормативтік құқықтық база да бар, бірақ нарық әлі де әлсіз күйде, сондықтан да оның экономиканың нақты секторына капиталдың ауысуының тиімді тетігі болуы үшін біз нақты іс-қимылдар жасауымыз қажет.
Сонымен бірге Данияр Ақышевтың айтуынша, оның сапасына қарамай, сандық өсуіне басымдық бергенді қою қажет. Осыған байланысты ол қалыпқа келу рәсімінен өтіп жатқан бірқатар банктерде есептен шығаруға жататын кредиттердің бар екенін еске салды.
– Бұл – біз қайтарылады деп ойламаған кредиттер. Өткен жылдардың есептілігінде көрсетілген және бұл кредиттер қайтарылмаса, экономиканың өсуіне қатысу ретінде көрсетілген кредиттеумен мақтанудың қажет не? Меніңше, статистиканы қабылдау парадигмасын өзгертуіміз қажет, бұрынғы тәжірибемізді ескере отырып, алға ұмтылу және қателерді қайталамау үшін қалыпқа келтіру процесінен өтуіміз қажет, – деді Ұлттық Банк Төрағасы.
Банк секторында проблемалардың бар екендігін мойындаған және оларды шешуге дайын екендігін білдірген реттеушінің мұндай батыл шешімі конгресс жұмысына қатысқан көптеген мамандарға ұнады.
– Бұл Ұлттық Банктің проблеманы ашып көрсеткен бірінші Төрағасы және оның қошеметке лайық екені сөзсіз, – деді Қазақстан Республикасының «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов, ал зал оны қолдады.
Ұлттық Банктің банк секторының проблемаларын шешу бойынша іс-әрекетін қолдайтынын конгреске қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев та растады.
– Қазіргі кезде Ұлттық Банк жүргізіп отырған банк секторын қалыпқа келтіру бағдарламасы қойылған міндеттерді іске асыру үшін маңызды құрал болып табылады және Үкімет оны табысты іске асыру үшін тікелей белсенді қолдау көрсетуге дайын. Және ең бастысы, жаңа табыстарға біздің жемісті ынтымақтастығымыз бен үйлестірілген жұмысымыз арқылы ғана жетуге болады деп санаймын, – деп атап өтті Ерболат Досаев.
Өзгеру жалғасуда
Теңгенің жағдайы форумға қатысушыларды айналып өткен жоқ, сонымен қатар сол күні ұлттық валютаға 24 жыл толды. 2015 жылғы тамызда еркін өзгеріске жіберілген теңге тепе-тең нүктеде сұраныс пен ұсыныстың ықпалымен тұрақтандырылды және Америка долларына немесе басқа валютаға қатысты әлсіреудің немесе нығаюдың түбегейлі факторларының өзгерісіне ден қояды. Мұнай бағасы және сауда-әріптес елдердегі айырбас бағамы сияқты жағымды сыртқы факторлар аясында теңге бағамы тұрақты болып қалады және ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігінің сақталуын қамтамасыз етеді. Жылдың басымен салыстырғанда теңгенің айырбас бағамы іс жүзінде өзгерген жоқ. Теңге номиналдық көрсеткіш бойынша жылдың басынан бері 2017 жылғы 15 қарашадағы жағдай бойынша 1 доллар үшін 333,29 теңгеден 332,72 теңгеге дейін 0,2%-ға нығайды.
– Қазіргі кезде теңге еркін өзгермелі режімде шын мәнінде тұрақты. Бұл режім теңгерімсіздіктің жинақталмайтынын, бағамның жылжып отыруын қамтамасыз етеді: бірде әлсірейді, бірде нығаяды. Бұл қалыпты және дұрыс жағдай. Бұл орта және ұзақ мерзімді перспективада жалғыз дұрыс жол. Және осы режімде девальвациялық күтулер және теңгенің қандай да бір қатты құлдырауы туралы мәселені ұмытуға болады. Қазіргі кезде теңге еркін өзгермелі режімде экономиканың нақты арақатысын көрсетеді. Және де, тиісінше осы бағам айқындау бойынша өте тез өзгермейді. Бұл өте позитивті жағдай. Тәжірибенің жинақталып жатқаны, қандай да болсын қателердің түзетіліп, ескеріліп жатқаны түсінікті, бірақ бастысы, іс жүзінде екі жыл бойынша тәжірибе өзгерген жоқ, Ұлттық Банк кейде қандай да бір дүрбелеңге қарамастан, кіру мен реттеуге қатысты алдаудан алшақ болады. Жүйеліліктің айқындылық тәжірибесі сақталып отыр, – деп атап өтті Ұлттық Банк Төрағасының кеңесшісі Айдархан Құсайынов конгресс жұмысының барысында.
Сонымен бірге ұлттық валютаны жалпы алғанда ел экономикасының жағдайынан бөліп қарауға болмайтыны анық деп пікір білдірді Ұлттық Банктің бұрынғы төрағасы Әнуар Сәйденов.
– Қаржы жүйесі – бұл экономикада не болып жатқанына, оның құрылымының, оның өңірлік және ғаламдық ауқымдағы орнының қандай екеніне байланысты туындаған жағдай. Мен теңгені ұлттық валютаның шамасы бойынша әлі де жас деп ойлаймын. Сондықтан бүкіл экономика, бүкіл қаржы жүйесі сияқты теңге өтетін сынақ біздің транзиттік кезеңде де болады. Теңге шын мәнінде бүкіл елімізбен бірге аяғынан нық тұрсын деп тілеймін, – деп атап өтті Әнуар Сәйденов.
Данияр Ақышевтың айтуы бойынша, қаржы нарығына қатысушылардың арасында осы уақытқа дейін мұнай бағасы үш мәнді диапазонға қайтып келеді, бағамы белгіленген және қолайлы болады деген сенім мол болды. Ұлттық Банктің басшысы өлшемге келмейтін сенім неғұрлым жылдам артта қалса және жаңа экономикалық болмыс қабылданса, нақты қалыпқа келтіру соғұрлым жылдам басталады деп есептейді.
– Бізге жылдар бойы жинақталған проблемаларды шешудің қиын рөлі берілгенін түсінеміз және өкінішке орай, оларды шешіп тастайтын оңай тәсіл жоқ. Ескі проблемаларға жаңалары қосылмас үшін, ескі проблемаларды шешу қажет, – деді ол.
Дайындаған
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»