• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Қараша, 2017

Индустрияны өркендету – кешенді міндет

3460 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендету қажеттігін, бұл кешенді міндет екенін атап өтті. Осыған байланысты кеше Үкіметте баспасөз мәслихаты өтіп, онда Қазақстан өнеркәсібіне «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу жайы сөз болды.

Мемлекет басшысы тапсырған жеделдетілген технологиялық жаң­ғыр­тылу жөніндегі міндеттердің орын­далу жайынан хабардар еткен Ин­вестициялар және даму бірінші ви­це-министрі Алик Айдарбаев 2015-2019 жылдарға арналған ин­дус­триялық-инновациялық даму мем­лекеттік бағдарламасын іске асы­рудың ар­қа­сын­да өңдеу өнеркәсібі ай­тар­лықтай өр­кендегенін айтты. Биылғы жылдың он айындағы көрсеткіш бойынша өң­деу өнеркәсібінің өсімі 5,2 пайызды құ­ра­ған және мұндай қарқын барлық сек­торда байқалған.  Ал биылғы ал­ты айдағы жағдай бойынша еңбек өнім­ділігі 14,5 мың АҚШ долларына жетсе, өңдеу өнеркәсібінің экспорты 2017 жылдың 8 айында 23 пайызға өсіп, 9,9 млрд АҚШ долларын құраған.

А.Айдарбаевтың айтуынша, бү­гінде министрлік «Индустрия 4.0»-ге көшу бойынша белсенді жұмыс ат­қарып, осыған қатысты өнеркәсіп са­ласына талдау жүргізген.  600-ден астам кәсіпорын зерттелген жұмыст­ың қорытындысында олардың 20 пай­ызы  материалдық-техникалық жаб­дықталуы жағынан, кадрлық-ұйым­дас­тырушылық тұрғысынан төртінші ин­дустриялық деңгейге өтуге дайын екені анықталған. Бұл жағынан ал­ғанда кен өндірісі саласындағы көр­сет­кіш шамамен 40 пайызды құрайды.

Әлбетте, цифрлы технологиялар негізінде құрылатын индустриялық даму барысында бизнес саласына да инновациялық жобаларды көбірек тарту қажет екені белгілі. Осыған орай кә­сіпкерлік саласын жаңа бағытта дамы­ту, оған «Индустрия 4.0» техно­ло­гияларын енгізуді дәріп­теу үшін бір­қатар шаралар қол­ға алыныпты.  Айталық, бизнеске кө­мек ре­тінде модельді цифрлы фабри­ка­лар құрылады. Осы жылдың со­ңына дейін аталған модельді нұсқа қа­натқақты жоба ретінде кейбір кәсіп­орын­дарға енгізіледі. Осыдан кейін цифр­ландырудың жол карталары әзір­ленетін болады.

Баспасөз конференциясы барысын­да «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төра­ға­сы Берік Бекенов «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу қазақстандық кә­сіп­орындардың жедел дамуына ық­пал ететінін атап өтті.  Оның айтуын­ша, өнеркәсіпті цифрландыру бірінші ке­зек­те өндірістік шығындарды азай­­тып, еңбек жағдайы мен еңбек өнім­ділігін жақсартады. Ең бастысы, ин­дус­трияның жаңа кезеңіне өту отан­дық кәсіпорындардың арасында бәсе­ке­лестікті дамытады. 

Жалпы, «Индустрия 4.0» ретінде белгілі төртінші өнеркәсіптік революция бүгінде жаһандық экономикалық ма­ңызы бар тенденцияға айналды. Бұл ин­дустриялар қазірдің өзінде дамыған ел­дердің экономикалық құры­лы­мын өз­гертіп, дәстүрлі салаларға жа­ңа са­па дарытты. Ақпараттық комму­ни­ка­циялық технология кеңінен қол­да­нылатын жеделдетілген индустрия Қазақстан өнеркәсібін жаңаша сипатта дамытып, қолданыстағы жүйені жеңілдетуге ықпал етеді. Мұның бәрі ай­налып келгенде экономикамызға оң әсер етіп, еліміздің әлемдегі 30 озық ел­дің қатарына кіруіне мүмкіндік жасамақ.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»