• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Қараша, 2017

Артефактілер музейге тапсырылды

432 рет
көрсетілді

Өткен сенбі күні Астана қаласында ор­на­ласқан Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттау және еліміз археологиясы мен этнологиясының мемлекет тарихындағы рөлін талқылау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі Қазақ ғылыми- зерттеу мәдениет институтының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру идеясының мән-мәтініндегі Ұлы Дала елінің ежелгі және ортағасырлық тарихының мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. 

Мәдениет және спорт министрі атынан ха­лықаралық басқосудың сәлем сөзін жеткізген аталған ведомствоның Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Алмас Нұразхан мырза, ұйымдастырылып отырған шараның рухани-тарихи құндылығы зор екеніне назар аударып, әсіресе соңғы жылдары өңірлерге жүр­гізілген қазба жұмыстары кезінде табылған жүздеген артефактілердің жаңғырудан өткен сапалылары Ұлттық музей қорына тапсырылуы дұрыс шешім дегенге тоқталды.

Осы орайда  танымал археолог Зейнолла Самашевтың сөзіне жүгінсек, астаналық музей қорына тапсырылуы тиіс жәдігерлердің дені оңтүстік өңірде жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған дүниелер дейді. Атап айтқанда, үстіміздегі жылы академик Карл Байпақовтың жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан облысы же­ріндегі Қаратөбе, Міртөбе қалашықтарында және Отырартөбе қорғанында, сонымен қатар Жамбыл облысы жеріндегі Құлан қалашығына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар, тастан, сүйектен жасалған еңбек құралдары, ғұрыптық рәсімдер кезінде пайдаланатын дүниелер екен. Бұлар уақыт бөлісі тұрғысынан ортағасырлық бұйымдар.

Сол сияқты осы жылы Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының қызметкері Татьяна Лош­кованың жетек­шілігімен жүргізілген Үстірттегі ежелгі қола дәуір мұ­расы Тоқсанбай қонысынан және археолог Александр Горячев жетекшілік еткен Түрген шатқалындағы Қызылбұлақ қонысынан табылған құнды дүниелерге де интерактивті графикалық интерфейс жасалып, жоға­рыдағы жәдігерлермен қатар елордалық музей қо­рына тапсырылды.

Түстен кейін конференцияға қатысушылар пле­­нарлық отырыстарға жіктеліп, ол жерде өткен заман­дардағы қорған салу мәдениеті мен жерлеу рәсімдері, діни-ғұрыптық нысандардың ерекшеліктері талқылауға салынды. Сонымен қатар Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан археологтері қазба жұмыстары кезінде өз елдерінің территориясынан табылған, бірақ бәріне ортақ жәдігерлердің салыстырмалы сараптамалық нәтижелерін қарап, ортақ тоқтам жасады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»