Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының таныстырылымы өтті. «Жасылдандыру» бастамашылары еліміздегі барлық экологиялық ұйымдардың басын біріктіріп, қоршаған ортаның ахуалы жайында қазақстандықтарға ақпарат беріп, экологиялық білімді арттыруды бірлесіп қолға алатындығы айтылды.
Қауымдастық Президиумына Әлия Назарбаева жетекшілік етеді. Қауымдастықтың қамқоршылық кеңесіне «жасыл экономика» бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, жасылдану концепциясының авторы Рае Квон Чунг еніп отыр. Президиумның мүшесі Салтанат Рахымбекова Экологиялық ұйымдар қауымдастығының алдына қойған мақсаттарымен таныстырып өтті.
«Біздің мақсатымыз Экологиялық бастамаларды қалыптастыру және оларды ілгерілету алаңын құру, халықаралық серіктестікті дамыту, инвестициялар тарту, халықаралық жобалар мен бағдарламаларға қатысу, халықаралық сарапшыларды шақыру, «жасыл» технологияны енгізу, қалалардағы экологиялық инфрақұрылымдардың дамуы мен инновациялардың алға басуына үлес қосу, экологиялық мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларын жетілдіру», деді ол сөзінде.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»