• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Желтоқсан, 2017

Екпіндегі мектеп Елбасының көмегімен салынған

1126 рет
көрсетілді

Тарбағатай ауданының Екпін ауылында атақты шопан, Социалистік Еңбек Ері, ауыл шаруашылығының озаты Сайлаубек Таушаев деген ақсақал тұрады. 

Адал еңбегімен ел құрметіне бөленген қарияны жерлестері жақсы білгенімен, ол кісінің Елбасымен бір емес, үш рет кездесіп, ауылға тамаша ғимарат салдыруға үлес қосқанын көпшілігі білмеуі де мүмкін. Бұл жайында сәл кейінірек. «Әкеміз шопан болды, мал бақты. Көзімізді ашып көргеніміз мал болғандықтан еңбекке ерте араластық. Бес жасымнан аяғыма шақай тартып, өгіз мініп, үлкендерге септестік. 1969 жылы Ақсуат орта мектебін бітіргеннен кейін үш жыл шопан болдым», деп бастады әңгімесін қарт шопан. 

Әуелде шопан көмекшісі, кейін аға шопан болған кейіп­керіміз 1976 жылы қой өсіруші комсомол жастар бригадасына жетекшілік етеді. Өнімі көл-көсір түліктің қыр-сырына бала жастан қанық жан бригаданы басқарған кезде жоспарды асыра орындап, жүз қойдан 120-140-қа дейін қозы алады. Еңбегі ескеріліп, екі мәрте Ленин, бір мәрте Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталады. 1982 жылы 34 жасында Социалистік Еңбек Ері атанады. 1984-1989 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Елбасы­мен, нақтырақ айтсақ, сол шақ­тағы еліміздің Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесетіні осы кез. «Депутат болған кезімде туған жерге, өскен елге қолдан келген көмегімді жасауға тырыстым. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тұранғазы Қобаев деген азаматтың ақыл-кеңесімен Екпін ауылына мектеп салдыру мәселесімен Нұрсұлтан Әбішұлының алдына үш рет бардым. Білім ордасы оңайлықпен салынған жоқ. Ол кезде көп дүние Мәскеу арқылы шеші­летін. Бұл ретте Республика Министрлер Кеңесінің Төрағасы үлкен жәр­дем көрсетіп, мектептің бой көтеруіне тікелей  ықпал жасады. Сол уақыттары Ақсуатта әуежай мен ет комбинаты салынып, талай жұмыстар атқарылды», дейді ел ағасы.

Еңбек Ері алаштың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевпен де бірнеше мәрте кездесіп, дидарласып, пікірлеседі. Бір кездесуінде Алматыға көшкісі келетінін айтып, пәтер сұрағанда Димекең: «Баспана осы қалада тұратын жандарға ғана беріледі. Заңдылығы солай. Егер үйлі болғың келсе, балаларыңның бірін осында оқыт, тіркеуге қой. Оқу жағына да жәрдемде­се­міз» деп уәде еткенімен 86-ның сарсаңы шопан тілегінің орындалуына мүмкіндік бермеген секілді. 

Бақытын еңбектен тап­қан қарияның өмірлік жары Бақытхан Құсайынова он баланы дүниеге әкелген Батыр ана. 1991 жылы «Батыр ана», 2004 жылы Президент Жарлығымен «Алтын алқа» иегері атанған ғазиз жан қартайдым деп қарап отырған жоқ. Қазақтың бекзат өнері – ою-өрнек жасаумен шұғылданады. Он саусағы майысып, көрпе-жастықтың түр-түрін тігеді. Қыздары мен келіндерін де қолөнерге баулып келеді. «Совет заманында қарапайым еңбек адамдарына ерекше көңіл бөлінді ғой. Қазір де Елбасымыздың еңбек адамдарын естен шығармайтыны қуантады», – дейді Сайлаубек Таушаев.

Азамат ҚАСЫМ,  «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.