Қазығұрт тауының бөктеріндегі асу-асу белдерде алағат-алағат қар жатқан болатын. Таң-азанда тынысыңды буып, танауыңнан шымшылайтын шыңылтыр аяз бірте-бірте уысын жазып, Өгем шыңдарының ар жағынан жарқырап көрінген күнмен бірге күлімсіреп, беткей-беткейдегі күмістей жылтыраған көгалдың беті жіпси бастайды.
Күре жолдың бойынан көз салсаңыз сонадайдан қарауытып көрінетін Тұғыртас қыстауындағы Нәби қойшының үйіне сол күні Елбасымыз бастаған бір топ лауазымды қонақтар келді.
Оңтүстік өңіріндегі шаруашылықтарды арнайы жұмыс сапарымен аралаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қыста туылған жас қозылардың маңыраған үнін тыңдап, күлімсіреп тұрып: «Нәке, сен бақытты екенсің. Мынау нағыз береке ғой, – деді шопанға. – Ал өзің қай жылдың төлі боласың?» Кеңестік дәуірде кеңшардың мал дәрігері болған, содан соң, бір отар қойды жекеменшігіне алып, өз алдына бөлініп шыққан Нәби Шілманов:
– 1940 жылғымын, – деп жымиды.
– Онда құрдас екенбіз, – деді Елбасы.
– Иә, Сізбен түйдей құрдаспыз!
– Мал бағу – ата-бабамыздан келе жатқан кәсіп. Сондықтан шопанның шаруашылығы қандай екенін бір көргеннен-ақ біле қоятын қазақпыз. Ал енді, бізге көрінбей тұрған қандай мәселелер бар, құрдас?
– Құдайға шүкір, шаруашылықтың тізгіні өз қолымызда. Ендігі көрген бейнет те, зейнет те – бәрі өзіміздікі болады емес пе.
Осы сәтте Елбасының назары қорадан шеттеу тұрған шап-шағын үйге түсті. Ол өзі жап-жаңа құрылыс, сол кездегі кеңшардың әрбір қыстауға жеке-жеке арнап салған моншасы еді.
– Бұл бізге өте жақсы болды, – деді Нәби шопан ағынан жарылып. – Бұрын орталыққа қайта-қайта шапқылап жүруші ек.
Елбасы ақырын ғана басын шұлғып, құрдасының сөзін қоштады да:
– Үй иесінен рұқсат болса, анау қозылар маңырап тұрған қораны көрейік, – деді.
Шіркін, жылы қорада ойнақтап, секіріп жүрген жас төлдің жамыраған үні көңілді бір марқайтып тастайды емес пе. Құрметті қонақтар шопанның қора-жайын көріп, мал шаруашылығындағы өзекті мәселелерді кеңесіп, енді қайтуға жиналған кезде Нәбидің жұбайы ағасының құлағына сыбырлап, бір өтініш білдіріп жатты.
Содан соң Елбасымыз:
– Иә, құрдас, бізге айтатын қандай бұйымтайың бар? – дегенде аздап қысылыңқырап қалып:
– Біздің үйдегі замандасыңыз: «Сізбен бірге суретке түссек, өте бір қымбат естелік болып қалар еді-ау!» деп жатыр, – деді.
– Олай болса, түсейік суретке.
Осы кезде Нәби шопанның зайыбы:
– Онда мен жаңа пәлтөмді киіп келейін, – деп үйіне қарай жүгіре жөнелді.
Қонақтар көңілденіп, біз де Елбасымен бірге суретке түсеміз дегендей галстуктерін түзеп, әзірлене бастады.
Бұл кезде түс ауып, көлеңке басы ұзарып қалған-ды. Елбасы сағат үште облыстың жетекші мамандарымен кездеседі екен. Міне, осыны ойлап, асыға бастаған сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, халық депутаттары кеңесінің төрағасы С.Терещенко қайта-қайта қолындағы сағатына қарай берді.
Бірақ жаңа пальтомды киемін де шығамын деген Нәби шопанның зайыбы біраз бөгелді. Әйел адамның жаңа пальтосын киген соң, жаңа орамалын да іздейтін әдеті бар екенін қонақтар әрине, іштей жақсы біліп тұр.
Әйтсе де:
– Нұрсұлтан Әбішұлы, облыс орталығында болатын жиналыстың уақыты жақындап келеді, – дейді С.Терещенко сағатына қарап.
– Бәрі де сәтімен болады, – деп Елбасы қонақтарды сабырға шақырып, Нәби құрдасына қарады. – Замандасымызды күтейік.
Осы кезде Елбасының құрдасы жымиып, өзіне өзі шағым айтқандай болып:
– Нұреке, жалғыз әйел болған соң осы екен ғой, – деп елді ду күлдірді. Елбасы да езу тартып, шопан құрдасының иығынан ақырын ғана қағып:
– Шыныңды айтқаныңа рақмет, – деп күлімсіреді.
Сол сәтте үйден жаңа пальтосын киіп, жаңа орамалын тағып Нәби шопанның зайыбы да асыға басып шығып келе жатты.
Ел егемендігін алған жылы түскен осы бір сурет біздің көңілімізге өте ыстық әрі қымбат естелік болып қалды.
Кей күндері күре жолдың бойымен кетіп бара жатып Тастұғырдағы қыстау жаққа қимастықпен қараймын. Оның үстінен нұр жауып тұрғандай боп көрінеді.
Балтақара ОРАЗОВ, зейнеткер, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы