• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Медицина 01 Желтоқсан, 2017

Сарғайған суреттің сыры

429 рет
көрсетілді

Елбасымен бала күнінен дос, сыйлас болған жандардың ылғи да айтары көп. Ол кісілер өткен кезеңге шегініс жасап, сол кезеңнің ұмытылмас сәттерін сипаттағанда көз алдымызға тұтас бір дәуірдің суреті келгендей болады. 

Кешегі қарапайым отбасында тәрбиеленген қазақ баласы азамат болып, атқа қонғанда да қалың қазақпен бірге қуанған солар болатын. Ал бүгінгі жеткен биігіміз, көтерілген тұғырымыз да Елбасы замандастарының көз алдында. Ұлттың басынан өткен қилы кезеңге, тағдырлы оқиғаларға куә олар.

 Нұрсұлтан Назарбаевпен бала күнінен дос болған жанның бірі Тұрғанбек Тұрысбаев. Бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан қария Қордай ауданының Қасық ауылында тұрады. Кезінде ұзақ жылдар бойы шопан болып, бүгінде ауданның құрметті азаматы атанып отырған ардагер. Елбасының балалық шағы, өскен ортасы туралы тебірене сөз қозғаған Тұрғанбек қария бізге алпыс жыл бұрынғы суреттің тарихын әңгімеледі. «Мен мектепке 11 жасымда бардым. Оған дейін оқуға ешқандай мүмкіндік болмады. Мектепке дейін ауылда масақ теріп, қозы бақтық. 21 жасымда мектеп бітіріп, Шамалғандағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түстім. Оқып жүргенде Әлжан әпкенің үйіне барып тұрдым. Соғыстан кейінгі кезең, халықтың жағдайы нашар еді. Сонда да болса Әлжан әпкеміз құрақ ұшып қарсы алып, қолы­нан күлше нан, айран берген. Ол кісінің қолынан дәм таттым. Сөйтіп жүріп Нұрекең­мен та­ныстым. Нұрекең онда Қаскелеңдегі мектепте оқиды екен. Екеуміз сөйлесіп, кездесіп жүріп дос болып кеттік. Ол кісі ауылға кетерімде маған өзінің суретін сыйлап, суреттің сыртына «Қымбатты досым Тұрғанбекке! Шын досың Нұрсұлтаннан!» деп жазып берді. Бұл 1957 жылдың 26 сәуірі болатын. Сол сурет менде әлі күнге дейін сақтаулы», дейді Тұрғанбек қария.

Елбасының достыққа берік екенін замандастары жиі айта­ды. Бала күнгі достар кейін де үш рет кездеседі. «Нұрекеңмен әр жылдары кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті. Ол кісімен соңғы рет 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық тарихи тойында кездестім. Орталық алаңдағы Бәйдібек баба ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысқан соң, екеуміз облыстық музейдің ішінде біраз әңгімелестік. Ауыл-аймақтың жағдайын менен түгел сұрады. Баяғы бала күнгі достығымызды еске алып, қимай қоштастық», дейді Тұрғанбек Тұрысбаев.

Тағдырдың тағылым алар тұсы көп. Сол сияқты достыққа беріктік, сенімге адалдық та адам­ның асыл қасиетінің бірі. Тұрған­бек қария айтқан естеліктер мен сарғайған суреттің сыры бізді осындай ойға жетеледі...

Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан» 

Жамбыл облысы

Жамбыл облысы