Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Атбасар қаласының аты айдай әлемге әйгілі болған. Шағын қаланың атағын шартарапқа танытқан Олимпия ойындарының, әлем және Еуропаның бірнеше дүркін чемпионы атанған Анатолий Храпатый еді. Дәл осы кезеңде Атбасардың бар баласы штанга көтеріп кетті десек қателеспейміз. Сол арман қуған балалардың ішінде Марат Асайыновтың шоқтығы биік көрінетін.
Шыны керек, Марат кішкентай кезінде күреске құштар-ақ болды. Ол кезде үлкендер қаумалап балаларды күрестіріп жататын. Сондайда Марат алдына келгеннің бәрімен белдесе кететін. Түптеп айтқанда, Маратқа көшедегі күрес көп нәрсені үйретті. Денесі ширықты, бұлшық еттері бұлтылдап тұратын болды.
Марат өсе келе Атбасардағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумындағы ауыр атлетика секциясына жазылады. Атақты бапкер Анатолий Сидоров жас баланың бойындағы бұла күшті бірден байқайды. Сөйтіп Марат ауыр атлетикаға арбалып, күн сайын моншақтап тер төгетін. Штанга көтерудің техникасын едәуір меңгеріп алған соң жарыстарға да жолы түсе бастады. Ауыр атлетикадан КСРО спорт шебері нормативін де орындады.
1992 жылы Мараттың өмірінде естен кетпес оқиға орын алды. Ол осының алдында жаттығып жүріп жарақат алған еді. Байқаусызда белі кілт етіп, тізерлеп отыра қалған. Содан дәрігерлер ауыр көтеруге тыйым салды.
Ал сол жылы жазда білектің күшімен, найзаның ұшымен елін жаудан қорғаған Бөгенбай батырдың 300 жылдық мерейтойы Ерейментауда дүрілдеп өткен еді. Міне, сол тойда армрестлингтен, біздіңше қол күресінен жарыс ұйымдастырылды. Еліміздің түкпір-түкпірінен кілең мықтылар жиналған жарыста олжа салу кімге болса да мәртебе екені анық-тын. Ақмола облысының спорт саласындағы мамандары ақылдаса келе Марат Асайыновты сынға салуға ұйғарым жасады. Қол күресінде күш белге емес, білекке түсетін болғандықтан Марат үшін қиынға соқпасы еске алынды. Оның үстіне Мараттың өзі болса елімізде енді-енді дами бастаған армрестлингке әуестеніп жүрген-тін.
Біле білсек, армрестлинг – білек күшіне сын. Алайда мұнда тек қара күшпен жеңу де мүмкін емес. Техникалық және тактикалық шеберлікті дұрыс қолдана білгенде ғана қара күш қарсыласты қалтырата алады.
Міне, осы талаптарды ерік-жігеріне көндіре білген Марат Бөгенбай бабамыздың атындағы жарыста абсолютті чемпион атанды. Дәл осы жеңістен кейін ол қол күресіне біржола кірісті. Одан кейін кезекті республика біріншілігінде топ жарды.
Жылдар алға жылжыған сайын Мараттың тәжірибесі де толысып, мақсаты айқындала түсті. Енді ол әлем чемпионы болсам деген арманға арбала берді. Бұл мақсатын жүзеге асырудың сәті де туды. 1995 жылы Оңтүстік Американың аты аңызға айналған Сан-Паулу қаласында өткен кезекті әлем біріншілігінде Маратқа тағы да сенім артылды. Бұл жолы 80 килограмм салмақта сынға түскен қазақ жігіті алтыншы орынға табан тіреді. Бір жылда үш саты алға басыпты. Бұл да болса көңіліне медеу.
1996 жылы Италияның жауһары, батыстың бағына біткен Венецияда өткен Еуропа чемпионатында бағын сынады. Кәрі құрлықтың додасында ел намысын арқалап барған ақмолалық саңлақ жүлдеге қол созды. Ол жарыс барысында түрікпен тіресті, ағылшынмен айқасты, испанмен итжығыс түсті, неміспен... керісіп күміс жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Осы жарыстан кейін едәуір арқаланып қалған Марат алдағы күзде өтетін әлем біріншілігіне айрықша дайындық жүргізді. Бұл жарысқа ол тек алтын жүлдені көздеп аттанды. Енді алмасам адыра қалайын деп ашынып келген сайысы-тұғын. Арманы асқақ қой, тағы да алдырмады. Бесінші орын. Өкінді. Қапаланды. Әйтеуір құдай берген мінезі медет болды. Тағы да тістеніп, жаттығуларын үздіксіз жалғастыра берді.
Келесі жылдың гүлзар көктемі де келді. Бұл көктемді Марат асыға күтті. Өйткені Еуропа чемпионаты өтетін еді. Словакияға кілең мықтылар жиналды. Бұрынғы қарсыластарының бәрі осында жүр. Өткен жылы күміске кенелген Марат үшін бұл жолы алтыннан басқа мақсат болған жоқ. Алған беттен қарсыластарының бәрін қайыра бастады... Әй, тәйірі-ай, ақтық сынға шығар жолда бағы тайды. Қоланы қанағат тұтуға тура келді. Марат бұған да жасыған жоқ. «Қалайда алтынға қол жеткіземін», деп алған бетінен қайтпады. Ендігі үміті Үндістанда өтетін кезекті әлем чемпионатына ауысты.
Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жиналған үздіктердің арасынан топ жарудың оңай болмасын Марат жақсы біледі. Оған талай рет көзі жеткен. Сондықтан Үндістанға сапарында үлкен үмітпен аттанған еді. Шынымен де осы жолы Асайыновтың бағы мен бабы қатар жанды. Асқақ арманы ақиқатқа айналды. Ол осы біріншілікте алдына келген қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, алтыннан алқа тақты. Осылайша, Атбасардан қанаттанған, Астанада баптанған Марат Асайынов армрестлингтен әлем чемпионы атанды. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болды. Көп ұзамай ол әлем чемпионы атағына Еуропа чемпионы атағын да қосып алды. 1998 жылы Астананың халықаралық тұсаукесері қарсаңында Еуропа біріншілігінен алтын медаль әкелді. 2000 жылы Азия чемпионатында алтын тұғырдан көрінді. Осылайша, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем, Еуропа және Азия біріншіліктерінің жеңімпазы атанған жерлесіміз қазақ спортының тарихын айшықты көрсеткіштермен толықтырды.
Сірә, табиғатына біткен қарапайым мінезінен болар, Марат өзінің бағындырған белестері туралы айтуға жоқ. Бірақ спорт жарыстарында жасындай жарқылдайтын саңлақтардың күнделікті өмірде сөзге сараң, біртоға мінезді болып келетіні заңдылық сияқты ма дерсің. Әйтсе де, ел намысын қорғауға келгенде жанкештілік танытатын осы Марат секілді сомбілек жігіттер емес пе?!
Бүгінде Марат Асайынов Қазақстанның армрестлинг және гір тасын көтеру спорты федерациясына жетекшілік етеді. Өзі жүріп өткен жолдың ізімен жастарды қол күрестіру спортының биігіне бастап жүр.
Ғалым ҚОЖАБЕКОВ,
журналист