Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жанынан 3 қабатты қабылдау-диагностикалық, реанимациялық-ота жасау корпусы пайдалануға берілді. Аталған жаңа корпус 2 жылда салынып, іске қосылып отыр. Бұл ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік, қабылдау және зертханалық-диагностикалық бөлімдері орналастырылса, екінші қабатында палаталар мен реанимация бөлімі, ал үшінші қабатта 7 блоктан тұратын ота жасау бөлімі мен бүйрек пен бауыр алмастыратын гепатопанкреатобиларлық хирургия бөлімі орналастырылған. Ал емделушілер үшін стационарда қосымша 45 төсек-орын қарастырылған.
Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы қала және облыс халқына тәулік бойы хирургия, жарақат, урологиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық, неврологиялық және терапиялық салалар бойынша мамандандырылған және жоғары мамандандырылған жедел және жоспарлы медициналық көмек көрсететін көпсалалы стационар болып табылады. Күнделікті ауруханаға 200-250 науқас медициналық көмекке жүгінсе, орта есеппен олардың 70-90-ы сол күні ауруханаға жатқызылады. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жаңадан салынған корпус науқастарға сапалы, жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету үшін заманауи медициналық техникамен және медициналық мақсаттағы құралдармен жабдықталып отырғанын атап айтты. Осы жылы облыс бойынша 38 денсаулық сақтау нысандарының құрылысына облыстық бюджеттен 3,8 млрд теңге қаралып, құрылысы жүргізілсе, оның 34-ін жыл соңына дейін ел игіліне тапсыру жоспарланған. Іскер басшы Мұқан Егізбаев тізгінін ұстаған денсаулық саласындағы әрбір емдеу мекемесінде жүйелі түрде бүгінде инновациялық, жоғары технологиялық әдістер өндіріске ендірілуде.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Қайырымдылық – қайырлы іс» атты форум ел есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Іс-шара соңында арнайы құрылған комиссияның төрағасы, ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің жетекшісі Орынбай Рахманбердиев билеттен және қайырымдылық акциясынан қолма-қол 4589100 теңге жиналғанын, тағы бірқатар жомарт жандардың 1400000 теңгені науқас балалардың жеке шотына аударуға уәде бергенін хабарлады. Жиында 5 баланың ата-анасына 500 мың теңгеден тапсырылып, қалған қаржы да толығымен Алматы, Астана қалаларындағы медициналық ұйымдарда ем алу үшін кезекте тұрған оңтүстікқазақстандық балалардың емделуіне жұмсалатыны айтылды.
Мерекеге тарту-таралғы ұсыну облыс орталығымен ғана шектелмей өңірдегі әрбір аудан, қала тыңғылықты әзірлікпен келді.
Ғалымжан Елшібай,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы