• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Желтоқсан, 2017

Ақтөбе облысының экономикасын дамытуға 313 млрд теңге бөлінген

339 рет
көрсетілді

Бүгінгі күні республиканың қай өңірінде де инвестициялық тартымдылықты тереңдетудің рөлі, мәні мен мазмұны жоғары. Бұл тұрғыда индустриялық аймақтардың тигізетін ықпалы мол. Бұған дейінгі жасалған талдаулар мен зерттеулер индустриялық аймақтар құрылған облыстарда заманауи құрылым әлі қалыптасып үлгермеген өңірлермен салыстырғанда тартылған инвес­тиция мөлшері әлдеқайда артық екенін көрсетеді.

Егер осы айтылған тұжырымды Ақтөбе облысы мысалында одан әрі нақтылай түсер болсақ, есепті кезең ішінде аймақ экономикасын одан әрі дамытуға тартылған инвестиция мөлшері 313 миллиард теңгеден асып түседі. Салыстырмалы түрде алғанда бұл жоғары сома, биік көрсеткіш. Осы арқылы Ақтөбе инвестиция тартуда республика облыстары арасында ең алдыңғы қатарға шығып отыр.

Мол инвестициялық қаражат өз кезегінде аймақта индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жаңа сапалық деңгейге көтере білді. Бұл бағытта аталған бағдарлама шеңберіндегі екінші бесжылдық аралығында алынған асулар аршынды. Дәл осы тұста тартылған инвестиция көлемі 127 миллиард теңгені құрапты. Осы арқылы 2000-ға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік туып, жиырмаға жуық жобаның тұсауы кесіліпті.

Сондай-ақ Индустрияландыру картасы аясында атқарылған жобалар көлемі де көңілден шығады. Мұның ішінде ЭКСПО-2017-нің инновациялық жобаларын өндіріс­ке енгізу жөніндегі бастамалар­дың орны айрықша. Осыған орай облыста жалпы құны 43 миллиард теңгенің 18 жобасы іріктелген. Бүгінгі күні оның әрқайсысына қатыс­ты жан-жақты жобалау жұ­мыс­тары жүргізілуде. Атап айт­қан­да, бұлардың қатарында өнер­кә­сіп, мұнай-газ өндірісі және ауыл шаруашылығы саласында қал­дықтарды қайта өңдеу секілді өмір­шең жобалар жасалған.

Осындай жетістіктер мен табыстарда «Ақтөбе» индустриялық аймағының елеулі үлесі бар. Қазіргі кезде оның құрылғанына 2 жыл толып отыр. Өңір индустриясының өн бойына қан жүгіртіп отырған құрылымның жалпы аумағы 200 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда мұнда қызмет жасап жүрген кәсіп­орындардың дені өз жобаларын шетел капиталы негізінде жүзеге асыруда. Бұлардың басым бөлігі Болгария, Швейцария, Германия және Түркия елдерінің жобалары.

– Индустриялық аймақтың атқарар қызметі сан-салалы. Оның міндеті қомақты инвестиция құя алатын отандық және шетелдік кәсіп­орындарды аймақ аумағына орналас­тырумен шектелмейді. Бұған қоса біз осы арқылы өңірдегі салық­тық базаның көлемін одан әрі кеңейту шараларын белгілеп отыр­мыз. Ал түпкі мақсат – жаңа жұмыс орындарын ашуды одан әрі жалғас­тыру болып қала бермек, – деді бізге Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау бас­қа­р­масының басшысы Олжас Смағұлов.

Сөз соңында «Ақтөбе» индуст­рия­лық аймағының келешегі туралы екі-үш ауыз сөз қосқанды жөн көреміз. Бұл, бірінші кезекте, ин­дустриялық-инновация­лық тұр­ғы­дан дамудың таптырмас теті­гі, таптырмас мүмкіндігі. Әрі индустриялық аймақ – өңір экономикасының тамыр соғысын ретке келтіре алатын барометр. Бұл құрылым толық қайтарыммен жұмыс істеген жағдайда өңірдегі табыстар мен жетістіктер тізбегі де өсе түспек. Сонымен бірге индус­трияландыру мүддесін көздейтін құрылым әлемдік өлшемдер мен талаптарға сай өндірістің өрі­сін ашудың өміршең тәсілі. Биыл «Ақтөбе» индустриялық айма­ғы­ның игерілу көрсеткіші 50 пайыз­дық мөлшерді құрады. Оның құрыл­ған екі жылдық мерзіміне шақ­қан­да мұның өзі қанағат тұтуға тұра­тындай көрсеткіш.

Екінші бір қырынан қарас­тырғанда, аймақтың айтарлықтай мол әлеуеті қазіргі күні толық пай­да­ланылмай тұрғаны да айқын көрі­неді. Алайда алдағы жылы осы олқылықтың орны толығатын түрі бар. Осы кезде мұнда тағы да он кәсіпорын өз жұмысын бастайды деп күтілуде. Сол уақытта «Ақтөбе» индустриялық аймағының игерілу көрсеткішін шамамен 75-80 пайызға дейін көтеруге мүмкіндіктер туады.

Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ