• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Желтоқсан, 2017

«Зенченко және К» командиттік серіктестігі

519 рет
көрсетілді

немесе Елбасыға жазылған хаттардың авторы жайлы  ой-толғаныс

Қазақстанның Еңбек Ері, екі мәрте «Отан», «Құрмет Белгісі» ордендерін кеудесіне таққан, «Алтын барыс» төсбелгісінің иегері, облыстың құрметті азаматы, даңғайыр дихан, білгір ұйымдастырушы, білікті басшы, «Зенченко және К» командиттік серіктестігінің бас директоры Геннадий Иванович Зенченконың қазасына байланысты Президенттің көңіл айту жеделхатында оның өмірін ауыл шаруашылығына арнағаны, еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына өлшеусіз үлес қосқаны, еңбекпен есейген азаматтың адами қасиеттері, жоғары кәсіби шеберлігі, бай тәжірибесі, өз ісіне деген адалдығы ерекшеленіп тұратыны, бұл еңбегі Қазақстанның Еңбек Ері жоғары марапатымен, басқа да мемлекеттік наградалармен атап өтілгені айтылған-ды. Содан бері арада тұп-тура бір жыл өтті.

Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы жеке мұрағатында сақталған Геннадий Ивановичтың екі хатын оқып беріп, Қазақстан бизнесі «капитандарының» табыстары мен нақты өмірбаяндары бүгінде баршаға мәлім, деп жоғары баға берген еді. Біз әңгімені осы төңіректе өрбітпекбіз.

БІРІНШІ ХАТ немесе қиындықта шыңдалған, талай биік шыңды алған

Жеке архивте сақталған хаттың алғашқысы осыдан ширек ғасыр бұрын, 1991 жылы келген. Онда «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз қазір республикамыз үшін күрделі кезең екенін жақсы білеміз. Ашығын айтсам, ауылда да жағдай өте ауыр. Бүгінгі күні 2,5 мыңнан астам ұжымшарлар мен кеңшарлардың жағдайлары сын көтермейді. Жақында халықпен кездескен кезіңізде Сіз былай дедіңіз: «Отаның мықты кезде оны сүю де жеңіл әрі жағымды. Отаныңды сын сағатында сүйген анағұрлым маңыздырақ». Біз сын сағаты туғанын түсінеміз, бірақ Сіздің балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты да бақуатты өмір сүрулері үшін Қазақстанды өсіп-өркендеген мемлекетке айналдыратыныңызға сенімдіміз. Біз тек Сізге деген сеніммен ғана тіршілік  кешудеміз» деп жазылған.

– Нұрсұлтан Әбішұлы салтанатты жиналыста реформаларға құндылықтарды нақты адамдар берді, олар еңбектерімен өздерінің және еліміздің болашағын құрды. Сондықтан Қазақстан қазір қай кездегіден де өз күшіне сенімді көрінеді, деген еді. Елбасымен бірге тәуелсіз мемлекет іргесін қалыптастырып, қиындықтарды еңсерушілердің алдыңғы қатарында әкемнің жүруі – біз үшін зор мәртебе, үлкен мақтаныш. Бүгінде гүлденген елімізді бүкіл әлем таныса, егемендіктің елең-алаңында жағдай мүлем басқаша болатын. Біз әулетімізбен диқаншылықты кәсіп етіп келеміз. Атамыз Иван Емельянович жер-ананы еміп өсті. Кеңшар басқарып, іскерлігімен танылды, – деді әңгімелескенімізде Геннадий Ивановичтің ұлы, бүгінде серіктестіктің тізгінін нық ұстап отырған Геннадий Геннадьевич.

Геннадий Иванович еңбек жолын қара жұмыстан бастап, жүргізуші, механик, бас инженер, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы секілді сатылардан өтіп, шарболаттай әбден шыңдалған. Сырттай оқып, білімін жетілдірген. Еңбектің қайнаған ортасында жүріп, шаруашылық жүргізудің әліппесін, қыр-сырын жетік меңгерген. Бірбеткей, қайсар мінезінен талай таяқ жесе де, шындық үшін шырылдап, ақиқат үшін алысуды өмірлік мақсатқа айналдырған. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметінде жүргенде дөкей бір басшылармен келіспей қалып, оның ақыры артта қалған шаруашылықтардың біріне директор болып кетуіне тура келген. «Новоникольское» кеңшарына жіберілгенде қылшылдаған қырық жаста екен. Ол кеңседе отырып «қағаз кеміргеннен» гөрі қарапайым адамдармен етене араласуды ұнататын. Бөлімшеге көбірек ұқсайтын кеңшар орталығында сол жылы шаруашылық әдіспен үйлер салына бастайды. Жылына 30-40 үйге дейін тұрғызылған. Ірі қара малы табындарын туберкулезден сауықтыруға келгенде үлкен тығырыққа тірелген. Кеселдің әбден асқынып кеткені соншалық, бақташы, сауыншылардың арасына жайыла бастаған. Екі жыл бойы жұқпалы індетпен бел шеше күресіп, Балтық жағалауындағы елдерден жоғары өнімді қара ала тұқымды бір мың бас құнажын сатып әкеліп, табындарды жаңартқан.

– Әлі есімде, – деді Геннадий Геннадьевич өткен  күндерді еске алып. – Бір күні үйге көршілес «Чапаев» кеңшарының директоры Руслан Бекузаров келді. Екеуара әңгіме ауанынан келелі мәселені талқылауға кіріскендерін аңғардым. Ара-тұра Президентіміздің аты-жөні аталып қалады. Шаруашылықтың түтіні түзу ұшып, дәулетіне сәулеті жараса бастаған шақта Кеңес Одағы ыдырап, ізін ала жекешелендіру науқаны басталғаны мәлім. Әкемнің бар ойы – жылды таза пайдамен қорытындылаған кеңшарды тұтас күйінде сақтап қалу. Жоғарыдағы шенеуніктер «нұсқауды орындаңдар, малдың көзін құртыңдар» деп жаналқымға алды. Қирату оңай, қалыпқа келтіру қиын деген уәжін тыңдар құлақ болмағасын мысқалдап жиналған ел байлығын шөміштеп шаша алмаймын. Оған жол бермеймін, деп ақыры шаруашылықты сақтап қалды.

Елбасы мен әкесі арасындағы алғашқы жүздесу үлкен экономикалық қиындықтарға тап болған 90-шы жылдары басталған. Күрмеуі қиын уақытта облыста жұмыс сапарлармен болған Президент «Новоникольское» кеңшарына бірнеше рет келіп, жағдаймен жіті танысқан. Оның соңы достыққа жалғасқан. Нұрсұлтан Әбішұлының қарапайымдылығы, уәдеге беріктігі, батылдығы, шешім қабылдаудағы жігерлігі, сұңғыла саясаткерлігі керемет тәнті еткен.

Геннадий Иванович теріскейге голландық әдіспен картоп егудің озық жобасын бірінші болып енгізді. Заманауи технологияға негізделген кешенді сүт фермаларын жабдықтаумен айналысты. Кез келген іске мемлекеттік тұрғыдан қарайтын ол адамдардың жанын шер, жүзін мұң торлаған өтпелі кезеңде Елбасының сенімді серігіне айналып, айқындап берген міндеттер мен талаптарды мүлтіксіз жүзеге асыра білуімен тұғыры биік тұлға екенін дәлелдеп берді.

ЕКІНШІ ХАТ немесе жер емгеннің жерде қалмайтынын жете түсінген әулет

Геннадий  Ивановичтің екінші хаты 2016 жылдың басында келген. «Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! «Біз Сіздің Қазақстанды өсіп-өркендеген мемлекетке айналдыратыныңызға сенімдіміз». Бұл сөз тіркесін мен Сізге осыдан тура 25 жыл бұрын жазған едім, бәріміз 90-шы жылдардың күрделі кезеңдерін басымыздан өткеріп жатқан шақта. Міне, бүгінде Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында Сіз біздің барлық арман-аңсарларымызды іс жүзіне асыра алдыңыз.

Біздің әрқайсымыз Сіздің алдыңызда қарыздармыз. Менің өз шаруа қожалығым бар. Бұл – менің өмірім, менің жұмысым, менің табысым мен отбасымның игілігі. Бүгінде немерелерімнің өзі жер емгеннің жерде қалмайтынын түйсіне бастады. Біз бүкіл еліміз бойынша мыңдаған гектар орман өсіріп, жаңа елорда, жолдар, зауыттар мен фабрикалар салдық!

Сіз – біздің мәңгілік Елбасымызсыз! Сізге еңбегіңіз үшін, өзіңіз құрған Қазақстан үшін рахмет айтамыз және басымызды иеміз», делінген онда.

«Мен келешекке сеніммен қараймын және тек алға жүру керек деп есептеймін». Бұл – Геннадий Ивановичтың өмірлік ұстанымы! 2008 жылы еліміздің экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық дамуында айрықша табысқа  жеткен қазақстандықтарға берілетін Қазақстанның Еңбек Ері жоғары атағын иеленіп, «Алтын  Жұлдыз» бен «Отан» ордені қоса тапсырылғанда қолданылып жатқан озық жобалар мен технологиялар жайлы жан-жақты сипаттама берген болатын. Ендігі міндетіміз – мал басын ұдайы өсіру» дей келіп, марапат сәтінде Мемлекет басшысының «Білесің бе, Геннадий Иванович, алғашқылардың бірі болып осы награданы алғаныңа қуаныштымын. Сен оған лайықсың. Саған еңбегің үшін рахмет» деген  жүрекжарды лебізіне көңілі қатты толқығанын жасыра алмаған. Сөз арасында Еңбек Ері Жұлдызының айналаны нұрландырып тұратын жеті сәулесі болатынын, бірінші сәулеге Елбасыны, одан кейінгілеріне – басты асыраушымыз жер-ананы, кіші отанның ұйытқысы отбасыны, ұйымшыл ұжымды жатқызатынын тарата айтып, шешіле сөйлеген. Одан әрі егістік алқаптарды құнарландыру, астық өсіру технологиясын жетілдіру, жемшөп базасын нығайту мәселелері жайлы толғана сыр шерткен. Канада, АҚШ фермерлерінің үлгі тұтар өнегелі істері мен тағылымды тәжірибелерінен үйрену артықтық етпейтініне мысалдар  келтірген.

Оның есімі республика жұртшылығына ауыл шаруашылығы өндірісін алғаш ұйымдастырушылардың бірі ретінде жақсы таныс. Ең қиын кездерде әрдайым Елбасының жанынан табылып отырды. Өзі бастаған кәсібін ең жоғарғы деңгейге жеткізді. Барлық мақсат-мүддесі, арман-тілегі Қазақстанмен тығыз байланысты. Еңбекке  деген шынайы көзқарасы, елді, отанды сүюге деген құштарлығы жастарға үлгі-өнеге.

Экономиканың ауыр жылдарында нарыққа бейім құрылған серіктестік бұл күндері экологиялық таза, бағасы қолжетімді өнімдерімен танымал, заманауи ауыл шаруашылық кластері саналады. Үдемелі индустриалдық-инновациялық жобалар шеңберінде толық автоматтандырылған  сүт зауыты іске қосылды. Мұнда күніне 80 тоннаға жуық сүт өңделіп, өнімнің 50-ден астам түрлері елімізбен қатар Ресей қалаларына да жөнелтіледі. Сүт өңдеу және қайта өңдеу бойынша барлық процесс автоматтандырылған сүт комбинаты бой көтерді. 7 мың ірі қара малы бағылады. 30 мың гектарға жуық егістік алқабы бар. Қуаты 1,5 мегаватт 2 жел энергиясы қондырғысы пайдалануға берілді. 700-ге жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Мәдени, әлеуметтік  нысандар толық жұмыс істейді.

– Мемлекет басшысының айтуынша, бұл хаттарда қазақстандықтардың Тәуелсіздіктің 25 жылында қалай өмір сүргені көрсетілген, – дейді Геннадий Ивановичтің ұлы Геннадий. – Әкем ел Президентін сайлау кезінде үш рет сенімді өкілі, республикалық штабтың белді мүшесі болды. Әкемнің бақытқа бөленген кейпі көз алдымнан кетпейді.

Геннадий Ивановичтің көзі тірісінде үлгірмеген істерін немересі Иван да ұрпақ сабақтастығы ретінде жалғастыруды парыз санайды. Ол серіктестікте инженер болып еңбек етеді.

Өмір ЕСҚАЛИ «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Қызылжар ауданы