Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” Раиса БИКМУХАМЕТОВА Қызылжар өңіріндегі “Дуслык” татар-башқұрт мәдени орталығына көп жылдан бері жетекшілік етеді. Ол әркез ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық, өзара түсіністік, берік сенім секілді мәңгілік құндылықтарды ел бірлігі жолындағы алтын арқау ретінде талмай насихаттап келеді. Раиса Ғарипқызының ертеңгі күнге деген берік сенімі Елбасының кемел саясатымен орайласып жатыр.
– Менің мамандығым — журналист. Көп жыл бойы телевизия саласында қызмет еттім. Ел тәуелсіздігінің орнығуы, Қазақстанда тұратын халықтардың қилы да қиын тарихи тағдыры, бір шаңырақ астында татулық пен достыққа селкеу түсірмей бейбіт өмірге қол жеткізген құрыштай шымырлығы жайлы циклді хабарлар жасадым. “Татарлар Солтүстік Қазақстан жерінде” деген жинақ құрастырып шығардым. Сонда еш нәрсенің бірлік атты ұлы ұғымға тең келмейтініне, әр адам үшін қымбат бір ауыз сөздің қоғамды, халықты сүттей ұйытатын қадір-қасиетіне, бақыттың да, байлықтың да, төзімділіктің де, сабырлылықтың да “ырыс алды – ынтымақтан” бастау алатынына, онсыз елдің тұтастығы, этносаралық, конфессияаралық қатынастардың қиюы қашып, баянды тірліктен, тыныш өмірден береке кететініне көзім анық жете түсті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХV сессиясынан осындай тас-түйін, бекем оймен оралған едім. Онда Мемлекет басшысы, Ассамблея Төрағасы Н.Назарбаевтың “Ұлттық бірлік — біздің стратегиялық таңдауымыз” деген тақырыпта сөйлеген сөзін үлкен ыждағатпен тыңдадым.
Бүгінде әлем Қазақстанды өркениетке ұмтылған бейбіт ел ретінде таниды. Қай кезде болса да ішкі-сыртқы саясатымызды ашық жариялап, демократиялық жаңаруға бет алғанымызды бәрі біледі. Оң іс-тәжірибеміз бағаланып, үлгі етілуде. Осы жиында халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуының шарты екені нық айтылып, Президентіміздің: “Бүкіл Қазақстан мен оның әрбір этносының тағдыры үшін ең алдымен Ассамблея мүшелері, мына сіздер жауап беруге тиіссіздер. Сіздер бірлігі жарасқан Қазақстанның абыройы мен беделінің, ғасырлар бойы қалыптасқан жарасымды салт-дәстүрлерінің жанды айғағысыздар”, деген сөзі жадымда жатталып қалыпты. Шынында да, бүгінде Ассамблея Қазақстан халқының ортақ мінберіне айналып, әлеуметтік мәні зор мәселелер кеңінен талқыланатын болды. 1995 жылы Алматы қаласында осынау арқалы басқосудың бірінші сессиясына қатысқаным әлі күнгідей есімде. Содан бері аталған қоғамдық институт этносаралық және конфессияаралық келісімнің басты тетігі ретінде ел тарихында маңызды рөл атқарып келеді. Бірегей институттың құқықтық мәртебесі кеңейіп, ұйымдық жағынан күшейді.
Сессияда Мемлекет басшысының Ассамблея алдына патриоттық тәрбие, азаматтықты және мемлекеттік тілді нығайту, этносаралық және конфессияаралық келісім секілді бағыттар бойынша тың міндеттер жүктеп, жаңа идеялар тудырушы, мемлекеттің ұлттық бірлік саясатының сенімді тірегі болу талаптарын қоюы Ассамблея қызметінің жаңаша сипат алғанын аңғартса керек. Осы жолы Елбасы Қазақстанның ел бірлігі доктринасы туралы пайымдауларын ортаға салып, негізгі бағыттарын айқындап берді. Енді, міне, Президенттің тапсырмасымен әзірленген тарихи құжаттың жобасы қолымызға тиіп, алған әсерлерімізді бөлісудің реті келіп тұр.
Мен ұлттар достығы жайлы айтудан еш жалыққан емеспін. Өйткені, татарлар жайлы кітап шығару барысында түрлі этнос өкілдерінің қылышынан қан тамған қызыл кеңестің саясатынан қаншама азап шеккенін айғақтайтын құжаттар қолыма тиді. Қаншама халық ата-баба қонысынан еріксіз жер аударылып, Қазақстанды қоныстанды. Сол кезде қазақ халқы оларды туған бауырындай құшақ жая қарсы алғанын аға буын ұмытқан жоқ. Осындай ұлттық дәстүрлерді құрметтеу, әр халықтың ерекшеліктерін ашып көрсету жағы бізде әлі де жетіңкіремейді. Өйткені, мұны кейінгі буын біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен қазақстандықтарға барлық этнос, конфессиялар, топтар өкілдерінің өмір сүру салтына, дәстүріне, сезімдеріне, пікірлеріне, идеялары мен сенім-нанымына төзімділіктің жоғары деңгейін қалыптастыру, адамгершілік құндылықтар, үлкенді сыйлау, отбасы институтын құрметтеу, қонақжайлық қасиеттерді дәріптеу мәселелерінің талқылауға арналған жобада кеңінен қарастырылуы құптарлық. Доктринаны іске асырудың негізгі бағыттарында білім беру, тәрбие, рухани-мәдени салалардың түгел қамтылып, жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеудегі бастамашылықтар да айқын көрініс тапқан. Бұл орайда, “Менің елім” атты халықтық-патриоттық акцияларды жыл сайын өткізуге арналған шаралар да өте дұрыс.
Ассамблея мінберінен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Елена Косенкова мемлекеттік тілде жатық сөйлегенде сүйсінбеген жан қалмады десе болады. Ол толғамды пікірлерімен жиынға қатысушыларға үлкен ой салды. Біздің білім ордасында қазақ тілі бір жыл ғана оқытылады. Бұл қалай? Неге бес жыл бойы үйретпеске, деді ол. Петропавл қаласындағы орыс мектебін бітірген қаршадай қыз көпшілікке ортақ толғақты проблеманы көтерді. Ойланарлық жәйт. Доктринада Қазақстан халқын біріктіруші фактор ретінде мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне үлкен басымдық берілген. Бұл заңды да. Этносаралық қатынастар саласындағы мемлекет қызметінің маңызды бағыты теңгерімді тіл саясатын жүргізу болып табылады. Ал, Ата Заңымызда қазақ тілі — мемлекеттік тіл болып жазылғандықтан, оның өркендеуіне бәріміз мүдделі болуға тиіспіз.
Қалай десек те, Қазақстанда әлемдік қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға ие болған этносаралық келісімнің өзіндік үлгісі қалыптасқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ендігі мақсат Қазақстанның ел бірлігі доктринасын басшылыққа ала отырып, тәуелсіздігімізді сақтау, мемлекеттілігімізді нығайту болса керек. “Төртеу түгел болса, төбедегі келеді” демекші, ауызбірлігіміз мықты болса, шаңырағымыз ешқашан шайқалмайды.
Айтпақшы, сессия басталар алдында Астана қаласының іргесіндегі бұрынғы “АЛЖИР” лагеріне экскурсия ұйымдастырылды (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері). Ашық далада орналасқан қапас қамалының ауыр зардаптарын көзге елестететін бір белгі ретінде тауарлы вагон ғана сақталыпты. Қалғандары тың игеру жылдары жойылып кетсе керек. Экскурсия жетекшісі 40 адамдық ағаш вагонға 70-80 адамды тиеп, қыстың қақаған суығында әйелдерді, бала-шағаны ит байласа тұрғысыз лагерьлерге тасығанын айтқанда, сталиндік қуғын-сүргін құрбандары – жазықсыз жандардың жанарларын үрей қысып, шыбын жандарын азап қинағаны көз алдымызға келді. Тағдыр тәлкегіне қанша көнсе де, тарих сахнасынан сызып тастау мүмкін емес. Осындайда, тәуелсіздік, бостандық, еркін ел деген тәтті ұғымдардың қадір-қасиетін тіпті сезіне түседі екенсің. Бұдан кейін тарих тоғыстырған қилы тағдырлы адамдардың Қазақстанда бақытты өмір сүріп жатқанын қалай ғана мақтан етпеске!
Жазып алған Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы.