Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үшінші жаңғыртуға бастаған Жолдауында цифрландырудың барлық салаға серпін беретінін айтты. Елбасы пәрменімен елімізде цифрландыру ісі қысқа мерзімде нәтиже бере бастады. Мәселен, әлеуметтік саланың цифрландырылуы көптеген қызметтің халыққа қолжетімділігін арттыра түсті. Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосты. Мұнда жұмыспен қамту, еңбек қатынасы, зейнетақы, әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру мен көші-қон салаларының қызметін оңай ала аласыз. Бұл – дүниеге келген күннен бастап автоматтандырылған қызмет көрсететін жүйе. Яғни азаматтардың дүниеге келу, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қызмет көрсету, зейнетақы жарнасы, әлеуметтік аударым іспетті төлемдерді жүзеге асыру және басқа да дербес есебі жүргізіледі.
Биыл елімізде 19 миллионнан астам қызмет көрсетілсе, оның 17 пайызы e-gov порталы арқылы жүргізілді. Қызмет алушылар бойынша онлайн-деректердің жаңартылуы азаматтардың әлеуметтік құқығын қамсыздандыруды мониторингілеуге және қажет болған жағдайда релевантты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
2017 жылғы қазан айынан бастап Бірыңғай электронды еңбек биржасы іске қосылды. Енді жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер нәтиже бермейтін әңгімелесуге ресурс шығындамайды. Бос орындар мен түйіндемелер бір жерде ыңғайлы форматта жинақталған. Жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы қарым-қатынас электронды форматқа көшірілуде. Осылайша 2025 жылға қарай жұмыс іздеушілер ішінде (2,2 миллион) жұмысқа орналасқандардың үлесі екі есе артады деп күтілуде. Жалпы, 1,5 ай ішінде биржа арқылы 15 мың адам жұмыс тапты. Бүгінде электронды биржада 8 мыңнан астам түйіндеме және 30 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Сонымен бірге келесі жылы оған 199 жұмыспен қамту орталығы мен 10-нан астам жұмысқа орналасу жөніндегі интернет алаңы қосылмақ. Биржа базасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар үшін мемлекеттік кіріс органдарында оңайлатылған тіркелу тетігі іске асырылады. Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек шарттарын бірыңғай есепке алу жүйесі енгізіледі. Электронды форматқа ауыстырылған еңбек шарты кірістерді жалпыға бірдей декларациялауды енгізу үшін негіз болмақ.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жарналарына тұрақты мониторинг арқылы кәсіпорындардың жалақы және жұмыскердің бюджеттік емес қорларға міндетті төлемдері бойынша берешегін айқындау мүмкіндігі бар. Әзірге бұл ақпарат тек әкімдіктер мен мемлекеттік кірістер комитетіне берілді.
Цифрландыру ісі мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде де кеңінен қолданылмақ. Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу жөніндегі композиттік қызметке көшу жүзеге асады. Енді тиісті қызметті алу үшін адам үш емес, бір ұйымға ғана жүгінеді. Куәландыру кезінде мүгедек адамның қатысуы талап етілмейді, ол өтінішін электронды түрде е-gov арқылы бере алады. Өтініш өтініш берушінің аумағына қарамастан тәуелсіз сарапшылар арасында кездейсоқ іріктеу арқылы бөлінеді. Осылайша, елде медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиялары саны қысқарып, сыбайлас жемқорлық көрінісі азаяды. Мүгедектерге қызмет пен өнім берушілерді (шипажай-емдеу ұйымдары, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар өнім берушілері) таңдау құқығы берілетін әлеуметтік қызмет порталы құрылады. Бұл бәсекелестік орта мен көрсетілетін қызмет сапасын арттырмақ. Мемлекеттік сатып алу барысында әкімшілік кедергілерді жою шағын және орта бизнестің дамуына мультипликативті әсер етеді.
Сондай-ақ бұрынғы атаулы әлеуметтік көмектің, балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы мен көп балалы отбасыларға көрсетілетін арнаулы мемлекеттік көмектің орнына 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі. Оны алу үшін жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»