Қажығали Мұхамбетқалиевтің әдебиетке деген көзқарасы, көркемдік-эстетикалық ұстанымы, жазушылық болмысы, шығармашылық жолдарының қалыптасуы жөнінде қаламгердің аты дабыралы болып ел аузына іліккен осынау кемел шағында бірге оқыған жолдасы және жасы үлкен ағасы жолымен пікір білдірсем деп ойлағаныма біраз болғанымен, сол көңіл толғанысы мен бұлқыныстарын неден бастаудың ығытын таппай жүргем. Жақында қаламгердің ғаламторда жарық көрген сыни мақаласы ойымды жинақтауға себептесті.
Қажығали қазақ әдебиетінің бойына сіңісті болған қатерлі дерттің атын атап, түсін түстеді. Ол не дерт еді? Біреудің бұрын-соңғы атақ-даңқына, екіншінің лауазымды қызметіне қарай, тіпті кей жағдайда айта-айта ауыз үйреніп кеткен, жібек орнына бөз жүрген, жауырды жаба тоқуға бой үйретіп, ақыр соңы жаман мен жақсыны айырудан қалып, биік талғам өлшемін төмендету дерті. Ол әдебиеттің жолбикелеріне сұрағанға тіленген. «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» дегендей, өлшем төмендеген жерде олардың құдайы беріп, қағаналары қарқ, сағаналары сарқ болары белгілі. Айдын шалқар көлін қорыған қызғыштай қиғылықтаған шынайы суреткер әдебиетті биік белестерге қарай сүйресе, шығармашылық төңірегінде жолбикелер әдебиетті батпаққа сүйреп әлек. Осы дерттің қырсығынан қазақ әдебиеті жалған классиктерге қаптап кетті. Шынайы классика мен «жалған классиктердің» аражігін айырып, арасына қазық қаққан Қажығали Мұхамбетқалиұлы. Осы үрдіс жалғасын тапса, армандары биік, арлары таза жас әдебиетшілер қаламгер ағаларының пікірін қолдап әкетіп, тұс-тұстан үн қосса, шынайы әдебиет төңірегіндегі қоқсық пен қобыр азаяр ма еді, азаймағанның өзінде жалған әдебиет өкілдері аяғын жияр ма еді, қайтер еді?
«Өзің дуанасың, кімге пір боласың» дегендей, бұл сөзді өзіне кәміл сенген қаламгер болмаса, кез келген айта алмайды, Қажығали өзінің шығармашылық қуатына сенгендіктен айтып отыр. Бетінде жылты жоқ, тұнған қара судай болған әдебиет айдынын лайын аспанға шығарып бір бұрқаған Қажығалидің батылдығына тәнті болмасқа лаж жоқ.
Оқырмандармен кездесулерде 60- жылдары әдебиетке келген тегеурінді ұрпақтың бұрынғы буын ақын-жазушылардан қандай айырмашылығы бар еді дегенді жиі сұрайды. Бұрынғы буын қаламгерлер үлкен лауазымды қызмет атқарып жүргендерімен, шала оқыған адамдар еді. Институт бітіргендері кем де кем. Демек, тиіп-қашты әр нәрсенің басын шалғандарымен, базалық білімдері жоқ кісілер еді. Ал 60-жылдары әдебиетке келгендер – институт, университет қабырғаларында тиянақты білім алғандар, олардың көпшілігі әлемдік әдеби процестермен жыға таныс қаламгерлер еді. Адамзаттың рухани қазынасын терең ақтарып, білімділік көкжиектерінің кеңдігі жөнінен алдарына жан салмағандар – Қадыр Мырза-Әлі, Әбіш Кекілбай, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғали, Төлен Әбдік, Марал Сықақбай, Бексұлтан Нұржекеев, Зейнолла Серікқалиев, Әшірбек Сығаев деп бір түйіндесек болғандай. Міне, осы тізімнің қатарында Қажығали Мұхамбетқалиев те бар. Бұлар әлемдік деңгейдегі ұшан-теңіз білімдерімен өз замандастарынан оқшауланып тұрды. Қазақ әдебиетін биік белестерге көтерген де осылар.
Қажығалидің әскерден қайтып оралып, облыстық газетке қызметке тұрып, үйлі-күйлі болғанын естіп жаттым. Бұл кезде «Лениншіл жас» газетінің батыс облыстары бойынша тілшісі едім. 1967 жылы оны Ақтөбеге іздеп бардым. Достарын, редакция қызметкерлерін шақырып қонағасы берді. Кешегі сырықтай тігінен тік өскен, қабырғасынан күн көрінген балаң Қажығали емес, кәдімгідей есейіп шаңырақ иесі болыпты. Езуде папирос, қолда рюмка, қияқ мұртты сипап қойып, келіншегін көзімен жұмсап отыр.
1969 жылы батыс облыстардағы меншікті тілші қызметімді Фариза Оңғарсынованың қолына тапсырып, Алматыға «Лениншіл жас» газеті редакциясына қайтып оралдым. Сол жылы күзде Қажығали мен Сұлухан да Алматыға көшіп келіп, Дүйсенбек Қанатбаев екеуміз тұратын «Горный Гиганттың» көшесінен пәтер жалдады. «Ақтөбе әдемі қала болғанменен, әдеби орта жоқ. Шер тарқатып сөйлесетін адам да кемде-кем. Не әңгіме бастасаң да, ақыры күнделікті күйбең тірлікке кеп тіреледі. Тұншығып қала жаздадым. Қой, ортама қайта оралып, өздеріңе жетейін деп, тік көтеріле көшіп келдім», деді Қажығали бір әңгімесінде.
Қажығали Мұхамбетқалиевтің әдебиетке дендеп енуі осы кездерден басталды деп білемін. Мерзімдік баспасөздер мен жас жазушылар жинақтарында әңгімелері жылт етіп көрініп қалып жүрді. Жас қаламгердің менің көңілімді аударған әңгімесі «Бас жұтқан бас» болды. Махамбет тағдырына қатысты дүние ғой. Махамбеттің басын шауып, Руссияға қауіпті дұшпанның көзін жойғаны үшін Баймағамбет сұлтан Петорборға патша қабылдауына шақырылып, омырауына «Қасиетті Анна» орденін, иығына генерал шенін жапсырып, осынау дәреже-марапатты еліне көрсетуге асығып келе жатқанда, Електің суына ағып өлді. Қарсы беттегі қалың тал арасынан атылған мылтық оғы қақ жүректен қадалғанда ол қайықтан мұзды суға аударыла құлады. Байғұстың мүрдесі де табылмай, ақырған азулы сұлтанның қазақ топырағында моласы да қалмады. Шығармаға сұранып тұрған сюжет қой. Қаламгердің аталмыш дүниесін әңгіме демей, повесть десе де тақияға таршылық етпейді. Бір кездескенде «Бас жұтқан бас» туралы жақсы пікір білдіріп едім, Әбіштің де жоғары баға бергенін айтты. Шынында да, «Бас жұтқан бас» Махамбет туралы жазылған көркем шығармалар арасында оқшау тұрған, терең мағыналы, классикалық сюжетке құрылған өте шоқтықты шығарма.
Осы жылдары Қажығалидің «Ақырғы күн»», «Мінез», «Сынық терезе», «Ескі достар», «Оралу» әңгімелері жарық көрді. Қаламгер шығармаларын ішектей шұбалтпай қысқа қайыруға бейім болғанымен, повеске барабар ұзақ әңгімелері де кездеседі. Мәселен, «Оралу», «Бас жұтқан бас». Ал негізінен Қажығали әңгімелері новелла тектес қысқа, бас-аяғы жинақы, жұтынған дүниелер. Ол адам мінезіндегі өзгеріс, бұлтарыс-қалтарыстарды суреттеуге шебер. Әңгімелерінің басым көпшілігі осы бағытта болып келеді де, солардың баршасы жиналып келіп қаламгердің бұл жанрдағы өзіндік бағытын, тақырып аясын айқындады. Нақтырақ айтқанда, Қажығали әңгімелері негізінен психологиялық дүниелер.
Кімге қалай екенін білмеймін, өз басыма қаламгердің «Қайдағы-жайдағы» әңгімесі ерекше ұнайды. Несімен ұнайды десеңіз, алдымен «Қайдағы-жайдағы» деген аты ұнайды. Мұндай ат қойған және «қайдағы-жайдағыны» шығарма өзегіне айналдырған қазақ әдебиетінде басқа туынды жоқ. Оның үстіне Қажығалидің осы шығармасы астармен, иек қақты ыммен, ерін ұшы емеурінмен жазылғандай. Басқа соққандай анық-қанық ештеңе жоқ, бәрі тұнып тұрған меңзеулер. Орыстар мұндай шығармаларды «полу тонмен» жазылған дүниелер деп жоғары бағалайды. «Полу тон» тәсілі, әдетте, музыка мен живописьте кезігеді, әдебиетте жыл құсындай сирек құбылыс. Осы сирек құбылыс «Қайдағы-жайдағыда» кездеседі. Әрине моралистер ондай шығармаларды ұнатпайды, «көңіл қитұрқысының» қатарына қосады. Автор да әлгі моралистердің алдын орағандай: «Неге қайдағы-жайдағы? Осының өзі оңашада болмаса, басқа уақытта өзге түгіл, өзіңе-өзің мойындамайтын, әйтсе де пенде болған соң мынау ақиқат өмірде кездеспей қоймайтын бір сәт болса ше?..Өйткені қайдағы-жайдағы ұсақ-түйек те адам өмірінің белгілі бір бөлшегін құрамай ма?» дейді әңгімесінің тоқетер түйінінде. Кейіпкерді протипіндегідей қаз-қалпында көрсетпей, әсіре идеяландырып көрсету – кешегі күннің дерті. Адамның боямасыз ішкі қалтарысын арқау ету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өз басым қаламгердің осы әңгімесін классикалық шығарма қатарына жатқызамын. Қаламгерді қатарынан мойнын оздырып, айтулы әңгіме шеберлерінің санатына қосып тұрған – сөз саптау ерекшелігі. Қажығалиде баттасқан теңеулер, басы артық бояулар жоқ, өзі баян етіп отырған күнделікті қоңырқай тірлікке лайық суреткерлік тілі өте жатық әрі барынша оралымды. Шығармаларында тілдік шашаулық жоқ десек те болғандай. Ол бір жағынан суреткер болса, екінші жағынан өте нәзік психолог те. Дәп басқан мінез қалтарыстары мен бейнелі суреткерлік қарапайым тіршілік көріністерін әңгіме дәрежесіне сүйреп шығарып тұр. Қажығали әңгімелерінде өзіміздегі Бейімбет Майлин, орыс жазушыларынан Тургенев, Чехов, Бунин, Толстой шығармаларындағы интонациялық лептің ұшығы байқалады. Еліктеу, қайталау емес, солардың шығармаларының тынысымен тыныстау ерекшелігі басым. Ол – құптарлық жақсы нышан. Біздің прозашыларымызда ұқсастық басым, шығарманың төбесінде фамилиясы тұрмаса, оның авторын ажырату мүмкін емес. Ерекше қолтаңба дегеннің қадір-қасиеті осыдайдан танылады. Қазақ әдебиетінде Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов қолтаңбалары танымал, олардың әрқайсысының сөз саптау, сөйлем түзілістері дара-дара. Олардан кейінгі қаламгерлер шығармаларында лиризм, психологизм, типтік мінез-құлық аужайларына көбірек көңіл бөліп, қаламгерлік даралықты құнттауға салақтық танытқан. Осы орайда Қажығали шығармашылығы өнікті бастауларға бай. Қажығали өзінен бұрынғыларға да, өз қатарластары мен кейінгі қаламгерлердің бірде-біріне ұқсамай, өзінің шығармашылық әлемімен, тақырыбымен, баяндау тәсілі, бейнелеу құралдарымен ерекшеленіп тұрғанын мойындамасқа лаж жоқ.
Қай ұлттық әдебиетте де ұлт азаттығы жолындағы қозғалыстар бірінші орында тұрады. Оның ең әлсізімен ел билеген патша, император, біздің жағдайымызда хан тарихтары теңесе алмайды. Өйткені ұлт-азаттық қозғалыстары – халықтың қаны, жаны, ең көкейлі мақсаты. Онымен ештеңе деңгейлесе алмайды. Мен де ұлт-азаттық қозғалыстарының тарихымен тереңірек танысып, тақырыптың әргі-бергі аужайын біршама жақсы ажырататын деңгейге жетіп қалғанмын. Бірде Сырым қозғалысын ауызға алғанымда, Қажығали ұшып кете жаздады. Өзінің де шамасы әргі ойы сол болса керек. Сырым көтерілісі туралы жинақтаған біраз материалым бар-ды. Қуана-қуана ортаға салдым. 1966 жылы шыққан «Орыс-қазақ қатынастары» деген құжаттар жинағы мен Вяткиннің «Сырым батыр» деген зерттеуін қолына ұстаттым.
Бұл 1977 жыл еді. Кейін Сырым мәселесін мен сұрамадым, ол да тіс жарып ештеңе айтпады. Араға алты-жеті жыл түскенде, Қажығалидің әңгіме жазуды сиреткені, Сырым туралы тарихи романнан да ұшты-күйлі хабар болмауы – көңіліме күдік орнықтырды. Бірер рет сұрауға оқталып тұрып, онсыз да қиналып жүргенде, күдігін молайтам ба деп сұрамадым. Оным дұрыс болыпты. Ақыры 90-жылдары Сырым туралы романның бірінші бөлімі «Жалын», «Таң Шолпан» журналдарында жарық көріп құлақты елең еткізді.
Роман толстойлық ауқыммен басталған екен. Кең тынысты, алуан детальды, өмірді шашау шығармай қаз-қалпында көшіру сынды классикалық үлгідегі шығарманың аужайы байқалады. Болашақ Орынбор өлкесінің генерал-губернаторы Игельстромды патша сарайында қабылдау, сол кездегі Ресей империясының ішкі-сыртқы тізгінін қолда ұстап отырған белгілі тұлғалардың алдынан өтіп, ақыл-кеңестерін тыңдау, өлкенің өткен-кеткен тарихы мен онда жүргізіліп келген орыс саясатының қыр-сырымен танысу, ақыры губернаторлыққа бекітілуі сырт көзбен қарағанда ұзақ баяндалған. Қаламгер бұл мәселеге алабөтен неге шұқшиды десек, мән бар екен – патша кеңсесінің осы биік есікті кабинеттерінде қазақ жерін отарлау саясаты жасалып, жүзеге асыруға дайындалып жатыр екен. Игельстром Россияның Қазақстанды отарлау саясатының дайын концепциясымен келді. Алайда оның аяғы аспаннан келіп тас-талқан болғанын, оны тас-талқан еткен Сырымның саясаты екенін романның жалғасынан көреміз.
Журналдарда басылған романның алғашқы тараулары мен бірінші бөлімі оқырманды әрі-сәрі халге душар еткені жасырын емес. Оқырман Сырым батырдың бейнесін, оның отаршыларға қарсы күресі мен ұстанған өрелі саясатын көруге асықты. Ал алғашқы тарауларда Сырым жоқ-ты. Оның орнын Игельстром бейнесі тұтастай басып тұрған-ды. Романның бастапқы бөлімінің екіұдай қабылдануы – осы жағдайға байланысты деп ойлаймын. Қажығали Сырым туралы біраз зерттеу материалдарын газет бетінде жариялап, Ұлттық академияда да баяндама жасады. Қысқасы, Мұхамбетқалиев тұра-келе Сырым көтерілісі тарихының бірден-бір білгіріне және тақырыптың талассыз қожасына айналды. Сырым туралы іс-шаралардың басы-қасында болып, жиын-жиналыстарда баяндама жасап, Сырымның абырой-даңқын арттырумен бірге өзі де ел ілтипатына бөленді. Міне, алдымда зілдей болып «Тар кезең» романы жатыр. Оның «Сырым батыр» не таптық қарым-қатынас, қазақ қауымының өзара ішкі таластары, не Сырымға қатысты басқа бір атпен аталмай, неліктен «Тар кезең» аталғанын романды бастан-аяқ оқып шыққан соң түсіндім.
Аталмыш тақырыпқа Мұхамбетқалиев өз ұстанымен келген. Ол Сырымның өмірбаянын, істеген істері, атқарған міндеттерін түгендеп теруді көздемеген. Қаламгердің діттеген түпкі мақсаты – қазақ халқының орыс отаршылығына қарсы күресін көрсету болған. Роман бастан-аяқ осы мақсатқа бағындырылған. Сондықтан Сырымның хан ұрпақтарымен ұстасып, бірін қазақ арасынан Уфаға қашыруы, екіншісін өлтіруі, қазақ қауымындағы топтар мен таптардың ішкі тартысы жоқ, идея, сюжет тек қана отаршыларға қарсы күреске құрылған.
Үздік-создығымен 14 жылға созып, орыс мұрағатында 10 мыңға жуық құжаттық деректер қалдырған Сырым қозғалысы – ұлт-азаттық көтерілісінің ауқымдысы және маңыздысы. Бірде-бір көтеріліс нәтижеге жеткен жоқ, бәрі де қанды қасап қырғынмен аяқталды. Сырым көтерілісі ғана нәтижеге жетті. Қазақстанның батыс бөлігінде хандық билік жойылып, бес жыл бойы «Билер кеңесі» мемлекеттік құрылым міндетін атқарды. Дәлірегі – Сырым демократия принциптеріне негізделген жаңа мемлекеттіліктің негізін қалады десек те артық емес.
Кейбір қаламгерлер кітапты талқылау кезінде Сырымның хандықты жойғаны қалай, хандық халықты ішкі-тысқы жауға қарсы ұйымдастырушы басты күш еді ғой деген пікірлер де айтылды. Иә, хандық құрылым өзінің жасампаздық мүмкіндігін ақырына дейін көрсете алмады. Оған алдымен жоңғар шапқыншылығы, одан кейін орыс отаршылдығы қолбайлау болды. Сырым көтеріліс бастаған кезде хандық жүйе өзінің ыдырау сатысына енген-ді. Хан шын мәнінде Ресей билігіне кіріптар жағдайға тап болып, соның сөзін сөйлеп, соның саясатын жүргізетін қолшоқпарға айналды. Хандар ақыры халық мүддесінен алыстап, ашықтан ашық отаршылар мүддесін жақтаушыларға айналды. Міне, Сырымның хан тұқымдарын қазақ арасынан қуып, билікті халықтың өзіне, яки халық өкілдері – билердің қолына алып беруінде осындай сыр бар. Оның соңына әскер шұбыртып орыс әскерлеріне қарсы шыққан соғыстары, орыс әкімшілік жүйесін қазақ арасына енгізбеу жолындағы саяси күрестері, ең ақыры жаңа типті мемлекет құруы тарихи ойымызда әлі бағасын алған жоқ.
Роман Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Қаламгердің еңбегі жанды деген осы болады. Қажығали «Тар кезеңін» жазу үстінде қандай қиындықтарға тап болып, жолсыз тығырыққа тіреліп, жаны күйзелген кездері туралы жұмған аузын ашпайды. Мейлі, оны оқырманға ашып айта ма, айтпай ма, өз еркі ғой, ал осы сияқты күрделі тақырыптардың азабын шегіп, талай шашым ағарған мен романның көлтабанның тұнбасы тәрізді астыңғы ағысынан, яки подтексінен, қаламгерлердің қиналыстарын анық аңғарамын. Қажығали Сырым туралы он мыңдаған қалың құжаттармен көп алысқан. Оның сол баттасқан құжаттардың жетегінде кетіп, батпаққа малтығуы да ғажап емес-ті. Онда біз қазіргі «Тар кезеңді» емес, мүлде басқа «Тар кезеңді» көрер едік. Қажығали Сырым туралы халықтық әпсана жолымен кетуі де мүмкін еді. Онда біз басқа Сырыммен ұшырасар едік. Қажығали бұл екі соқпақтың екеуіне де ат басын бұрмай, Сырым тарихын бейнелеуде өз жолын тапқан. Романның жаңалығы да осында. Сырым бейнесінің сонылығы да осында. Біз құжаттағы Сырымды да, ел аузындағы Сырымды да емес, басқа Сырымды, орыс отаршылығымен алысқан саяси күрескер, сұңғыла дипломат Сырымды көріп, шөліккен сусынымызды қандырғандаймыз. Және «Тар кезеңнің» проза жанры тоқырап, жақсы шығармалардан үміт үзілген кезде шаң бергенін – ояңсыған қабырғаны жауып, жоғымызды толтырғандай болды емес пе? Оқпанда оқ бар кәрі тарландарымыз әлі тоқырай қоймаған екен. «Тар кезең» – әдебиетіміздің шаң-тозаңнан сілкініп, қайта өрлеуінің басы болғай еді деп тілеймін.
Биылғы 2017 жылды қоғамдық-әлеуметтік өмірде – «Экспо» жылы, ал әдеби өмірімізде Қажығали Мұхамбетқалиұлы жылы деуге болады. «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған екі мақаласы, ғаламтордағы үшінші мақаласы – әдеби сынның үлгілі туындылары. Осы үш мақаланы әдебиетші, әдебиетші емес, миллиондаған оқырмандардың оқығанына сенімім кәміл. Әңгімешіл, романист Қ.Мұхамбетқалиұлы жаңа қырынан танылды десек те болады. Шындығына келгенде, прозашы Қажығали табиғи әдебиет сыншысы екені баяғыдан белгілі. Алдымен ол терең білімді, әдебиет теориясына жетік қаламгер. Әсіресе орыс әдебиетін бақайшағына дейін шаққанда шаңына жан ілестірмейді.
Қажығалидің өрелі сыншы екеніне 2015 жылы «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан шыққан төрт томдық шығармалар жинағы кепіл. Төрт томдықтың екінші томы түгелдей жазушының әдеби сын мақалаларынан құралыпты. Тұтас бір том. Демек Қ.Мұхамбетқалиұлы бүгін сыншы болып тұрған жоқ, тамыры әріде жатқанының айғағы. Томдыққа енген қаламгердің «Шағын жанрдың шалқар көкжиегі», «Егер мен сыншы болсам», «Қарапайымдық – қарадүрсіндік емес» – қазіргі қазақ әдебиетіндегі шағын жанр мен әдеби сынның қыр-сыры мен өзекті проблемаларына терең бойлаған толғамдар. Автор нені мақұлдап, нені мансұқтаған – бірауық соған назар аударалық. «Сын, егер ол шын мәніндегі әдеби-көркем сын болса, шығарма туралы ғана болмауы керек, бұның үстіне, сол шығарманың тууына себеп болған қоғамдық, әлеуметтік жағдайлар туралы болуы керек. Көркем шығарманы түсіндірудің қажеті жоқ, сол шығармада айтылған ойлардың әлеуметтік астарына мән беру керек. Сонда ғана сын белгілі бір әдеби құбылыс туралы ой қорытады. Сонда ғана сын өзінің жанр ретінде неге дүниеге келгенін, не үшін қажеттігін дәлелдейді. Бұлай болмаған жағдайда әдебиетте сын да, сыншы да жоқ секілді көрінеді». Автор өз ойларын кемеңгер Толстойдың пікірлеріне сүйеп сөйлейді. Міне, Мұхамбетқалиұлының айтуынша, сынның көздеген нысанасы айдан анық, жұлдыздан жарық.
Қажығали берерін беріп, әдеби жетістіктері мен табыстарының жылуына жылынып бейтарап жататын қаламгер емес, бір күні айналаға жел тұрғызып, сілкініп шыға келуі әбден мүмкін. Қаламгердің шабытты шақтарын бірге қызықтау қуанышы бұйырсын бәрімізге.
Әнес САРАЙ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы