• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 11 Желтоқсан, 2017

Жапония Қазақстан бастамаларын қолдайды

638 рет
көрсетілді

Таяуда Солтүстік Корея тағы да баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді. Бұл жолы ракета Жапония маңындағы ашық теңізге құлаған. Бұған дейін де КХДР бірнеше мәрте баллистикалық зымырандарын сынап, оның кейбірі Күншығыс елінің аумағынан ұшып өткені белгілі. Осы мәселеге байланысты Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабатаны әңгімеге тартқан едік.  

– Елші мырза, таяуда Солтүстік Корея тағы да баллистикалық раке­­тасын сынақтан өткізді. Бұған дейін де КХДР бірнеше мәрте зы­мы­р­анын сынаған болатын. Со­лар­дың кейбірі Жапония аумағы­ның үстінен ұшып өтті. Осыған қа­тыс­ты Жапониядағы көзқарас қалай?

– Солтүстік Корея халықаралық қоғамдастық тарапының бірнеше мәрте айыптауы мен наразылық танытуына қарамастан, баллистикалық зымырандарын ұшыруын тоқтатар емес. Соның кейбірі Жапония аумағынан ұшып өтіп жатыр. Сонымен қатар КХДР алтыншы мәрте ядролық қаруын сынақтан өткізді. Олардың әрқайсысының қуаты бұрынғылардан қарағанда жоғары. Соңғы өткізген сынақ кезінде сутегі бом­ба­сын қол­данды деген қауіп бар. Бұл – ядро­лық қаруды таратпау жөнін­дегі халық­­аралық келісімді қайта қарау­ды қажет етеді. Сондай-ақ бұл БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің бірқатар қарар­­ларын өрескел бұзатын, Жапония мен КХДР арасындағы Пхеньян декла­ра­циясына және алтытараптық келі­сімнің шешіміне қарама-қайшы әрекет. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ядролық қарудан жапа шеккен ел ретінде Жапония Солтүстік Кореяның мұндай әрекетін қабылдай алмайды.

– Солтүстік Корея басшысы еш­­­қан­­­дай санкциядан қорықпай­ты­­нын мәлімдеген болатын. Яғни ха­лық­­аралық қоғамдастық салған санк­ция­лар әзірге КХДР-ды райы­нан қай­тарар емес. Осы орайда, Жа­по­ния көрші елдегі ядролық қару­дың дамуына қарсы қандай ал­дын алу шара­ларын қабылдап жатыр?

– Солтүстік Кореяның арандатушы әрекеттері, әсіресе, ядролық қару­ды сынау мен баллистикалық зы­мы­рандарын ұшыруы халықаралық қоға­м­дастықты ойландырмай қоймай­тыны анық. Өйткені олардың іс-қимылы әлемдегі бейбітшілікке және аймақтың қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді. КХДР тарапынан туын­даған қауіп-қатердің алдын алу мақ­сатында Жапония бірқатар шаралар қабылдады. Мәселен, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Қытай және Ресеймен тығыз ынты­­мақ­тастық орнатқан.

Халықаралық қоғамдастықтың Солтүстік Кореяға қысым көрсету жөнін­дегі шешімге сүйене отырып, Жапония 11 қыркүйекте қабыл­данған Қауіпсіздік Кеңесінің 2375-қарарын жоғары бағалайды. Атал­ған қарарда КХДР тарапынан жасал­ған сынақтар­ға жауап ретінде қатаң санкция салу жөнінде шешім шы­ға­рылған болатын. Мәселен, Сол­түстік Кореяға мұнай өнімдерін жеткізу және текстил өнімдерін сатып алуды шектеп, олардың азаматтарына шетелде жұмыс істеуіне тыйым салады. Өз кезегінде бұл шешім КХДР-ға қысымды жаңа деңгейге шығарады. Жапония БҰҰ-ға мүше елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, қарардың маңыздылығы­на назар аударады. Бұдан бөлек, Жапо­ния тарапы Солтүстік Кореяны т­ағы да әлемдік қоғамдастықтың сөзіне құлақ асып, арандатушылық әрекеттерінен, ядролық қаруды сынау мен баллистикалық зымырандарын ұшырудан бас тартуға, Қауіпсіздік Кеңесі қабылдаған 2375 қарарына мойынсұнуға шақырады.

– Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде сайланған Қазақстанның бұл мәселеде рөлі қалай? Ядролық қарудан зардап шеккен екі мемлекет ретінде өзара әріптестік қалай өріс алып келеді?

– БҰҰ Қауіпсіздік Кеңес құрамына енген тұңғыш Орталық Азиялық мемлекет ретінде Қазақстанның ұстанған негізгі дипломатиялық бағыты ма­ңыз­ды рөл ойнады. Елдеріңіз ұстан­ған көп­векторлы, халықаралық қоғам­дас­тықпен әріптестікті нығайту са­я­са­тының, Орталық Азия мен әлемде бей­­бітшілік орнатып, қауіпсіздікті қам­­­тамасыз етуге және аймақты да­­мы­туға жасаған қадамдарының маңызы зор.

Сіздердің елдеріңіз ядролық қару­ды таратпау мен қарусыздану бо­йын­ша белсенді әрекет етіп келе жат­­қа­ны, әлемнің қауіпсіздігі мен ты­­ныш­­тығына ядролық қарудан келе­­­тін зиянды жақсы түсініп, оған маңыз беріп келе жатқаны белгілі. Қазақ­­стан 2018 жылғы қаңтарда БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің төрағасы мін­детін атқарады. Осы орайда, сіздердің елдеріңіз ядролық қару­­сыз­дану және оны таратпау жөнін­де көп­теген бастама көтеретініне сенімдімін.

Ядролық қарудан зиян шеккен Жапо­ния мен Қазақстан ядролық қару­сыздану және оны таратпау мәселесіне ерекше маңыз беріп, өзара бірқатар шаралар қабылдады. Екі ел де 2015 жылдан бері Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық орнатып, өз міндеттерін атқарып келеді.

Қазіргі таңда халықаралық арена­да ядролық қарусыздануға қатыс­ты кере­ғар пікірлер өршіп тұр. Сон­дық­тан ядролық қаруы бар елдер мен басқа мемлекеттер арасында ортақ келі­сім қажет. Осындай жағдайда Жапо­ния яд­ро­лық қарусыз әлем құру мақ­са­тында Қазақстанмен әріптестігін одан әрі жалғастыруға мүдделі.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»