• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 11 Желтоқсан, 2017

Азат ойлы, Алаш рухты Ақселеу еді

503 рет
көрсетілді

Өткен аптаның соңында «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында қазақтың үлкен жүректі біртуар азаматы, көрнекті қаламгер, ғұлама ғалым, мәйекті мәдениеттанушы Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған алқақотан әңгіме болып өтті. Басылым басшысы Дархан Қыдырәлі бұл басқосудың күні кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Алаш рухты асылымыздың рухын ардақтаған халықаралық алқалы жиынның заңды жалғасы екендігін атап көрсетті. Ел газеті «Егемен» Ақселеу Сланұлының сүйікті ұжымы, тағылым алған, асқар биіктерге түлеп ұшып, қанат қаққан тәлімді ордасы болғандығын алға тартты. 

Бірінші болып сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялыларының қадірменді ақ­сақалы Мырзатай Жолдасбеков Ақселеу қазақтың маңдайына берген асылдардың бірі еді дей келе, оны азамат ретінде «Егеменнің» ізашары «Социалистік Қазақстан» газеті қалыптастырғанын қадап айтты. Ақселеудей ардақты іні­­сі­­мен 1986 жылы «Жетісу» ансам­блін Испанияға апарған сапарда басталған таныстығы Мыр­зекең­нің Еуразия университетіне ректор болған тұсында әріптес­тік­ке жал­ғасып, одан кейін жұп­тары жазылмаған ағалы-інілі бауыр­ластыққа ұласады. Ақ­се­леудің әңгімешілдігі, қашанда қазақ үшін күйіп-пісіп жүруі, не істесе де ұлт мүддесін мұрат тұ­туы Мыр­за­тай аға әңгімесінен жақсы көрініс тапты. Әсіресе  2004 жылы Ақорданың ашылу салтанаты ке­зінде Елбасының қалауымен Мыр­затай Жолдасбеков, Әбіш Кекіл­байұлы сынды абыз аға­ларымен бірге қазақтың үш биі­нің жоралғысымен ақ жол тілеген батагөйлердің қатарынан табылуы Ақселеу Сейдімбек өмірінің мерейлі де бақытты шағы деп білуі­міз керек.

«Аз жасады, көп жасады де­мей­міз. Артында үлкен мұра қал­дырды. Күй өнері мен домбыра ту­­ралы Ақселеуден асырып жазған еш­кім жоқ. «Қазақтың ауызша та­рихы» ұлт қазынасына айналды. Ақселеудің осы бай мұрасын зерттеуді қолға алу керек» деп түйіндеді Мырзекең.

Көрнекті қаламгер Қойшығара Салғараұлы: «Ақселеу сол кеңестік кездің өзінде басқа журналистерден өзгеше, ұлттық мұрат биігіне көте­ріліп еді. Далаға деген махаб­батпен, көшпелі өмір салтына сағынышпен күн кешті. Ба­­сы толған идея болатын, кез кел­­ген мәселеге өз ұсынысын ай­­­­татын. Қай кітабын алсақ та қа­зақ­­тың болмысын көрсетеді. Ол жаз­ған «Қазақ­тың ауызша тарихы» ел­та­­нудың, ұлттанудың әліппесі. Осы кітапта бұрын айтылмаған, қолданылмаған қаншама термин бар. Ақселеуге дейін фольклор­да күй аңызы деген ұғым мүлде болмаған. Ақселеу Әлкей Марғұ­лан­ның баласындай болып еді, өзі де сондай даналарымыздың қата­рына қосылды» деп тұжырды.

–Ақселеу зерттеушілікке ауыс­­па­ғанда көрнекті жазушы бо­­лар еді, – деп бастады сөзін бел­­гілі жазушы Алдан Смайыл. – Ол этнографиялық әңгімелерге бірінші болып қалам тартты. Ұлт мұраты үшін зерттеушілікке саналы түрде ауысты. Біздің әкейден күй үйреніп, шежіре тыңдайтын. Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеген академик Әлкей Марғұланға талай рет атқосшы болып та жүрді. Сөйткен Ақселеу тарихқа, ескі мұраға қызықпай тұра алмады. Қазақтың қара өлеңін қотарған «Мың бір маржан» кітабы да бір керемет. Осында Ақаң қазақта ежелден философия болғандығын дәлелдейді. Айта берсе, қазақтың тағамдарын да алғаш зерттеген Ақселеу. Ал өзі табиғатынан күй­ші. «Қазақтың күй өнері» – ғаламат кітап. Онда 150-ден астам күйшінің өміртарихы таратылып, ғылыми сипаттамасы беріледі. Ақаңның саяси қайраткерлігі әлі ашылмай жатыр. Ол ұлт тарихы, ұлттық идея хақында көсіліп кеңінен жазған күрескер адам.

Мәжіліс депутаты, мәде­ниет­­­­танушы қаламгер Сауыт­бек Абдрах­манов 1976 жылы «СҚ»-ға келген Ақселеу Сарыарқаның саф самалын, еркін тынысын ала келгенін айтты. Ақаңның әңгімесін тыңдауға Жүсіпбек Елебеков, Нұрғиса Тілендиев сынды жампоздар редакцияға өздері іздеп келетін болды. Ағамыздан көп нәрсе үйрендік. Адамға деген сенім, құрметі бөлек болатын. Еркін ойлы азамат еді. 1986 жыл оқиғасынан кейін басына бұлт үйірілген кездерін де білеміз. Сон­да біраз сирек кітаптары мен жинағ­ан материал, қолжазбаларын Есен­тай өзеніне басына бәле болып тие­тіндіктен ағызып та жіберді. Ақаң­ды жерлегенде аспанда бір бүр­кіт айналып ұшып жүрді де, көрін­бей кетті. Оның рухы қыран бүркітке айналып, қазақ көгіне шарықтап шықты, деп тәмамдады әңгімесін С.Абдрахманов.

Бұдан соң Перизат Ақселеуқызы ханым әкесінің жарқын бейнесін жылы лебізбен еске алған осындай жүрекжарды жиын өткізгені үшін «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына рахметін айтып, Ақ­селеу Сейдімбектің жақында шық­қан, «Қазақтың ауызша тарихы» бастаған бірнеше кітабын редак­ция кітапханасына сыйға тарт­ты. Өз кезегінде мейманға ба­сылым басшысы да құрмет көр­сетіп, «Егемен Қазақстан» кітап­ханасы» сериясымен шыққан, Аста­наны толғаған «Бақорда», Әбіш Кекілбаевтың «Дәуір дауысы», Шерхан Мұртазаның «Намыс най­зағайы» кітаптарын сыйлады.

«Егеменнің» журналист қа­лам­­гері Сүлеймен Мәмет ұлт­қа адал қызмет еткен, құбы­лыс дә­ре­жесіне көтерілген Ақаңдай аймаң­дайлардың ұмытыл­май­тынын айтып, осы реттегі орайлы ұсыныстарын ортаға салды. Дархан Қыдырәлі алқақотан әңгімені қорыта келе, асыл ағаның туған күні «Алашорда» үкіметінің құрылған күнімен сәйкес келуін жақсы ырымға жорыды, Алаш рухты Ақаңның өзі де азат ойлы азаматтарды тәрбиелеуге үлкен үлес қосқанын пайымдады. Осындай ұшан-теңіз миссия атқарған адамның рухы жасай беретініне кә­міл сенім білдіріп, алда, амандық болса, бас басылымның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақселеу Сейдімбектей абзалдың көсемсөз, мақалаларын бір том етіп шығару жоспарланып отырғандығынан хабардар етті.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген

Ерлан ОМАР,

«Егемен Қазақстан»