• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Таным 11 Желтоқсан, 2017

Оралға келсең, Қадырдың үйіне бар...

3451 рет
көрсетілді

...Өткенде Оралға, Батыс Қазақстан облыстық басылымдарының ғасырлық тойына арнайы келген Ермахан Шайхы ұшақтан түсе салысымен курстасы Бауыржанға: «Қадырдың үйіне апаршы мені!» депті. Ақтаудан келген Сағындық та түскі астан кейінгі тынығатын уақытын Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығымен танысуға арнаған. Анау күні Серік Ақсұңқарұлы ағамыздың Оралдағы Қадыр үйін мысалға келтіріп, «Қасымға сондай құрмет көрсете алмай жүрміз» деген қынжылысын желіден оқып едім. Қадырдың үйі – Оралдың бір киелі шаңырағына айналған екен.  

Жетім болып жүріп жетіліп, өзін-өзі еңбекпен жасаған жанның бірі һәм бірегейі – Қадыр ағамыз ғой. Алғашқы өлеңі 1953 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде жарияланса да, Қадырдың ақын атын шығарған – Алматы қаласы. Туған жеріне ара-тұра келіп тұрғанымен, Қадыр Мырза Әлі Оралдың емес, жалпы қазақтың ақыны атанып, үлкен орбитаға ерте шығып кеткен тұлға еді.

«Менің Отаным – кітапханам»

Сол Қадыр ағамызды атаме­кенімен қайта жалғаған – 2000-2003 жылдары Батыс Қазақстан облысын басқарған Қырымбек Көшербаев тоқсаныншы жыл­дардың топалаңынан кейін есең­гіреп қалған елдің назарын өнер мен әдебиетке бұрған, қам­қорлыққа зәру болып қалған қалам­герлерге алғаш қолдау көр­сет­кен әкім ғой. Оралдың нақ орт­а­сынан 6 пәтерлік элиталық үй салып, ақын Жанғали Набиул­лин, әнші Қатимолла Бердіға­лиев­терге пәтер берілетіні сол кез. Атақты Ақұштап апамыз да сол тұста елге оралды. Ал Қадыр аға­мызға қос қабатты кот­тедж бе­ріліп, ерекше құрмет көрсетілді.

Тілшілік қызметтің бір кере­меті сол ғой, атағының өзінен ат үркетін Қадыр Мырза Әлінің үйінде болып, қолынан дәм татып, бірнеше мәрте сұхбат алға­нымыз мәңгі есте.

«Қадыр аға, шыныңызды айтыңызшы, сізге Алматыда тұрған ұнай ма, әлде Орал жақсы ма?» – деп сұрадым бірде Қадыр ағадан.

– Моя родина там, где моя биб­лиотека, – деді Қадыр аға ойланбастан. «Менің кітапханам қайда болса, отаным сонда» дейтін атақты Эразм Роттердамскийдің сөзі екен бұл.

Ақынға құрмет

Әрине Қадыр ақын қашанда ел-жұртының құрметінен кенде болмаған. Тіпті көзінің тірісін­де ақынның есімі туған жерін­дегі орта мектепке беріліп, өзі ол жерде талай кездесу өткіз­ген. «Дүниеден өткеннен кейін бес жылдан соң...» деген тәртіп Қадырға жүрмеді. Ол дұрыс та еді.

Ақынның ел-жұртпен соңғы кездесулері де туған жерінде – Орал қаласында өтті. Шау тартқан ақынның жүзінде шаршау мен шаттық аралас жүріп еді сол кезде.

Дегенмен, ақынға деген ең үлкен құрмет – Орал қаласында 2015 жылы ашылған Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы дер едік.

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық­тың және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығы Батыс Қазақстан облысында ерекше аталып өтті. Орал қаласында және Жымпиты селосында ақынның биіктігін, ұлылығын, асқақтығын көрсететін қос ескерткіш ашылып, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы пайдалануға берілді. Бұл – Батыс Қазақстан облысының ғана емес, республиканың рухани өмірін­дегі айрықша жаңалық еді.

Әлі күнге дейін оралдық­тардың есінде тұр: орталықтың ашылу салтанаты халықтың тойы болып еді. Салтанатты шара­ға Қадыр ақынның жары мен балалары, немерелері, елге танымал ақын-жазушылар келді. Құрметті қонақтар қатарында Қазақ­станның Еңбек Ері, Қазақ­станның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Сенат депутаты, ақын Нұрлан Оразалин, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлы мен Батыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев болды. Бұл күні жаңа орталық 3000-нан астам қонақты қарсылады.

Сол күні орталықтың амфитеатрында Құрманғазы атындағы академиялық қазақ ұлт аспап­тары оркестрінің концерті болып, концертті 1 800-дей адам тамашалады.

Қадырдың кітапханасы

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы ғимаратының өзі ерекше сәу­летті екенін елдің бәрі айтады. Бірақ осы сыртқы сәулетке үлкен мазмұн, мағына сыйлап тұрған бір нәрсе бар. Ол – Қадыр ақынның жеке кітапханасы.

Қадыр ағамыз «ең үлкен байлығым – кітаптарым» деп кет­кен адам ғой. Ақынның өмір бойы жинаған кітапханасы туралы аңыз көп. Сол кітапхана, аңыз кітапхана, ақынның өзі «Отаным» деп кеткен ұлылар орта­сы қазір Орал қаласында, Қадыр Мырза Әлі атындағы мәде­ниет және өнер орталығы тұр!

Алматыдан, Қадыр ағаның жеке кітапхана қорындағы 7 мың­нан астам кітаптың 6767-сі Оралға жеткізіліп, ақын аға­мыз­ға тиесілі болған заттар қым­бат мұра ретінде орталықтың мұражайына қойылды.

Орталық мұражайында Қадыр ағаның мемориалдық кабинеті бар, онда жазу үстелі, орындығы және басқа да өзі пайдаланған дүниелері қойылған. Келушілер ақынның үйін өз көзімен көрген­дей әсер алады.

Бұл жер сонымен бірге Ақ Жайық өңірінен шыққан қалам­герлердің де өз үйі, жазушылар мұражайына айналған. Музей сөресінен Қажым Жұмалиев, Қасым Аманжолов, Тайыр Жароков, Сағынғали Сейітов, Хамза Есенжанов т.б. ақын-жазушылардың еңбектерімен, өмірбаяндарымен, тұтынған бұйымдарымен танысуға болады.

Көз тартатын ғимарат

Ақын атындағы өнер мен мәдениет орталығының ғима­раты сәулет өнерінің ерекше ескерткіші дегенбіз. Ғимараттың жалпы көлемі 3840 шаршы метрді құрайды. 150 орындық кон­церт залы, ақынның мемо­риалдық кабинеті, конференц залы, көрме залы, 1125 орын­дық амфитеатр, кітапхана және бар. Қазақстанның Жазу­шы­лар одағы, Суретшілер одағы, Ком­позиторлар одағы облыс­тық филиалдары да осында орналасқан.

Шыны керек, бүгінде Орал қаласының ең басты мәдени шаралары, мерекелік салтанаттар дәл Қадыр орталығы тұрған тұсқа қарай ауып барады. Он мың адам еркін сыятын жаңа алаң да осы жерде. Салтанат сарайы, Оқушылар сарайы, 60 метрлік алып ту да осында.

Орталық ғимараты жанын­дағы автобус аялдамасын «Қадыр Мырза Әли» есімімен атау жөніндегі ұсыныс, бұдан бұрын да айтылған болатын. Бұл ұсынысты облыс әкімі Алтай Көлгінов қызу қолдап, жауапты мекемелерге тиісті тапсырма берді. Сөйтіп, аялдамада ақын атымен аталатын болады.

«Енді орталық маңындағы бір көшеге ақынның есімін беру мәселесі күн тәртібінде тұр», дейді орталықтың директоры, белгілі ақын Бауыржан Халиолла.

Мың сан істің ұйытқысы

Әрине, «өнер мен мәдениет орталығы» деп аталған соң бұл ғимараттың күнделікті тірлігі қайнап жатқаны түсінікті.

– Орталық ашылғаннан күні бүгінге дейін талай-талай әдеби-мәдени іс-шара атқарылды, – дейді Бауыржан Ергенұлы.

Орталық атқарып жүрген жұмыс­тардың бір парасы – Қадыр Мырза Әлі есімімен тікелей байланысты. Ақынның туған күніне арналған «Қазы­налы Қадыр әлемі» атты ашық есік күні тұрақты ұйым­дас­тырылады. Ашық есік күнінде ақын ескерткішіне гүл шоғы қойы­лып, шырайлы шара орта­лықтың концерт залында «Қара сөздің қарагері» атты Қадыр оқулары, ақын атындағы әдеби-мемориалдық кабинетте Қадыр туралы естеліктер айтылады.

Өңірімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушы­лар, мәдениет, еңбек ардагерлері Қадыр хақында естеліктер айтып, өткен шақты бір еске түсіреді.

– Мысалы, биыл «Қазыналы Қадыр әлемі» атты әдеби-сазды кеш көрермендерге жоғары көңіл күй сыйлады. Ақынның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Өлеңнің туын жықпаған» атты деректі фильм ел назарына ұсынылды. Ашық есік күні «Музей түнімен» жалғасты, – дейді орталық директоры.

Қазір желінің заманы ғой. Сондықтан Қадыр орталығының жеке сайты ашылып (kadyrcentr.kz), ол жерде күнделікті жаңалықтардан бөлек Қадыр туралы мағлұматтар жинақталды. Фейсбук парақшасында «Қадыр қазынасы» айдарымен Қадыр Мырза Әлінің өлеңдері, қал­жыңдары, ғибратнәмалары, сон­дай-ақ ақын хақындағы пікірлер күн сайын жарияланып келеді. Бұл бастама желі қолданушылар тарапынан қолдауға ие болып, оң пікірлер айтылды.

Сондай-ақ орталықта жыл бойы әдебиет пен мәдениетке еңбек сіңірген ақын-жазушылар, мәдениет ардагерлерінің шығар­машылық кештері ұйым­дас­тырылып, мәдени ошақ өнердің рухани ордасына айналды.

Атап айтсақ, ақын, ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Дариға Мұштанова, мәдениет сала­сы­ның ардагері Гүлжан Төлеген­қызы, өлкетанушы Сара Тана­баева, ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев, ақындар Талап Таймасұлы, Ертай Би­мұханов, Ерік Ахметов, Үзіл­­дік Елеубайқызы, Мира Шүйін­шәлиева, т.б. өңіріміздің маңдайалды өнер иелері орта­лықтың концерт залында Жайық жұртшылығымен жүздесіп, мазмұнды әңгімелерімен бөлісіп, жырларын оқып, көрермендерге рухани азық сыйлады.

Орталықта жаңа кітаптардың да тұсауы жиі кесіледі. Айталық, Нарынның түлегі, жас қаламгер, ақын Айшат Уәлиоллақызының «Перзент сағынышы», жас ғалым Саялбек Ғиззатовтың «Бөкей ордасындағы жер үшін күрес», әнші-композитор, дирижер Еркін Нұрымбетовтің «Ақжайық саздары» атты кітаптары талғамы биік оқырманға жол тартты.

Қазақстан Жазушылар одағы­ның мүшесі, журналист-жазушы Бақтығұл Ойшыбаевты еске алуға арналған «Қаламы жүйрік жазушы» атты кеш, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы, драматург, сыншы Сәбит Досановпен «Арманым көп, аз өмірім жетер ме...» атты кездесу кештері биыл өткен мазмұнды кештер қатарында.

– «Қадыр жолымен» жобасы мерекелі жылға арналған ақындар айтысын ұйымдастырып, өнер­сүйер ағайынның алғысына бөленді. Осы мақсатта «Азат­тықтың ақ таңы» атауымен облыс­тық ақындар айтысын­да үздік шыққан ақындар респуб­ликалық додаға жолдама алды. Бұдан соң республикалық ақын­дар айтысы Орал қаласында өтіп, еліміздің түкпір-түкпірінен жыр жүйріктері сөз сайысын қыздырды. Бұл бәйгеде орталық мамандары Тал­ғат Мықи мен Айнабек Бисен­ғалиев Батыс Қазақстан облысы әкімінің арнайы жүлдесін иеленді, – дейді өзі де дүлдүл айтыс ақыны ретінде мойындалған Бауыржан Халиолла.

P.S. Қадыр ақын әріптес інісі Сағат Әбдуғалиевтің шығармалары туралы жазған бір пікірінде «Сағатқа қызмет ету – қазақ әдебиетіне қызмет ету» деген екен. Қадыр Мырза Әлі деген есімнің өзі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің асыл қазынасына айналғалы қашан. Ақын Қадырдың, дана Қадырдың есімін нық ұстап, өнер мен мәдениеттің алау ошағы, Орал қаласының алыс­тан арнайы іздеп келер шаңырағына айналған орталық ұжымына мың алғыс!

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»