• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 14 Желтоқсан, 2017

Алаш қаласының сызбасы

1474 рет
көрсетілді

Өткен ғасырдың басы 1917 жылғы 27 ақпанда (12 наурыз) Ресей империясында патша­ үкі­ме­тін құлатып, елде бур­­жуа­­зиялық-демо­кра­тия­­лық республика орнатқан ақпан төң­ке­рісінен кейін ел болудың қамы­на кіріскен қазақ қайраткер­лері «Алаш» идеясы төңірегіне топтасты. Ең әуелі, бұларға бас қосып, іс жүргізетін орталық қажет болды. Сөйтіп, Семей облыстық қазақ комитетінің басшысы Райымжан Мәр­се­ков­тің ықпалымен қа­ла­ның «Заречная слободка» деп аталатын бө­лі­гін «Алаш қаласы» деп атау туралы шешім шық­ты. Бұл оқиғаға қа­тыс­­ты архивтік деректер сақ­талған. 

Біздің айтпағымыз жоғары­да­ғы Алаш қаласына қатысты «План города Алаш утвержденный 28 ноября 1916 г.» де­ген тақырыптық жазбасы бар Алаш қаласының сызба-кар­тасы жайлы. Бұл суретті карта анда-мында жылт жарияланып жүргелі де оншақты жылдың жүзі болды. Тіпті өткенде, нақтылап айтсақ 24 қараша күні Астана қаласында ұйымдастырылған «Алаш − қазақтың ұлттық тұтастық идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде жоғарыдағы сызба-картаны көрмеге қойыл­ған тарихи фотолар арасынан көріп қалдық.

Содан бұл сурет жайлы бі­ле­­ді-ау деген адамдарға хабарласа бастадық. Әуелі 2012 жы­лы Алаш қайраткерлеріне қатысты «Алашорда» атты суретті альбомды құрастырған Болат Мүрсәлімнен сұрап көрдік. Бөкең бірден Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасының доценті, алаштанушы азамат Ерлан Сайлаубайға жөн сілтеп, «бұл сызба жайлы білетін адам осы» деді. 

Тарихшы Ерлан Сайлау­байға жолыққанымызда фо­тодағы Алаш қаласының типтік сызбасын 2000 жылдары Семей қаласы облыстық тарихи-өлкетану музей қоры­нан көргенін айтты. «Бұл жә­­ді­­гер­дің бүгінге жетуіне се­беп­ші адам әдебиетші-ға­лым Қайым Мұхамедқанов болуы мүмкін, өйткені ол кісі­нің өзі Алаш қаласында дү­ниеге келген екен. Яғни ға­лым­ның­ әкесінің үйі қазіргі Ты­ны­бай мешітіне жақын жерде ор­наласқаны жайлы нақты білеміз. Бұл бірінші нұсқа. Екінші бір айтарым: 1970 жылдары Семейде тұрған партия қызметкері Екебай Қашағанов деген ақсақал сол тұстағы өлкетану музейінің бас­шысы Бітімбай деген адам­­ға аузыша нұсқау беріп, «Се­мей қаласындағы Абайға байланысы обьектілерді (ақын­ ат басын бұрған, қона жа­­­тып түнеген үйлер т.б.) анық­­тау­мен айналыс» дейді. Сөй­тіп, дәуірге қатысты көптеген де­рек­тер жиналыпты. Сіз айтып отырған сызба осы кезде табылып, қорға алынған бо­луы мүмкін», деді Ерлан Ерна­зарұлы. 

Осылай сызба-картаның ұшы­ғын шығарып алған соң «Егемен Қазақстан» респуб­ликалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің тапсырмасымен жуықта Се­мей­ге жол тарттық. Бірден сызба-карта сақтаулы тұр деген Семей қаласы облыстық тарих-өлкетану музейіне ат басын тіредік. Бізді күтіп ал­ған мекеме басшысы Ләз­­зат Әлжан жәдігердің мұн­да­ бар екенін, әрі музей қо­рын­да (фонд 31, папка 3) сақ­тау­лы­ тұрғанын айтты. Сыз­ба­ға мұқият зер салсаңыз, кар­­­тадағы барлық нысандар нө­мірленген, масштабы көр­сетілген, объектілердің орналасуы мұқият зерттелген, оның сыртында «условные знаки» (шартты белгілер) деген атаумен қаланың аумақтық сипаты да көрсетілген. Қысқасы, өте сауатты жасалған. Жәдігермен танысқан соң Ләззат Тілеуғожақызына «Бұл жәдігер музей қорында ежелден бар ма, әлде кейін табылып, тіркеуге алынды ма?»,  деген сұрақты қойдық. Мекеме басшысының жауабынан тү­сінгеніміз, 1980 жылдардың ая­ғында арыстар ақталып, олар­ға қатысты құжаттарды із­­деу басталыпты. Бұл іске Ләз­зат Тілеуғожақызының өзі­­ жегіл­ген. Іздеуші топ атал­мыш музей қорын сүзіп келе жа­тып, 1914 жылы Се­мей қаласында Абайдың дүние­ден өткеніне 10 жыл толуы­на орай қазақ қыздарынан шық­қан тұңғыш журналшы Назипа Құлжанованың ұйымдастыруымен ақынды еске алу кешіне қатысты да­йын­даған афишаны тауып ала­ды. Дәл осы афишаға жапсы­рылып, біз іздеп жүрген бір парақ қағаз Алаш қаласының сызба-жоспары шыға келді. 

Бірақ сызба-карта көпке дейін көпшілік назарына ұсы­нылмаған. Оған картадағы «28-ноября 1916 г.» деген сөз се­беп болған сияқты. Бұл да ойланарлық дүние. Өйткені, Алаш қаласы 1917 құрылғаны туралы архивтік құжат бар. Ендеше «1916 жыл» қайдан жүр?

Осы орайда, Алаш қаласы­ның тарихын көптен бері қаузап жүрген семейлік зерт­теу­ші-журналист Мұрат­бек Кенемолдиннің пікірінше, сызба 1916 жылы жасалған болуы керек, кейін қалаға «Алаш» атауы берілгенде кар­таның бұрынғы деректі датасы ауыс­тырылмай, жаңадан қойылған қала атауы жазылса сал­ған дейді. Бұл пікір көкейге қон­ды. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,  «Егемен Қазақстан»

Астана ­ ­– Семей­ –­ ­Астана