• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 14 Желтоқсан, 2017

Баспасөзіміз не күйде?

556 рет
көрсетілді

«Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы №60 санында Мадияр деген бүркеншік атпен жарық көрген Міржақып Дулатовтың 7 бөлімнен тұратын «Баспасөзіміз не күйде?» атты мақаласының соңғы төрт бөлімін ұсынып отырмыз. Алдыңғы үш бөлімі газетіміздің өткен санында (№228, 27 қараша 2017 жыл) жарияланған. 

IV Қазақстан мемлекет баспасы (Госиздат) өткен 1922-ші жылы не істеді, алдағы үмітті 1923 жыл не іс­тей алатындығын көрсетейін. Баспа жұмысымен артық таныс еместерге мемлекет баспасының қысқаша жайын, күшін баяндау қажет болар.

Мемлекет баспасының қарауында үлкен баспахана бар. Баспаханада 5 кітап табағын (кітап табағы – басыл­ған 16 бет) тізуге жететін орысша қаріп, – 4 кітап табағына жететін hәр­түрлі қазақ қарпі бар (4) орыс қар­пін тізушілер 6 кісі, қазақ қарпін ті­зушілер 17 кісі. Бір қаріп тізуші күніне, орта есеппен, 7 мың қаріп тізуге тиіс. Сонда орыстың алты ті­зушісі күніне   кітап табағын, қа­зақ­­тың 17 тізушісі толық 3 кітап табағын тізуге лайық. Баспаханада алты машина бар: екеуі альбомный деп аталады. Бұл екі машинаның әрқайсысына бір жола екі кітап табағын, яғни 32 бетті бірақ жіберуге болады. Үшінші машина – жарым альбомный. Бұдан бірден 16 бет жіберуге болады. Бұл үш машина электр қуатымен айналады. Тағы да қолмен айналатын жарым альбомный машина бар. Бұ да 16 бет шығарады. Қалған екеуі бастонка һәм американка деп аталады. Бұл соңғы екеуі де қолмен айналадырады. Әрқайсысы жарты табақтық. Осы алты машинамен бір күнде  табақ тізген қаріпті бірден басуға болады. Қолмен айналдыратын үш кішкене машинаны өзге уақ-түйек жұмыстарға арнап, электрмен айналатын үш үлкен машинаны кітап басуға шығарсақ, бұл үшеуі бір күнде 5 кітап табағын айналдырып, көбейткенде 15 мың кітап болып шығарып береді. Екінші сөзбен айтқанда, 16 беттік бір кітап 15 мың кітап болып шығады; кітап 32 беттік болса,   мың, 48 беттік болса, 5 мың болып басылады ... бұл алты машинаның күші орысша қазақшаға ортақ.

V Жаңағы айтқандарымыздан Қа­­зақ­стан мемлекет баспасының қан­дайлық күші барлығы белгілі болды. Енді өткен 1922-ші жылы мемлекет баспасы қазақ үшін не істеді? Орыс үшін не істеді – соны айырып көрсетейін. 22-ші жылы қазақша басылған кітап 61табақ (5), көбейтіп басылғаны 336 мың 990. Орысша басылған кітап 191 табақ, көбейтіп басылғаны 1 миллион 635 мың 650.

Бұл есептен біз не көреміз? Біздің көретініміз: қазақша кітаптардың жай табақ саны орысшадан үш есе кем, көбейтіп басылғаны бес есе кем. Қазақстан Республикасында орыс­­пен қазақ саны шамалас деп есеп­тесек, орысша, қазақша басылған кі­тап­тардың да саны қарайлас бо­лу керек еді. Екінші, қазақтың бас­пасөзге аса мұхтаждығын ескергенде, қазақ кітаптары артығырақ басылса керек еді. Артық болмағанда да кем болмауға тиіс еді. Үшінші, баспаханадағы қазақ қарпін тізу­шілерінің орыстардан саны үш есе көптігіне һәм орыс қарпін тізушілер күніне  табақ, қазақ қарпін тізушілер 3 табақ тізіп шығара алуларына қара­ғанда, қазақ кітаптары үш есе артық басылуға лайық еді. Төртінші, орысша, қазақша деп бөлуге болмайтын екеуіне де ортақ машиналардың күші орысшаны 5 есе артық басудың орнына бірдей шығаруы дұрыс еді. Цифрдан күшті дәлел болмайды. Бұл туралы біздің кемшілігімізді цифр ап-айқын көрсетіп отыр. 

Бұл кемшіліктердің себебі не­ден? Мұны орыстың қазаққа қы­лып отырған озбырлығы дейміз бе? Қапелімде осылай көрінуге мүм­­­кін. Бірақ, дұрысында, олай емес: бар айып өзімізден, өзіміздің ша­ла­ғай­лығымыздан, күшіміздің аздығынан, аз күшті пайдалана алмай отырған олақтығымыздан. Бұл күнге шейін мемлекет баспасында бір қазақ қызметкері болмаған. Орыс жолдастардың қазақ жұмысын өзінікіндей басқару қолдарынан келмеген, бір жағынан басуға да даярланған кітаптар болып, екінші жағынан қадағалап, бастырып отыратын қазақ қызметкерлері болса, жұмыстың реті дәл мұндай бол­мас еді. Біз басуға даярлаған кіта­бы­мыз жоқ деп зарланғанмен, басатын нәрсе таба алмай алақанына тү­кіріп отырған мемлекет баспасы да жоқ. Бұған дәлел: уақ-түйек кітаптардың, хатта бірен-саран оқу құралдарының әлі күнге шейін басылмай жатқандары бар көрінеді. Өзіміздің мемлекет баспасының жеткілікті күші бар бола тұрып, не үшін екенін білмеймін, қанша шығын шығарып, Абай, Мағжан, Сұлтанмахмұт өлеңдері, тағы қайсы­бір бұрынғы оқу құралдары Қазанға басуға жіберілген.

VІ Енді газет, журналдарымыз не күй­де? Бұған да бір көз салып өтелік.

Қазақстан Республикасының ас­танасы – Орынборды есептемегенде, гүбірнелік қалалардың бәрін­де де орысша газеттер, журналдар шы­ғып тұрады. Орынбор қаласының өзін­де ғана орыс тілінде күн сайын­ шығатын екі газет, жеті сайын шы­ға­тын екі газет, он бес күнде шығатын екі журнал, ай сайын шығатын үш журнал бар екен.

Біздің бүкіл Қазақстанда қазақша шығып тұрған газет-журналдарымыз: 1) «Еңбекшіл қазақ»; 2) «Қы­зыл Қазақстан»; 3) «Өртең»; 4) «Бос­тандық туы»; 5) «Қазақ тілі»; 6) «Қызыл ту». Бұлардың көбі аяғын ақ­сай ­басып, өзінің дүниеде барлығын ұмыта беріп, анда-санда бір шығып қояды. Орынбордың өзінде шығатын үкімет тілі – «Еңбекшіл қазақ» күн са­йын шықпаса да, тым болмаса же­тіде үш рет дұрыс шығып тұруы ке­рек еді. Бүкіл Қазақстан республи­касына бір жақсы журналдың да көптігі болмас еді. Баспасөзіміздің бұ жағы да көңіл көншірлік ешнәрсе бермей тұр. Өзімізден мәдениеті жоғары орыс халқындай бола қалу бізге әлі ертерек екенін жақсы білеміз. Бірақ бар кү­шімізді жұмсап, «бар әзір, жоқ мәзір» деп отырғанымыз жоқ.

VІІ Баспасөзіміздің күйі осы. Айта берсек, кемшілік толып жатыр. Бұл мақалада мен тым орасандарын ғана санап өттім. Бұл кемшіліктерді толықтыруды қолдарынан келетін азаматтар ескерусіз қалдырмас деп сенемін. Бұл кемшіліктерді мойынға алмайтын азамат табылар деп және де ойлаймын. Мұның бәрі бүгін көрі­ніп, бүгін сызылып отырған кем­шіліктер емес. Мен де бүгін Аме­­ри­кадан келіп отырғаным жоқ. Бі­рақ «Құ­дай өзі кешірер» деген бина­маз­дың ... «Көш жүре түзеледі» деген мақалға сүйене берудің керегі жоқ, көш­тің түзелетін кезі болды. Көшті түзеу керек, көшті оңға бастау керек. Жоғарғы көрсеткен шараларымды қорытқанымда айтатыным:  1) Қалам қайраткерлерін осы жыл­­дың басынан бастап кеңсе қыз­ме­­тінен босатып, тамағын тоқ, орнын жайлы, көңілін алаңсыз қылып, кітап жазуға қосу керек. 2) Газет, журналдарымыздың ба­сы­­на лайықты адамдарды жет­кілік­­ті қылып отырғызып, халық тұрмы­сын айнаға түсіргендей көрсететін, адасқанға жөн сілтейтін, партия бағыты, үкімет заңымен таныстыратын, дүниеден хабардар қылатын газет, журналдарды жиілетіп, мезгі­лінде шығару керек.  3) Жазылған кітап, газет, жур­нал­дар­ды бастыратын мемлекет баспасына айрықша назар салып, баспахана жұмыстарын бақылап отыратын, берекелендіретін қызметкерлер қою керек.

Баспасөзімізді көркейту, гүлден­ді­ру үшін менің ұсынатын жобаларым осылар. 1923-ші жылдың бас­пасөз туралы жұмыс жоспары да осы болуға тиіс. Бұл айтқандарды орын­дай алсақ, төңкеріс дәуірінде шын­ теңдікке жеткендігіміздің, қа­раң­ғылықтан құтылып, жарыққа шық­қанды­ғымыздың ең күшті ыспаты бол­са керек. Жоқ, ананы бір, мынаны бір сылтау қылып, бұл жұмыстарды кешеу­лете берсек, «Ерте оңбаған – кеш­ оңбас, кеш оңабаған – еш оңбас» деген мақалдың дәл бізге арналғаны.  1. «Педагогика» – 120 бет шама­сын­да.   2. «Тіл құралы» – 64 бет шамасында. 3. «Физика» – 480 бет шамасында. 4. Жақын арада тағы да 147 пұт қаріп келмекші. 5. Табақ есебімен санағаным бол­ма­са, мұның бәрі кітап емес, бір­сы­пы­расы қаулы, жарнама секілді уақ-түйек нәрселер.

Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»