Еліміздің ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнін Қазақстан жұртшылығы жыл сайын зор құрметпен, ерекше көңіл-күймен, айрықша тағылыммен атап өтеді.
Мерекенің тарихи маңызы мен салмағы жөнінде түрлі жарияланымдар жарық көріп, көптеген туындылар дүниеге келгенінен оқырман хабардар. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бірегей бастамаларымен, идеяларымен ғасырға татырлық 26 жылда орасан оңды істер жүзеге асырылды. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім мол. Мәселен, соңғы айлардың өзінде Жетісу өңірінде сүйіншілі жаңалықтар көп болды.
Қастерлі мереке қарсаңында Алматы облысында жүзге тарта нысан ел игілігіне жарап, пайдалануға берілді. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, тұрғын үйлер, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары бар. Біршамасына тоқталсақ, қыркүйекте өңірдегі Ақсу қант зауыты арадағы он жылдық үзілістен кейін алғашқы қантын өндірді. Қазіргі кезде кәсіпорынның қызылша жинақтау алаңында Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарынан жеткізілген 80 мың тонна тәтті түбір бар. Бүгінде зауыт 2 мың тонна шикізат өңдеп, алғашқы қантын алды. Енді негізгі және қосалқы өндірістер кезең-кезеңімен жаңғыртылып, қуаттылығы 5 мегаваттық жаңа жылу-электр орталығы пайдалануға беріледі, заманауи жылу қазандықтары мен турбогенераторлар орнатылады. Сол сияқты технологиялық үдерістерді автоматтандыру жұмысы одан әрі жалғасып, зауыттың өндірістік қуаттылығы өсе түспек.
Жетісудың тағы бір жетістігі – Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Жобаны жүзеге асыру аудан орталығы Есік қаласынан басталды. Қуаттылығы сағатына 50 мың текше метр болатын АГТС 109 көп қабатты үйді, 5979 жеке үйді, 3880 әлеуметтік-тұрмыстық секторды, 4 өнеркәсіп орнын газбен қамтуға қауқарлы. Осы топырақтағы ең ірі елді мекен – Шелек ауылында да дәл осындай автоматты газ тарату стансасы іске қосылып, 40 көп пәтерлі, 6 600 жеке үй мен 120 өндірісті газбен қамтуда.
Көгілдір отынға көшудің артықшылығы өте көп екені рас. Ол, біріншіден, жылуға кететін шығынды азайтса, екіншіден, тұрғындардың өмір сүру қолайлылығын арттырады. Ең бастысы, басқа отын түрлеріне қарағанда экологиялық жағынан таза. Биыл «Алматы-Талдықорған» магистралды газ құбырының құрылысы аяқталып, өңір жұртшылығының көбі көгілдір отынға қол жеткізді. Сөйтіп аймақты газдандыру 23 пайызды құрады. 2020 жылға қарай бес аудан мен Қапшағай қаласы толығымен газдандырылып, әлгі сан 45 пайызға өзгермек. Сондай-ақ облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамту 86 пайызға жеткенін мақтанышпен айтамыз. Өйткені бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіш.
Егемендіктің арқасында ел көрген игілік мұнымен шектелмейді. Жақында Талдықорғанда 260 адамға лайықталған көрме кешені ашылды. Шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан 4,5 мың шаршы метр аумақта кәсіпорындар өз өнімдерін жұрт назарына ұсына алады. Ал екінші қабатында білікті мамандар кәсіпкерлерге әртүрлі қызметтер көрсетеді. Қалада ірге қалаған Неке сарайының да жөні бөлек. Жаңа нысанның сәулеті ерекше көрік беріп қана қоймай, азаматтық хал актілерін тіркеп, 8 түрлі қызмет көрсетеді. 160 адамға лайықталған мекеменің құрылысына 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалған.
Күні кеше Тұңғыш Президент күніне орай Елбасының кіндік қаны тамған Шамалған ауылында «Атамекен» тарихи-мəдени орталығы ашылғанын сүйіншіледік. «Туған жер» бағдарламасы аясында есігін айқара ашқан кешеннің өскелең ұрпаққа өнеге берер маңызды орын болары анық. Жетісу жетістіктерін жалғастыра беруге әбден болады. Келесі жылы жалпы ауданы 711 937 гектарға созылатын Райымбек ауданы құрылатын болса, өңірдегі индустриялық аймақтарда жұмыс істеп тұрған 17 кәсіпорынның саны 400-ге жетпек. Мұның бәрі егемендіктің елге берген сыйы, тәуелсіздіктің халыққа тартуы десек, қателеспегеніміз. Ұзағынан сүйіндірсін!
Мейрам ЖАНӘДІЛОВ
Талдықорған