Былтыр өңірде 525 мың тонна сүт өндірілсе, оның 49 пайызы үздіксіз жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға тиесілі. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында заманауи құрал-жабдықтар орнатылған тағы бір ірі сүт зауыты іске қосылып, бәсекеге қарымдылық арта түсті.
«Маслодел» ЖШС еліміз бойынша іргелі компаниялардың бірі саналады. Оның майлы дақылдар өңдейтін құрылымы Ғ.Мүсірепов ауданында орналасқан. Ал Петропавл қаласында пайдалануға берілген өндіріс ошағында сиыр сүті тереңдетіп өңделіп, күніне 320 тонна өнім шығарылады. Су жаңа қондырғылар Швеция Корольдігінен жеткізілген. Барлық үдеріс автоматты түрде жүзеге асырылады. Тетра Пак желісі технологиялық үнемділігімен ерекшеленеді, электр энергиясы үш есе аз тұтынылады, ал өндіріс қуатты екі есе артатын болады. Ең бастысы, герметикалық қаптамаларға құйылған өнім төрт айға дейін сақталады.
«Озық жобаның артықшылықтары көп. Өнімнің санын ғана емес, сапасын да жақсартатын мүмкіндіктерге ие болып отырмыз. 120 тұрақты жұмыс орны құрылды. Цехтар толық қуатына көшкенде жергілікті қазынаға 10 миллиард теңге мөлшерінде салық төленбек. Шикізат Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарынан алынады. Келешекте қойылтылған тәтті сүт шығару да жоспарланған», деді «Маслодел» серіктестігінің бас директоры Павел Селиванов.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қайта жаңғырту жұмыстарына 3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалып, мемлекеттің қолдауына ие болған.
Биыл облыс бойынша 555 мың тонна сүт өнімдерін өндіріп, қайта өңдеу көрсеткішін 17 пайызға көбейту міндеті алға қойылса, меже қазірдің өзінде орындалып отыр. Қайта өңделетін өнімнің көлемі 65 пайызды құрайды. 72 тауарлы-сүт фермаларының төрттен бірі соңғы үлгідегі құралдармен жұмыс істейді. Енді Индустрияландыру картасы аясында 2,7 миллиард теңге бөлініп, тағы 8 ферма ашу белгіленген. Осылайша отандық сүт өнімдері экспортқа үздіксіз жөнелтілетін болады.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ