Қырғызстан Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі болып табылады. Екі елдің арақатынасы тек қана сауда-экономикалық қатынасқа, саяси байланыстарға ғана емес, тарихтың, мәдениет пен рухани құндылықтардың жақындығына негізделген.
Әлемдік экономиканың жаңа сипатта дамуы жағдайында екі елдің арасындағы қатынас тереңдей түсуде. Оған айқын дәлел – Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішінде Қазақстан мен Қырғызстан арасында сауда айналымының көрсеткіштері. Мысалы, Еуразиялық экономикалық комиссия мәліметтеріне сүйенсек, Қырғызстанның экспорттық операцияларының басым бөлігі Қазақстанның үлесіне тиеді екен. Тек 2017 жылдың алғашқы 9 айында Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдеріне шығарған экспортының 52,4%-ы біздің елімізге жіберілген. Сондай-ақ биылғы жылдың алғашқы 10 айында екі ел арасындағы cауда айналымы 13%-ға артқан. Сонымен қатар қазір Қазақстан Қырғызстанның негізгі инвесторларының бірі екені белгілі, екі елдің бизнес саласы бір-бірімен тығыз байланыста қызмет атқарып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір елімізде 700-ден астам кәсіпорында қырғызстандық капитал мен бизнес бар.
Бауырлас екі ел арасындағы байланысты нығайта түсуге бағытталған шаралар аясында «Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың жол картасы» бекітіліп отыр. Мұны стратегиялық маңызы бар құжаттар қатарына жатқызуға болады. Олай дейтініміз, бұл құжатта тек қана қысқа мерзімді, оперативтік сипаттағы шаралар қарастырылып қоймай, ұзақ мерзімде екі ел арасындағы қатынасты реттеуге негіз болатын жүйелі шараларға басымдық берілген. Жол картасындағы жүйелі шаралар үлесі 60%.
Онда Еуразиялық экономикалық одақ аясында техникалық регламенттер талаптарын қадағалауды күшейту мақсатындағы біріккен шаралар да қарастырылған. Жол картасының шекарада әртүрлі факторларға байланысты туындайтын кедергілерді жою мақсатында кедендік, салық, ветеринарлық, санитарлық бақылау шараларының сапасын бірлесіп арттыруға байланысты іс-шаралар қарастырылып отыр. Қырғызстаннан келетін тауар ағымының көптігін ескерсек, бұл шаралар тек біздің елге емес, ең әуелі Қырғызстан үшін тиімді болмақ.
Бұл құжат заңдық талаптарды реттеп қана қоймай, екі ел арасындағы сауда-экономикалық айналымды арттыруға мүмкіндік берері сөзсіз. Ең бастысы, жол картасының кейбір «көлеңкелі» операцияларды ашыққа шығарып, салық базасын ұлғайта отырып, салықтан түсетін табыстар көлемін арттыруда рөлі зор болмақ.
Сержан МАДИЕВ, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ басқарма төрағасы