Бүгінде кәсібін дөңгелетіп, өзіме де, өзгеге де пайдамды тигіземін деуші азаматтарға жол ашық. Оған мемлекет те мейлінше қолайлы жағдай туғызуда. Соның негізінде жер-жерде бірнеше ұжым кооперативке бірігіп, я болмаса жеке шаруашылығын дамытып жүрген жандар аз емес. Өзінің қарым-қабілетіне сенген Изенді ауылының тұрғыны Жарылғасын Сатыбалдин да солардың қатарында.
Отбасымен бірге ерекше бизнесті қолға алып, қоғамға да, адамға да ағыл-тегіл пайда келтіре бастаған олар бүгінде бөдене өсіру үстінде. Айналысып жатқанына аз ғана уақыт өтсе де, шаруашылығы шама-шарқынша жан-жағына шапағатын шаша бастаған. Жалпы, Нұра ауданына қарайтын Изенді ауылы құт қонып, ырыс дарыған берекелі мекен. Ондағы бір ғана «Отқанжар» ЖШС-ның өзі ауылдың өзегіне айналып кеткен. Біз айтып отырған жас кәсіпкер Жарлығасын Сатыбалдин де әуелде әсем Астанадан Изенді ауылына осы серіктестікті арқа тұтып келген. Көшіп келген алғашқы уақытта-ақ «Отқанжар» ЖШС директоры Қанат Отарбаев ауылда тұрақтап қалу, шаруашылығын дамыту мақсатында екі тұрғын үй береді. Бастапқыда үйді жабдықтап, жары Айнаш екеуі бөдененің 50 жұмыртқасын сатып алады. Бөденелерді баптап қолға үйретуге болатынын байқаған соң, тағы 300 бөдене сатып алуға бел буады. Уақыт өте келе өз қаражаты есебінен астықты ұнтақтаушы, бір рет пайдаланылатын машина, инкубатор және басқа қажетті жабдықтар сатып алып, бүгінде «Дінмұхамед» жеке кәсіпкерлігін ашып отыр. Аталмыш шаруашылық қазіргі таңда бөденеден күніне 400 жұмыртқа алып отырған жайы бар. Құс шаруашылығында 600 еркек, 400 ұрғашы бөдене бар. Бұдан басқа тағы 2300 етті бройлер тауық өсіріп, шаруашылықтың шалғайын кеңейтуде. Алдағы уақытта қаз, үйрек, күркетауық, етті бөдене өсіруді көздеп отыр.
Қазіргі заманғы индустриялы құс шаруашылығы екі бағыт бойынша дамиды: етті және жұмыртқалайтын құстар. Ал өнімнің екі түрі табыстылығы бойынша басқа үй құстарынан әлдеқайда асып түседі екен.
– Менің қолға алған бизнесіме көп адамдардың таңырқай қарауы мүмкін. Бірден «неге бөдене?» деген сұрақ қойылатыны содан. Бұл құстың еті мен жұмыртқасының емдік қасиетінің бар екендігі медицинада дәлелденген. Еті дәмді әрі шипалы, жеңіл қорытылады. Мәселе істің көзін табуда. Бөденені де қолға ұстауға болады екен. Рас, бастапқыда көп қиындықтар болды. Тұщы судан қаншама құсымызды қырып алдық. Ерекше күтім мен баптаудың арқасында жөнге келіп қалдық десем болады. Уақыт өте келе бұл құстардың тілін тапқандай болдым. Жем-суын уақытында беріп, күтіміне ерекше көңіл бөлінсе, бөдененің беретін табысы мол. Оған көзім толық жетті, – дейді жас кәсіпкер шаруашылығы жайлы.
Жетістік жеңіл жолмен келмейтіні ақиқат. Ал кәсіпкердің пайымдауынша, тауықтарға қарағанда бөдене өсіру жеңіл көрінеді. Жұмыртқасы да сондай жұғымды қасиетке ие. Бөдененің жұмыртқасы мен еті жас балалардың ақыл-есінің тез дамуына игі әсерін тигізеді екен. Бөдененің жұмыртқалары ерекше қасиетке, атап айтқанда, адам ағзасының радионуклидтерін жоюға, жүрек-қан тамырлары белсенділігін жақсартуға және иммунитетті көтеруге көмектеседі. Емдік қасиетіне байланысты бөдене еті мен оның жұмыртқасына сұраныс жоғары болғанымен, ауылдық жерде, тұрғындардың өздерінің құстары бар жерде оны сату мен тасымалдаудың әжептәуір қиындықтары бар екені байқалады. Соған қарамастан жас кәсіпкер Жарылғасын Сатыбалдиннің ойға алған мақсаттары жеткілікті-ақ. Ерекше кәсіп иесіне алар асулары биік әрі болсын дейміз.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы, Нұра ауданы