• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Желтоқсан, 2017

Қазақстанның жаңа саяси белестері

410 рет
көрсетілді

Өз кезегімен тарих қойнауына енгелі тұрған 2017 жыл еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы болғаны белгілі. Солардың арасында елордада ұйымдастырылған ЭКСПО-2017 көрмесінен бөлек, ШЫҰ, ИЫҰ саммиттері мен Сирия дағдарысын реттеуге арналған Астана процесі аясында өткен келіссөздерді ерекше атап көрсеткіміз келеді. Осы орайда соңғы аталған шаралардың мән-маңызын ескере отырып, оларды тағы бір рет ой елегінен өткізуді жөн санадық.

Ауқымы кеңейген ұйым

Астанаға 2017 жылдың 8-9 маусым күндері Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер бас­шы­лары жиналды. Әлем на­зарын аудар­ған сол саммит барысын­да Үндіс­тан мен Пәкістан ұйым­ға то­лық­қанды мүше болып қабыл­данды. 

ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу күнімен орайластырыла өткі­зілген жиынға Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев төрағалық етті. Ал­қалы жиынға ҚХР, Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Тәжікстан президенттері, ШЫҰ байқаушы мемлекеттері: Ауған­стан, Моңғолия, Беларусь елдерінің бас­шылары және Иран сыртқы істер ми­нистрінің орынбасары, сондай-ақ Үн­дістан мен Пәкістанның премьер-ми­нистрлері, БҰҰ, ШЫҰ бас хатшылары, АӨСШК атқарушы директоры және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Елбасы сол жиында ШЫҰ-ның ха­лық­аралық тұрғыдан мойындалып, көп са­лалы өзара іс-қимылдың тиімді құры­лымына айналғанын атап өтті.  – Аймақтық қауіпсіздікті нығайту, елдеріміз арасындағы эконо­ми­калық өзара іс-қимылды ілгерілету және мәде­ни-гуманитарлық ынты­мақ­тастық­ты кеңейту жолында ауқымды жұмыс атқарылды. Шарттық-құқық­тық ба­за қалыптасты. Ұйымның берік инсти­туттық негізі жасалып, аймақ­тық және жа­һандық ықпалы артып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Саммитте ҚХР төрағасы Си Цзинь­пин ШЫҰ жұмысын жоғары қар­қынмен жан-жақты дамытудағы Қазақ­станның сіңірген еңбегін жоғары баға­лай келіп, Қытай ұйым аясындағы бар­лық әріптестерімен тығыз қарым-қаты­нас орнатуға дайын екенін жеткізді. 

Ресей президенті Владимир Путин жиында ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкіс­тан­ның мүше болуы маңызды оқиға еке­нін, бұл қадам ұйымның экономикалық және гуманитарлық салалардағы қуаты мен ықпалының арта түсуіне мүм­кіндік беретінін сөз етті. Сон­дай-ақ В.Путин Сирия дағда­ры­сын рет­теуге қатысты Астана про­це­сіне жоғары баға берді. 

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш халықаралық қауіп­сіз­дік­ті қамтамасыз ету, террори­зм мен экстремизм сияқты қатер­лер­мен күресу бағытында ШЫҰ көп­те­ген жұмыстар атқарып отыр­ға­нын жеткізді.

Қорыта айтқанда, 2017 жылы Ас­танада өткен ШЫҰ-ның бұл са­м­миті әлемдік қоғамдастық ше­жі­ресіне өзіндік ерекше мазмұ­нымен жазылып қалды.

Ислам әлемін ұйыстыра түскен елеулі оқиға

Елордада 2017 жылдың 10-11 қазанында Ислам Ынтымақ­тас­тығы Ұйымының Ғылым және тех­нологиялар жөніндегі бірінші сам­миті өтті. Әлем назарын өзіне ау­дарған, Мемлекет басшы­сы Нұр­сұлтан Назарбаевтың баста­ма­­сымен өткен саммитке 15 мем­ле­кеттің басшылары ме­н үкімет басшылары, 37 елдің делегациясы, 30 халықаралық ұйым­ның басшылары мен өкіл­дері қатысты. 

Жиынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Ислам мен Батыс өркениеттері арасындағы дос­­тық диалогқа дәнекер болып отыр­ғанын айта келіп, қазіргі таң­да мұсылман үмбеті бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерге тоқталды. 

– Біріншіден, экстремистік жә­не террорлық ұйымдар ке­ңі­нен етек алуда. Олардың лаң­кестік әре­кет­терінің нәтиже­сінде, бірінші кезекте мұсылман әлемі елдерінің аза­маттары зардап шегіп отыр. Екі­н­шіден, исламофобиялық пі­кір қоғам ішінде кең таралуда. Ба­тыс елдерінде мұсылмандарға қар­­сы қылмыстық әрекеттер жыл сай­ын көбейіп барады, – де­ді Нұрсұлтан Назарбаев. Сон­дай-ақ Қазақстан Президенті 1,5  миллиардтан астам адам­ды бі­ріктіретін ислам әлемі бү­гінде ауыз­­бірлік таныта алмай отыр­ға­нын, мұсылмандар ара­сын­да­ғы бы­тыраңқылық пен кон­фес­­сия­ға бө­лінуді сыртқы күш­тер өз мүд­де­сіне сәтті пайдала­нып жү­р­генін сөз етті.

Жиын барысында саммиттің қо­рытынды құжаты – Астана дек­ларациясы қабылданды. ХХІ ғ­асырдағы қоғам өмірінде ғы­лы­мның ықпалының артуы бар­ша адам­­зат үшін маңызды еке­нін атап көрсеткен Елбасы Ас­та­на дек­­ларациясының қа­был­да­нуы сол бірлігіміздің дәлелі бо­лу­ға тиіс екенін жеткізді. Оты­рыс тү­й­інделер тұста Нұр­сұл­тан На­зар­­­баев Ислам Ын­ты­мақ­тас­тығы Ұй­­ымының Бас хатшысы­мен бір­­ге ислам елдерінің көр­нек­ті ға­­лымдарын Ғылым мен техно­ло­гия­­ларды дамытуға қосқан үле­сі үшін берілетін арнаулы сый­лық­пен марапаттады. 

Әлем мойындаған бастама

Елі­мізде 2017 жылы Сирия дағ­дарысын реттеуге байланыс­ты Астана процесі аясында мүдделі та­раптардың қатысуымен өткен ке­­ліссөздердің 8 раунды өз дең­гей­інде ұйымдастырылды. Жыл­дың айтулы оқиғаларының бірі ре­тінде аталған бұл шаралар өзі­нің оң нәтижесін беріп, ха­лық­ара­лық қоғамдастық тарапы­нан жо­ғары бағаға ие болды. Осы­нау сая­си мәні зор келіс­сөз­д­ер­дің өтуі Елбасы Нұрсұлтан На­зар­­баевтың бастамасы негі­зінде жү­зеге асты. 

Астана процесіне кепілгер мемлекеттер: Ресей, Иран, Түркия елдерінің, Сирия үкіметі мен қарулы оппозиция өкілдерінің, БҰҰ, АҚШ делегацияларының бел­сене қатысуы бұл шараның бе­делін арттырды. Сондай-ақ Си­рия жанжалына қатысты өзекті мә­се­л­елерді шешу мақсатындағы ке­ліс­­сөздерді жүргізу үшін ха­лық­­ара­­лық қоғамдастықтың Астана ала­ңын таңдауы әлем ел­дерінің елі­міз­ге деген құрметі мен сенімінің жоғары екенін анық аңғартты.

Қорыта айтқанда, Астана про­­ц­есінің нәтижесінде Сирия­дағы ахуал біршама тұрақталды. Сондықтан да біз 2017 жылы өткен Астана процесі шеңберіндегі келіссөздердің барлығын бейтарап Қазақстанның халықаралық жә­не аймақтық қауіпсіздікті ны­ғайтудағы маңызды рөлін көр­сеткен ірі саяси оқиға деп сеніммен айта аламыз. 

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»