• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қаңтар, 2018

Семейдің жаңа төлтаңбасы қашан қабылданады?

991 рет
көрсетілді

2007 жылы 16 маусымда Семейге келген сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қала атауын өзгерту туралы ұсы­ныс жасады. Мемлекет бас­шысы өз сөзінде: «көшеде «Се­мей», «Се­мипалатинск» деп қосар­ла­нып жазылыпты. «Абай» яки «Алаш» деп атасақ деген ұсыныс бар. «Семипалатинск» деген сөз­ді шетел инвесторлары полигон баламасы ретінде түсінеді. Сондықтан бұл қаланы ендігі жерде тек «Семей» деп атасақ қайтеді. Қалалық мәслихат депутаттары солай деп ұйғарса, тездетіп ұсыныс түсірсін», деген еді. Депутаттар бірауыздан қол­дау білдірген соң арада 4 күн өт­кенде Президенттің Шы­ғыс Қазақстан облысының Семи­па­латинск қаласын қайта атау туралы Жарлығы шықты. 

Иә, шаһардың «Семей» деп жаңадан аталуы халық рухын көтерген мәні зор шешім болды. Осындайда Президентіміздің «Қазақтың тарихи тамырын жал­­ғаған, дәстүр мен елдікті үй­лес­тірген Түркістан мен Се­мей­­дің орны қашанда бөлек!» де­ген ұлағатты сөзі ойыма орала береді. 

Қала атауы өзгергеннен кей­ін, оның затын, соның ішінде төл­таң­басын өзгерту мәселесі ту­ындады. Әрине, Елбасының та­­ғы ұсыныс беруін күтіп отыру жа­рамас. Жергілікті тарихшылар мен шығармашылық адамдары, көнекөз қариялар мен мекеме басшылары ортақ ұсыныс жа­саса, қалалық мәслихат депу­тат­тары сөзбұйдаға салмайтыны анық. Өйткені игі бастама жал­ғасын тауып жатса несі айып?! 

Басқа қалалардың төлтаңбасы әлдеқашан өзгертілгенімен, Семей­дің жаңа төлтаңбасы жоқ. Есесіне Ресей империясының отары болған дәуірде қолданылған қала гербі әлі де заңсыз айналымда жүр. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігіне нұқсан келтіру ғой. Алашорда ту тіккен Семей қа­ласы төлтаңбасының мәселесі от­тың басы, ошақтың қасындағы әңгімеге итере салатын ұсақ-түйек емес, мұнда қазақтың ұлттық мүддесі бар. Сондықтан Се­мейге тәуелсіздігімізді тайға таң­ба басқандай айғақтап тұра­тын төлтаңбасы керек. Абай­дай алыптың, Шәкерімдей шежіренің, Мұхтар мен Қайымдай қазақтың қайсар ұлда­ры­ның талбесігіне айналған ки­елі мекенде патшалық герб неге заңсыз айналымда жүр? Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр өткенімен ескі құлдық таң­бас­ын­дай көшелерде самсап тұр. Ал Семей қалалық ішкі сая­сат бөлімінің басшысы Айдар Са­дырбаев «Бұл заңды герб емес. Сон­­­дықтан кім қалай пайдаланамын десе де өзі біледі» дейді. Оу, «герб» деген қаланың бұрынғы бас­­шыларының бірі айтқандай, қайда қойғысы келсе де қоя беретін «сауда белгісі» емес қой. Бұл саяси және идеологиялық мән­ге ие мемлекеттік рәміз емес пе?! Семейден басқа қалалар мен аудандар төлтаңбаларын тәу­­елсіздік талаптарына сай жа­ңа­р­тып алды. Ал Семейдің төл­таң­басын жаңарту ісі қала бас­шы­ларының қасаң көз­қа­ра­сын та­нытып, қозғал­майтын қа­ра тас сияқты әлі тұр! 

Қазақстан үшін Семейдің орны айрықша. Бұл – ежелден еліміздің рухани-мәдени астанасы саналатын киелі мекен­дердің бірі. Сондықтан да қа­ланың жаңа төлтаңбасын бе­кі­ту заман талабы. Жалпы, Семейдің төлтаңбасын жаңарту мә­се­лесінің көтерілгеніне би­ыл 16 жылдың жүзі болады екен. Алғаш рет 2001 жылы «Се­­мей­ге жаңа төлтаңба қа­жет!» тақырыбымен дөңгелек үс­­тел өткізген едік. Осы жылдар аралығында 20 мәрте түр­лі деңгейдегі басқосулар ұйым­дас­­­тырылып, 35 мақала жазылды. Тәуелсіздіктің 26 жылының ішінде қала жетекшілігіне та­ғай­­ындалған 9 әкімнің алтауының алдында болдық. Бірақ барлық ұсынысымыз нәтижесіз аяқталды. Егер Семей қаласының жаңа төлтаңбасы қабылданса, патшалық гербтің аты да, заты да көзден кетіп, көңілден ұмыт болар еді. Қала әкімдігі екі рет заңды түрде байқау өткізгенімен жеңімпаз болған жаңа төлтаңбаны қабылдау мәселесін түрлі желеумен кешіктіре берді. Мұ­ның астарында кейбір жат пи­ғыл­дағы топтардың қаланың 300 жылдығын атап өту ниеті болуы мүмкін. Қазіргі қала әкімі Ермак Салимов те өз сөзінде «Семейге 1000 жыл екенін дә­лел­­дей алмасаңыздар, онда 300 жылдықты тойлаймыз!» деп қалды. Қала билігі осы мә­лім­демесі арқылы тұрғындар ара­сына сына қаққандай. Бұл елдің ішкі тұрақтылығы мен ұлт­тық қауіпсіздікке қатысты мәселе болғандықтан мұндай бастамаларға абай болуымыз керек. Яғни, отарлаушылардың бекет салған жылын атаудың еш қажеті жоқ.

Қала тарихын қазіргі Семей­дің орнында тұрған (840-950 жылдар) қимақ қағанатының аста­насы болған Қимақия қа­ла­­сының іргетасы қаланған ке­зінен бастамай (Қараңыз: «Қазақ Совет энциклопедиясы», 10- том, «Семей», 114-бет, 6-том, «Қимақ қағанаты», 557-бет), керісінше қаладан 18 шақырым жердегі (қазіргі «Старая крепость» елді мекені) отарлаушы патша әскерінің ат қорасы мен миссионерлерінің тұрағы болған «Семь палат» бекеті кезінен бастау тарихымызға жасалған қиянат. Ғылыми деректер бойынша, Семипалатный бе­кеті су тасқынына жиі ұшы­ра­ғандықтан, бүгінгі Се­мей қаласының тұрған орны­на 1776 жылы көшіріліп тұ­­рақ­­тап қалады. Бұл туралы сол кезде Семей жеріне ке­ліп, «Жеті сарай» аталған буд­да ғибадатханасының қи­ран­­дыларын көрген орыс зерт­­теушісі П.С.Паллас өз күнделігінде «Семь палат» – қазіргі «Старая крепость» аталатын жерде салынған. Долон, Белокаменка, Стеклянка, Глуховка сияқты қарапайым орыс бекініс-станицасының бірі. Ерекшелігі, «Семь палаттың» «Жеті сарайға» байланысты аталуы ғана және «Семь палат» қазіргі Семейдің орнындағы бекініс емес» деп жазады. Осы арада «Семь палат» (жеті шатыр) пен «Семь палата» (жеті сарай) сөздерінің ұқсастығына да назар аудару қажет. Жалпы, орыс әскері келердің алдында бұл жерде (1635-1758 жылдары) қалмақтың Зордшинхийд қаласы тұрған еді. Бұл қалашық жоңғар мемлекеті күйреген соң, өзінің өмір сүруін тоқтатқан болатын. Аталған деректерге қарағанда, Семей қаласына 300 жыл емес, 1177 жыл болады.

Сондықтан жоғарыдағыдай үстірт шешім қабылдамас бұ­рын, кәсіби тарихшылар мен ар­хе­ологтардан жасақталған зерттеу тобын құрып, ғылыми нәтижелерді қоғамға жеткізудің маңызы зор. Бұл тарапта се­мей­лік ғалымдар зерттеу жұ­мыс­тарын ұзақ жылдардан бері нәтижелі жүргізіп келе жатыр. Осы ретте қала тарихының көне бастауы туралы археолог А.Исин, тарихшы М.Кәрімов, өл­кетанушы Ә.Сәдуақасов бас­­таған кәсіби мамандар да көте­ргенін айта кеткіміз келеді. Ел­­басы Нұрсұлтан Назарбаев «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында «Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркін­де­гі шаруа. Біреуге өзіңнің көз­қарасыңды еріксіз таңуға еш­қашан болмайды. Бізге тарих ту­ралы өздерінің субъективті пай­ымдарын тықпалауға да еш­кімнің қақысы жоқ», деді. Біз­дің қалаларымыздың басым бөлігі Ұлы Жібек жолының бойында жатқандықтан тарихи жастары да шамалас. Яғ­ни, мыңжылдық тарихты х­а­лық­аралық қоғамдастыққа дә­лел­денген Түркістан, Тараз, Алматы қалаларын атасақ та жеткілікті. Семей қаласының жаңа төлтаңбасында да осы көне тарих көмбесі көрініс тапса дейміз.

Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ, «Туған қалам – Семейім!» қоғамдық қорының төрағасы

СЕМЕЙ