• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қаңтар, 2018

Медиатор жұмысы – дауды шешу кепілі

4891 рет
көрсетілді

Президент Н.Назарбаев Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударып, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырған еді. Осыған орай, 2011 жылдың 28 қаңтарында «Медиация» туралы Заң қабылданды. Аталған Заңға сәйкес, Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді. 

Қазір дау көбейді. Оған бірден бір себеп – меншік түрлерінің мола­юы, нарықтық қатынастардың ор­науы және халықтың құқықтық сау­аты мен талабының артуы. Аза­маттар кез келген ұсақ-түйек дау-шармен сотқа жүгінетін болды. Облыс, аудандар бойынша сот­қа түскен істердің 35 пайызын ұсақ-түйек дау-шарлар құраған. Маң­ғыс­тау облысында өткен жылы 5 айдың ішінде 170 азаматтық іс қаралған. Шығынды өндіруге қатысты даулар бойынша 18 іс, ортақ мүліктегі үлесті анықтау бойынша 11 іс, неке бұзу туралы 53 іс, келісімшарт дауларынан туындайтын даулар 20 іс, отбасына қатысты басқа да даулар бойынша 21 іс сот медиациясымен шешілген. Халық­аралық статистикаға сәйкес, барлық дау­лардың 40 пайызы медиа- ция рәсі­м­і­мен шешілген. Олардың 85 пай­ызында оң нәтижелерге қол жет­к­ізілген. Ресейде,Украинада дау­­лар­ды соттан тыс қарау үрдісі қар­қын­ды дамып келе жатқанын БАҚ беттерінен көріп отырмыз. Оларда да медиация туралы немесе соған ұқсас заңдар қабылданған.

Медиацияның пайдасының көп екендігін білеміз, бірақ өңірде осы медиация ұғымын онша түсін­бей­­тіндер де баршылық. Ха­лық ара­­сында жүргізілген сауалдама нә­­тижесі бойынша 20 адамның тек төртеуі ғана медиация туралы біледі екен. Өңірде медиация за­ңын түсіндіру мақсатында бір­қа­тар іс-шаралар атқарылып та келеді. 

Медиация термині латын ті­лін­дегі геометриялық «медиана» – орта сызық деген ұғымды біл­­ді­реді. Қазақ ұғымына сәйкес­тен­­дірсек, медиатор – екі жаққа да ортақ, дау-дамайда айтысушы жақ­тарды мәмілеге келтіріп, тең ше­шетін араағайын. «Медиация ту­ралы» Заңның 1-бабында оның қол­данылу аясы белгіленген. Же­ке немесе заңды тұлғалар қа­ты­са­тын азаматтық, еңбек, отба­сы­лық және өзге де құқықтық қа­ты­настардан туындайтын даулар, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар ме­диацияның қолданылу саласы болып табылады. Медиация, яғ­ни, араағайындық негізінен тұр­ғын үй, еңбек, отбасылық жә­не көршілер арасындағы даулар мен кикілжіңдерді шешуде қол­данылады. Ал қылмыстық істер, егер олар аса ауыр болмаса, сотта қаралуға жатпаса, оларды да ме­диаторлардың қарауына беруге бо­лады.

Сонымен медиация – тарап­тар­дың ерікті келісімі бойынша жү­зеге асырылатын, олардың өз­а­ра қолайлы шешімге қол жет­кізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен арадағы дауды рет­теу рәсімі. Ал медиатор – кәсі­би және кәсіби емес негізінде ме­диация жүргізу үшін тараптар тар­татын тәуелсіз тұлға. Жоғарғы сот төрағасының 2017 жылғы 26 қаңтардағы өкімімен жекелеген санаттары бойынша дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу бойынша қанатқақты жобаны іске асыру ережесі бекітілген. Аталған жо­баның басты мақсаты мен мін­дет­тері – даулардың жекелеген санаттарын медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді азаматтық сот ісін жүргізуге енгізу болып табылады. 

Қазір Қазақстанда 78 медиатор қызмет атқарады. Барлығы ар­найы сертификат алғандар жә­не медиаторлардың тізімдік реестрлерінде тұрғандар. Азамат­тық немесе қылмыстық үдеріс ше­гінен тыс жүзеге асырылатын медиация келісім жасағаннан бас­тап отыз күнтізбелік күннен ке­шіктірілмей аяқталуы тиіс. Қа­жет болса, тараптардың өзара ше­шімі бойынша медиацияны өтк­ізу мер­зімі отыз күнтізбелік күн­ге дей­ін ұзартылуы мүмкін. Де­ген­мен бұл мерзім жиынтығы ал­пыс күнтізбелік күннен аспауы ти­іс. Ерекше жағдайларда ше­ші­летін даудың қиындығына байланысты қосымша ақпарат пен құжаттар қажет болған жағдайда медиацияны өткізу мерзімі тараптардың жә­не медиатордың келісуімен отыз күн­тізбелік күннен асырмай ұзар­­ты­луы мүмкін. Медиацияны қол­­дануға байланысты бір мысал кел­тіретін болсақ, некені жал­ғас­ты­руға, ата-ана құқықтарын жүзеге асыруға, балалардың тұрғылықты жерін белгілеуге, ата-аналарының балаларды бағып-күту жағдайына қа­тысты ерлі-зайыптылар ара­сын­дағы келіспеушіліктер медиация ар­қылы шешілуі мүмкін.

Абай САБИРАДДИНОВ, Мұнайлы аудандық сотының бас маманы 

Маңғыстау облысы