Науырзым ауданының орталығы Қарамеңдідегі Жамбыл қазақ орта мектебі қазір Қостанай өңіріндегі айтулы білім ошақтарының бірі. Бұл мектептің аз ғана болса да әсерлі тарихы бар. Қазақ мектебі бұрын облыс орталығынан автобуспен оншақты сағат жүріп жететін Қайғы деп аталатын қазақ ауылында болатын. Сол мектептен түлеген жүздеген түлек кейін өмірдің сан саласында білікті маман, айтулы азамат болып қалыптасты. Солардың бірі – Тойкен Сүтемгенов еді.
Ол 1968 жылы Қарағанды педагогикалық институтын бітіргеннен кейін, Науырзым ауданы орталығындағы орыс-қазақ аралас мектебіне мұғалім болып орналасты. Физика-математика пәнінен білікті мұғалім және істі үйіріп әкететін ұйымдастырушылығы болған соң, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына жоғарылатылған еді. Науырзым қазақы жер дегенмен, аудан орталығында орыс тілді жұрт көп тұратын. Сондықтан өткен ғасырдың 80-ші жылдары қазақ тілі есіктен қарап қалғанда бұл өңірдегі қазақ тілінде білім беретін мектептердің жағдайы облыс, аудан басшылары үшін алдыңғы орында тұратын мәселе емес еді. Науырзым ауданының орталығында қазақ мектебі болмайтын, балалар орыс-қазақ аралас мектебіне баратын. Ана тілдің жағдайы нашарлаған сайын адамдар көңілінде бір алабұртқан мазасыздық да шаң беріп қоятын. Ол көбіне жұрттың көңіл-күйге беріліп, қызулана айтқан сөзінен әрі аспайтын, іштен тыну ғана бар-тын.
Аралас мектепте оқитын оқушылардың дені қазақ балалары. Неге қазақ мектебі жоқ? Осы мәселені көптен ойланып жүрген мектеп директорының орынбасары Тойкен Сүтемгенов бірде 1979-1984 жылдарға 10-шы шақырылған КСР Жоғарғы Кеңесінің облыстан сайланған депутаты Геннадий Сергеевич Захаровқа барды. Ол Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында экскаваторшылар бригадирі болып істейтін. Еңбекпен көтерілген, қарапайым орыс адамы еді. Осы депутатқа өздері бір жыл бұрын өткен сайлауда дауыс берген болатын. Төкеңнің бойында мәмілегерлігі де жаман емес еді. Геннадий Сергеевичті іздеп келіп, әңгімені әріден қайырып, қазақ ауылындағы балалардың ана тілінде білім алғысы келетінін, оған бала саны артығымен жетіп тұрғанын, орыс тілділер көп ортада бала орысша білмей қалмайтынын айтып, түсіндірді. Өз алдына ғимарат болса, аралас мектептегі қазақ сыныптарын бір мектеп етіп ашуға толық мүмкіндік бар еді. Қарапайым Геннадий Сергеевичке алыс ауданнан келген мұғалімнің сөз саптасы ұнап қалды ма, оның айтқан уәждерінің барлығын қабылдады. Ол кезде КСРО Жоғарғы Кеңесі депутатының сөзі жерде қалмайды, ол тез арада іске кірісіп, шалғайдағы ауыл мектебінің жайын көтерді де, 1981 жылдың бюджетіне енгізіп жіберді. Көзді ашып-жұмғанша мектеп құрылысы басталды да кетті, балалар 1982 жылы сәулетті жаңа ғимараттағы қазақ мектебінде сабақ бастады. Бұл қызыл империяның түкірігі жерге түспей тұрғанда, қарапайым мұғалімнің біліктілігі, білімділігі әрі батыл ісі еді. Тойкен Көпейшеұлы қазіргі бәзбіреулердей байбалам салған жоқ, айқай-ұйқайға апарған жоқ, барлығын мақтамен бауыздағандай етіп, үлкен істі үндемей жүріп-ақ бітірді. Жаңа мектепке жыр алыбы Жамбылдың есімін берді, өзін жергілікті атқарушы билік директор етіп тағайындады. Ашылуына өзі себепкер болған сол білім ошағын 1982 жылдан 2012 жылға дейін 30 жыл басқарды. Сонау шалғай жатқан Науырзым ауданы орталығындағы осы мектепте қазір 630 бала білім алып жатыр. Ал облыс өңіріндегі өзге ауыл мектептерінің қайсысында да оқушы саны 300-350-ден аспайды, мұндай көрсеткіш саусақпен санарлық.
Ол мектепті басқарған жылдары білім ошағын үздік бітіріп, «Алтын медаль», «Алтын белгі» алған түлектер аз болған жоқ. Елбасы айтатын бәсекеге қабілеттілік деген ұғымды Тойкен ұстаз балаларды білімге ынтықтырудың тамаша құралы деп есептейтін.
– Есімде, 90-шы жылдары республикалық «Сиқырлы қазан» деген телевизиялық білім сайысына біздің мектептің оқушыларын Тойкен Көпейшеұлының өзі ертіп барды. Біздің балалар сол сайыстан бірінші орын алып, облыс намысын қорғап келген еді, – дейді мектеп мұғалімі Жангелді Қардыбайұлы.
Ардагер ұстаз әлі де мектептің жұмысынан құлағдар болып отырады, жетістігіне қуанады. Мұғалімдерге ақыл-кеңесін де айта жүреді.
– Тойкен аға – көпшіл кісі. Ол педагогикалық ұжымда «біріміз – бәріміз, бәріміз біріміз үшін» деген ұстанымды қалыптастырған еді. Бір сыныптың көрсеткіші нашарласа барлығымыз соны уайымдап, көмекке жүгіретінбіз. Мектепте бір мұғалім ауырып қалса немесе бір қиындыққа душар болса барлығымыз соның қасынан табылатынбыз. «Түсінісіп жұмыс істемей, табыс болмайды. «Жалғыз ағаш орман емес, жалғыз адам қорған емес» деген, педагогикада жалғыз шауып бәйге алу міндет емес, айналаң дұрыс болмаса, сенің жеткен жетістігің ешнәрсені өзгерте алмайды» деп отырушы еді. Ұжым сондай тату болды, – дейді Жангелді Қардыбайұлы.
Қарт ұстаздың қалыптастырып кеткен дәстүрі үзілмей келеді. Ол мұғалімдерден баланың білімге деген құштарлығын оятуды талап ететін. «Баланың мүмкіндігін біз айтып бере алмаймыз. Ол керек десең тау қопарады. Сенің міндетің, баланың бойындағы бұлақ көзін ашу» деп отыратын. Міне, Жамбыл орта мектебіндегі мұғалімдердің ізденісі осы жерден басталатын. Олар балаға қалай түсіндіремін деп емес, баланың сабаққа ынтасы үшін жұмыс істейтін. Тойекең кез келген мұғалім балаға үлгі, өнеге, бедел болуы тиіс екенін де ескертуден жалықпас еді. Ал ұстаздың сөзі мен ісі алшақ кетпейтін. Өзі де ұжымдағы барлық мұғалімге, оқушыларға үлгі-өнеге болатын.
Жамбыл мектебінде жарысқа құрылған қызықты шараларды көптеп ұйымдастыру Тойкен Көпейшеұлы қалыптастырған дәстүрдің бірі. Жарыста ұстаздың да, оқушының да ізденісінен тамаша істер туатынын білікті директор ілкімділікпен байқаған. Ол мектеп директорлығымен қатар аудандағы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысты. 1994-2003 жылдар аралығында Науырзым аудандық мәслихатының депутаты болды. Аудан экономикасы мен әлеуметтік өміріндегі өзекті мәселелерді көтеріп, олардың шешімін табуына да бір кісідей атсалысты. Тойкен ақсақал жолдасы екеуі 5 бала тәрбиелеп өсірді. Олар да өмірдің түрлі саласынан өз орнын тапты. Қазір немере сүйіп отырған бақытты ата. Тойкен ақсақалда марапат көп. Соның ішінде 1990 жылы алған «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісін, 2001 жылы алған Елбасының «Алғыс хатын» ерекше көреді. Ол ұжымда «мұғалім үшін шәкірті қадірлейтін ұстаз дәрежесіне көтерілуден артық марапат жоқ» деп отыратын. Ардагер ұстаз әлі сол пікірінен айныған жоқ.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Науырзым ауданы