Қазіргі таңда Қазақстан әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті ел ретінде халықаралық білім кеңістігіне енді деуге негіз бар. Қоғамның рухани жаңғыруы, алдыңғы қатарлы өркениетті елдер секілді үштілді білім беруге көшу біздің Отанымызда да жүйелі жүргізіліп келеді. Бұл жұмыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапа-тармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей», деп қадап айтқаны және бар.
Бұл біздің алдымызға күрделі міндеттер қоюда. Осы арада тағы да Президенттің аталмыш мақаласындағы «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деген ескертуін де есте ұстай отырып, бұрынғы тәжірибе мен дәстүрлерді сақтап, білім саласына әлемдік озық мемлекеттердің даму бағыттарына сай инновацияларды енгізу, оқу сапасын арттыру қажеттілігі туындауда.
Жаһандану жағдайында көптілділіктің маңыздылығына ЮНЕСКО комиссиясы да басты назар аударып, шет тілін жетік білетін мамандар дайындау артықшылығын атап айтуда. Бұған қарағанда бұл мәселе біздің республикамызда ғана өзекті емес екенін аңғаруға болады. Мәселен, Нидерланд, Финляндия, Түркия, Швеция сияқты мемлекеттер ағылшын тіліне жете мән беріп келеді. Президенттің стратегиялық бағдарламаларында қазақ тілі мемлекеттік тіл, орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі еліміздің жаһандық білім беру саласында ықпалдасудың қажетті шарты болып белгіленген.
Қазақ педагогикасының қара шаңырағы, 90 жылдық тарихы, мол тәжірибесі бар Абай атындағы ҚазҰПУ «Үш тілде білім беруді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған жол картасы» аясында төрт педагогикалық мамандық бойынша бакалавриат және бейінді магистратура мамандарын дайындауды бастап кетті. Университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Т.Балықбаев елдік істі ілгері бастырар жолда үлкен бастамалар көтеріп, ағылшын тілінде өтілетін пәндердің ғылыми негізін, жан-жақты оқу-әдістемелік және техникалық жағынан қамтамасыз етілуіне баса назар аударып отыр. Университет тарихында алғаш ашылған мамандықтар қатарында биология және химия пәндері бар. Бұл мамандықтар бойынша негізгі жұмыс Жаратылыстану және география институтына жүктелген.
Иә, жоғары оқу орындарында ағылшын тілін жетік меңгерген маман даярлау ісі сан қырлы әрі күрделі үдеріс. Ең алдымен ағылшын топтарында дәріс оқитын профессор-оқытушылар Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған арнайы тілдік дайындық курстарынан өткенін айта кетейін. Сонымен қатар кафедраларға жас PhD докторлары мен магистрлер жұмысқа қабылданды. Сөйтіп, дәріс оқитын оқытушылар толықтырылды. Ал оқулық пен оқу-әдістемелік құралдарға келер болсақ, «Botany», «Genetics», «Introduction to Biology», «Chemical ecology», «Organic chemistry», тағы басқа құралдар бар. Бұл құралдармен оқуға министрлік рұқсаты берілген.
Ағылшын топтарында білім алып жатқан жастардың биология пәнін терең меңгеріп шығуына ботаника және жалпы биология кафедрасы аясында «Биологияны ағылшын тілінде оқытудың әдістемелік кабинеті» ашылды. Бұл кабинет болашақта Алматы қаласы мен Алматы облысындағы биология пәнін ағылшын тілінде беретін мұғалімдер үшін де әдістемелік орталық болады деген үміт бар. Тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында «English club» орталық құрылып, оған студенттер, магистранттар, PhD докторанттары мен оқытушылар белсенді қатысуда. Шетелдік әріптестермен де байланыстамыз. Олармен кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасып тұрамыз. Бұған бір мысал келтірер болсам, өткен жылдың қазан айында «Engish club» орталық мүшелері Лейден университетінің (Нидерланд) профессорлары Элиза Сторк, Даан Ромейнмен және Абай атындағы ҚазҰПУ кәсіби бағдарланған тілдер кафедрасының профессоры Ж. Әбуовпен бірге ағылшын тілінде оқитын студенттері мен кездесу ұйымдастырылды. Бұған ұйытқы болғандар PhD докторлары А.Шоқанова мен Р.Аманжолов еді.
Кездесуге қатысушылар Нидерланд ғалымдарымен көптілділікті дамыту туралы тәжірибе алмасып, ағылшын тілі пәнін терең меңгеру жайлы пікір алысып, «CLIL» әдістемесінің тиімділігі жан-жақты талқыланды. Осы әдістеме жайлы да мәлімет бере кетелік. «CLIL» («Content and Language Integrated Learning») – бұл өткен ғасырдың 80-90-шы жылдары Нидерланд елінде дами бастаған. Мектептерде кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытуға дайындық басталғанда салыстырмалы түрде жаңа бағыт ретінде қабылданған болатын. 1994 жылы ол Еуропа елдерінде қолдау тапқаннан кейін Нидерланд аумағында кеңінен жүзеге асырыла бастады. «CLIL» әдістемесінің мәні туралы айтсақ, сабақта оқушылар ағылшын тіліндегі бағдарлама шеңберінде стандартқа сай білімді меңгеру болып табылады.
Профессор Элиза Сторк «CLIL» әдістемесін көрсету үшін шеберлік сабақ өткізіп, барлық қатысушыларға тапсырма берді.
Сол тапсырма бойынша студенттер пікір алмасуға белсене қатысып, өз ойларын ағылшын тілінде жеткізуге талпынды. Нидерландтық қонақтар әңгіме үстінде шет тілін үйрену жеке тұлғаның ғана емес, сондай-ақ тұтастай алғанда елдің де дамуы үшін маңызды екенін айрықша атап өтті. Тіл білуге деген студенттер мен оқытушылардың ұмтылысын оң бағалады.
Лейден университетінің оқытушылары биологияға қатысы бар профессор- оқытушылармен ағылшын тілінде дәріс оқудың тәсілдерін талқылап ұлттық менталитетке сай оқулық жазу ісін қозғады. Жалпы, шетелдік қонақтардың ұсынысы бойынша, алғашында пән мен тілді қатар оқытып, кейін өзара қиылыстыру, атап айтқанда, пән мен тілді ұштастыру үлгісі тиімді болатыны туралы ортақ байлам жасалды. Сондай-ақ Нидерланд ғалымдары студенттердің дайындықтарын бағалау бойынша да өз ұсыныстарын айтты. Мысалы, мамандық бойынша даярланатын емтихан сұрақтарына өз ана тілдерінде және лингвистикалық тұрғыдағы сұрақтарды енгізу бастапқы кезеңде өте маңызды болатынын да тілге тиек етті. Бұл дегеніңіз, өз тіліңді өзге тілмен қатар қой, оның лингвистикалық қадір-қасиетін әр кез есте ұстау керектігін білдіретіні анық. Бұған қарағанда өзге тілді үйрене отырып өз тілімізді де құрметтеу жөніндегі ұғым санамызда тұруы керек деп білемін.
Күләш ҚАЙМУЛДИНОВА,
Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының директоры, география ғылымдарының докторы