• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2018

Ғылым биігіндегі беделді із

492 рет
көрсетілді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан СЫ­ДЫҚ­ОВ­ТЫҢ есімі Қазақ еліне жақсы таныс. Ол елі­міздің жоғары мектебінің кемелденуіне, жоғары тех­ни­калық білім жүйесінің заман талабына сай өркен­деу­іне білімпаздығымен, іскерлігімен және шебер ұйым­дас­ты­рушылық қабілетімен үлес қосып келе жатқан азамат. Қо­­ғам өміріне де белсене араласып, әйгілі «Дос-Мұқасан» ан­­сам­блінің іргетасын қалаушылардың қатарында болды. Қа­зақ эстрадасының алтын қорына енген «Той жыры», «Қуа­нышым менің», «Бойжеткен», «Әсем жұлдыз», «Ға­шық­пын» сияқты талай әндердің сөзін жазған сыршыл ақын.

– Ұлықпан аға, кезінде ауыл түгіл, қала қазағының баласы да есігінен сығалай ал­май, сырт айналып жү­ре­тін политехникалық инс­ти­­тут­тың тамырына студент болып жүріп-ақ қазақы қан­ның жүгіруіне септігіңізді ти­гізгеніңізді естеліктердің бі­рі­нен оқып қалған едік. Сол тарихты қайыра бір еске алсаңыз... 

– Жастық шіркін, адамға не істетпейді? Тауды да, тасты да қопартады. Қалың қазақ жай­ла­ған қияндағы ауылдан мектеп бітіріп, политехникалық инс­титутқа оқуға түскен мен, ау­диториядағы дәріс аяқ­талып, ұзын дәлізге үзіліске шық­қан­нан кейін мойнымды созып, көзім жетер жерге дейін еле­гізіп әлдекімді іздейтінмін. «Сон­да кімді іздейсің?» дейсің ғой – қазақ іздеймін. Бірақ қай жағыма қарасам да, өзім се­кіл­ді күнге әбден қақталған қа­ра­торы тумаластарымның сон­шалықты аздығын көріп, еңсем кәдімгідей жаншылып қалатын.

Бірде әрі-бері жөңкілген адамдар ішінен басында ақ тақиясы бар ғұлама ғалым Ақжан Машановтың ке­тіп бара жатқанын көріп, жү­регім жарылуға шақ қалды. Ұн­жырғасы түскен еңсемді, қа­зақ таба алмай құлазитын кө­ңілімдегі мұңды төбесіндегі шө­кімдей тақияның құдіреті тас-талқан етті. Ол кісіні бәрі та­нитын еді. Математикадан рес­публикалық олимпиадада бі­рінші орын алып, Қазақ КСР-нің грамотасы мен жолдама­сы бойынша оқуға қиналмай қа­былданғаныммен, әдебиетті алабөтен сүйетін едім. Өзім өлең жазамын. Көп ұзамай-ақ тау-кен факультетінде оқитын ақын Иранбек Оразбаевты тауып алып, екеуміз дос болып кеттік. Басқа да әдебиетті сүйетін балаларды іздестіріп, тау­ып алдық. Тыныш жүрмей «Бәй­шешек» деп аталатын әде­би ұйым құрдым. Бірақ қуа­нышым көпке созылмады. Қау­іпсіздік орнының адамы ұс­тап алды. Екі көзімді тос­та­ғандай қылып «Мәс­кеу­дегі «Жас тұлпармен» бай­ла­­ны­сың жоқ па? Басқа қан­дай ұлтшыл ұйымдармен ара­ла­сасың?» деп сұрақтың ас­тына алып, мекемелеріне сүй­реп апарып түсініктеме жаз­дыр­­ды. Назарға іліккен соң амал­сыз Ақжан атаға барып сә­лем бердім. Таныстық. Менің жағ­дайымды естіген соң әбден ра­хат­танып күлді. «Әй, бала, ақылымды алсаң, сен алдымен қабырға газетін шығар.

Басқа факультеттерде оқитын балалардың өлеңін, әңгімелерін топтастыр. Газетіңнің ең басына менің суретімді іліп қой. Ертең кел, өз қолыммен баталы сөзімді әзірлеп қоямын, соны суретімнің жанына жапсырып қой. Осында Болат Жармағамбетов деген профессор бар, менің атымнан барсаң, ол да саған қолдау білдіреді», деді. Өлең, әңгіме жазатын жі­гіттердің жазғандарын жаяу жү­ріп жинап алып, ұзындығы 3-4 метр болатын газет шығар­дым. Сөйтсем «қазақ жоқ, еш­кім оқымайды» деген сөз бекер екен, әлгі қабырға газетінің ал­ды­на үймелеп келетін қазақ­тар­дың саны күннен-күнге көбейе берді. 

– Ақжан Машановтың ал­ғы­сын, жазушы Сәбит Мұ­қа­новтың батасын алатын ке­зіңіз осы уақыт па еді? Ол кі­сінің ризалығын алуы­ңыз­ға не себеп болды?

– Қабырға газетін шығарып, өзім­ді бас редактордан бір мыс­қал кем сезінбей, масатта­нып жүр­сем, деканаттағы қыз­дар­дың бірі келіп: «сені партком ша­қырып жатыр» деді. Барсам, орыс­тілді бейтаныс бір қазақ шы­ғарған газетімнің парша-пар­шасын шығарып жыртып, қо­лымен уыстап ұстап тұр екен. «Құртамын, жоямын!» деді ол.

«Жоя алмайсыз. Бұл жерде басы артық ешнәрсе жоқ. Жас­тардың ғашықтық, сезім ту­ра­лы шығармалары. Қандай саясатты айтасыз?» деп едім, әлгі кісінің ашуы аздап басылды. Бірақ соңымнан «националист» деп қалды. Шыға сала Ақжан атаға бардым. Тағы да мәз болып күлді. «Неге күле­ді?» деп ішімнен ептеп рен­жіп қоямын. Сөйтсем, ол кісі мұн­дай құқайдың неше атасын көріп, еті өліп кеткеннен кей­ін еріксіз, болдырғаннан күледі екен ғой. Ол кісі менің Жазушылар одағына баруымды, онда өзінің бірге оқыған жолдасы Ілияс Есенберлиннің екінші хатшы болып отыр­ға­нын, жастардың талабын ес­ке­русіз қалдырмайтынын айт­ты. Бұл 1968 жыл еді. «Қа­һар­дың» жарыққа шығып, бас­пасөзде Есенберлиннің тү­гін қалдырмай талқандап жат­қан уағы. Айтқанымды мұ­қият тыңдаған ол «шамаң кел­се, сен институтыңда кезде­су ұйым­дастыр», деді. Ақжан ата­­мызды алдыға салып жүріп, өті­нішімізді ректорға жеткізіп, ақыры рұқсат алдық. Содан кейін де І.Есенберлинмен алты рет кездесу жасадық. «Политехта кездесу болады екен» деген хабарды естіген студенттер жан-жақтан лек-легімен ағылып келетін. Кейін бәрібір «Бәйшешек» бой бермей, бүр жарып шықты. Әдеби бірлестік болып құрылды. Ал­матыдағы оқу орындары ара­сын­дағы беделі күшті бол­ды. Де­генмен, политехта сі­рес­кен сеңнің ақырын қоз­ға­ла бас­тағаны байқалды.

Таза әд­е­­би орталық екеніне көзі жеткен соң, қарсылық білдіріп ті­рес­­кендердің аузына құм құй­ыл­ды. Кездесуге студенттер ғана емес, ұстаздарымыз да келіп отыратын болды. Ұлттық рухтың иісі шықты. Енді маған тосқауыл болмады. Бұл кезде Ілияс ағама еркінсіп, еркелей бастағам, енді ол кісіден кездесуге Сәбит Мұқановты ша­қырып беруді сұрадым. «Сә­бит келеді» дегенді естіп, Қа­зақ телевизиясы «тікелей эфир жүргіземіз» деп асай-мү­сейлерін арқалап, біздің инс­титутқа үш күн бұрын көшіп ке­лді. Сәбең кездесуге өзімен бірге атағы жер жарған 12 ақын-жазушыны ертіп келді. Келген қонақтар әңгіме айтып, студенттер өлең оқып, аға буын мен жас буынның іштей ұғынысқан, ұлағаты тілмен айтып жеткізгісіз әсерлі кеш өтті. Мен де «Аяқтар» деген өлеңімді оқыдым. Сәбит ағамыздың риза болғаны сондай, шалқып тұрып тамам жұрттың алдында бата берді.

– Сіз техникалық оқу орнын тәмамдап, инженер ма­ман­дығын алып шыққа­ны­ңызбен, философия ғы­лым­ын серік етіп келесіз. Та­би­ғаты бөлек екі саланың бір-бірімен қандай байланысы болуы мүмкін?

– Біз мектеп бітірген кезде Гагарин ғарышқа ұшты, «коммунизмге қарыштап қадам басып бара жатырмыз» дегенге имандай сенетін уақыт, Кеңес Одағы жабық ел болса да, дү­ниедегі ең соңғы мамандық ав­то­­матиканың енді пайда болып жат­қан шағы. «Электронды есеп­теу техникасы», «электро­ника» дегенді ел енді ғана ес­тіп жатты. Республикалық олим­пиаданың жеңімпазы ретінде ҚазМУ-дің мехматына оқуға түсіп тұрсам да, жаңа ғылымға әуестіктің бойымды билегені сондай, ойымнан дереу айныдым да, политехті таңдадым. «Автоматика және есептеу техникасы» деген факультет – бүкіл Қазақстан жоғары оқу орындарындағы жалғыз фа­культет. Бәрінен артық ең­бек­теніп, күн сайын 3-4 са­ғат кем ұйықтап жүрсем де, өзі­ме күліп, мазақтап қарауға жол бермедім. Сөйтіп жүріп қо­ғам­дық жұмыстардың да ор­та­сынан табылатынмын. 2-курс­та оқып жүргенімде сту­дент­тердің ғылыми конферен­ция­сында «Ойлау жүйесін мо­дель­деу» деген тақырыпта фи­­лософиядан баяндама жа­са­ған едім.

Сол жұмысым республикалық бәйгеден бірін­ші жүлде алыпты. Сыйға менің атым арнайы жазылған жазуы бар сағат берді. Осы баянда­мам араға аз уақыт салып Мәс­­кеуде өткен Бүкілодақтық бәй­геден де жүлде алып келді. Екі бірдей үлкен бәйгеден же­ңіс сыйлаған осы баяндама ме­нің болашақ тағдырымның бағ­ытын анықтады. Философия ка­федрасының меңгерушісі, фи­лософия ғылымының докто­ры, профессор Д.Кішібеков аға­мыз мені аспирантураға ша­қырды. «Неге?» дедім. «Сен ма­т­ематиканы да, физиканы да, әдебиетті де, тарихты да, дәс­түрді де, салтты да, бәрін де білетін жігіт екенсің. Бұл өте керемет. Екіншіден, сен тех­­никаны оқыған мамансың. Та­­за философияны оқығандар шең­­берден шыға алмай қалады. Бас­қа салаға тісі батпайды. Әлем­­де даңқы жер жарған атақ­­ты философтардың бәрі бас­­қа мамандықты игергендер. Техниканың аты озып ба­ра жатқан заманда, техника мен руханилықтың арасын зерт­тейтін маман жоқ, ақы­лым­ды тыңдасаң, сен осы салада ізденіп, жұмыс істе», деді. 

Міне, елу жылға аяқ басты, руханият пен техниканың арасындағы проблемаларды күні бүгінге дейін зерттеп келе жатырмын.

– Жеке адамның негізгі сапалық көрсеткішін анық­тай­тын руханилықты кең ауқымда қарастырсақ, ұлт­тық идеяға дейін ұласады. Ал оны технократиямен қабыс­ты­ру тіпті де мүмкін еместей, сонда бұл мәселенің маңызы неде?

– Маңызының өзі қызық. Адам да, техника да – табиғат­тың туындысы. Ал табиғат қисын мен заңдылыққа толып тұр. Симметрия және гармония – сұлулық. Объективті заң­дылық адамның санасынан тысқары. Қардың жауып, аяз­дың болуын ешкім басқара ал­майды, тек көріп, сезінген соң ғана жылырақ киініп қам­да­намыз. Адам, соның ішінде қазақ – табиғаттың төл баласы. Біз кейінгі ғасырларға дейін табиғаттың бір бұтағы сияқты өмір сүріп келдік. Біздің керемет рухани дамығанымыз, шешен сөйлеуіміз, сөзге тұ­руымыз, ұлттық қадір-қа­си­етіміздің бәрінің арғы жа­ғын­да табиғатпен етене жақын­ды­ғымыз тұр. Техникаға келсек, оны жасайтын адам. Ал тех­ника тек қана заңдылыққа ба­ғынады. Руханилық та бел­гілі бір дәрежеден кейін таби­ғат­тан қол үзеді де, өзінің же­ке заңдылығына бағынып ке­теді. Руханилық техникамен ұштасқан кезде арасынан ке­лісім де шығады, қайшылық та шы­ғады. Мәселе – дұрыс бағыт ұстануда. 

– Бірақ адам мен таби­ғат­­тың үйлесімі әбден бұ­зыл­ды ғой. Табиғатты былай қойғанда, адамның өз ішін­дегі пропорция мен үй­лесімнің парша-паршасы шық­ты. Шектен асып кеткен қатігездік пен қасиетсіздік немесе мөлшерінен тым азайып кеткен мейірім. Бұл апаттан адам өзін қалай қорғайды, немен қорғана алады?

– Бүгінгі біздің сорымыз табиғатты таптап, құдіретін мойындамай, санаспағанның, қадір-қасиетін түсінбегеннің зар­дабынан ту­ып отыр. Та­биғаттан қалай ал­шақ­та­дық, адамдар солай фи­зи­оло­­­­гиялық, биологиялық, ру­ха­ни деградацияға ұшырай бас­тады. Озған елдің бәрі мұ­ның опындыратын іс екенін бі­ліп, табиғатқа оралып жатыр. Бас­қасына бармай-ақ, Араб Әмір­ліктерін алайық. Қызыл құм­ның ішінде жатыр. Заид әл-Нахаян деген көсемдерінің да­нышпандығына қайран қала­мын. «Жиырма жылда еліме жұ­мақ орнатамын» деді, он екі жылда ол ойын жүзеге асырды. Технологиясын тү­гел зерттедім. Ол «мұнайға тәуел­ді­ліктен құтылу керек» деген саясат жүргізген. Қазір ел эко­номикасындағы мұнайдан тү­сетін пайда 8-ақ пайыз екен. Құмның ішін жасыл баққа айналдырды. 

– «Ғылыми таным» де­ген нәрсе бар. Жоғары дәл­ді­гімен ерекшеленетін осы танымның кейінгі жас ға­лым­дардың бойында тым тө­мен­д­егенін, тіпті көрініс тап­пайтынын байқаймыз. Жас ғалымдар мәселені қо­рыту, сараптау, түсіндіру, иде­ал­дандыруға келгенде қа­ра­байыр, қарадүрсінділік та­ны­тып, қарын ашырады...

– Ғылым – өте киелі, қадірлі сала. Руханилықтың бір саласы. Ескі замандарда ғылымның тек бір-ақ саласы болды. Ол – философия. Кейіннен астрономия, математика, медицина пайда болды, ал бүгінде 4,5 мың ғылым бар екен. Екі ғылымның ортасынан үшінші ғылым өсіп шықты немесе бір ғылымның ішінен сан тарау ғылым бөлініп шықты. Бір кибернетиканың өзі бірталай ғылымның басын қосқан атасына айналып кетті. Қанша тарауға бөлінсе де, шын ғылымға ортақ бір нәрсе бар: мейлі математика, мейлі филология болсын, ғылымның негізгі міндеті өзі зерт­­теп отырған объектінің құ­бы­лыстық, ішкі құпиясын, та­биғатын, заңдылығын ашып, соның өмір сүру, қызмет атқару, даму заңдылықтарын көр­сетуі керек. Өз объектісінен ғылымды тауып бере алмаса, ол ғылым емес. Бірде маған «қа­зақта ғылым болған ба?» де­ген сұрақ қойылды. Мен кү­ліп «қазақта «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды», «бай  байға, сай  сайға құяды» деген мақал бар. Бұл мақал осы күнгі қоғамдық әлеуметтік процесті бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейді.

Ал енді осы ма­қалдың қауызына сыйған мә­селені бәленбай институт, тү­генбай маман зерттеп отыр. Бұл өз заманында мақал болып ту­са туған шығар, бірақ бұл шы­нында да айналысуды қажет ететін әлеуметтік мәселе», де­­дім. Ғылымның ұсақталып ке­туіне көптеген фактор әсер етіп отыр. Оған экономикалық да­му деңгейі, мемлекеттік сая­сат, ғылымның алдындағы мақ­­сат, ғалымға жасалған қам­қор­л­ық, ең бастысы, ғылымға деген адалдық сөзсіз өз әсерін ти­гізеді. Шынайы ғалымды құ­лын күнінен тану, қабілетін ұш­тау, бағалай білу кемшін. Ал осылардың бәрінің басы қо­сылғанда ғылымның нәти­же­сі шығады. 

– Ғылым сарқылмас дү­ние ғой, дегенмен, ғалым ре­тінде қарымыңыз бен бі­лі­міңізді толықтай игілікке жараттым деп айта аласыз ба?

– Бір қызығы, жетпіске келдім деп жүргем жоқ, әлі көп дүние тындыратын адам сияқты шиыршық атып жүремін. Д.Кішібеков екеуміз қазақ философия ғылымындағы тұңғыш оқулықтың авторы болдық. Сол оқулық он рет қайта басылып шықты. Қазақстандағы жоғары оқу орындары әлі осы оқулықты пайдаланып келеді. Онда саясат та, идеология да жоқ. Қай кезде қолыңа алып оқысаң да, ескірмейтін өзекті. Ең алдымен халыққа ти­гізген пайдам деп осы ең­бек­ті атаймын. Қазақстанға «Ин­же­нерлік еңбектің социологиясы» деген тың тақырыпты әкелдім. Орысша-қазақша оқулық жазып, ол барлық оқу орындарының кәдесіне жарады. Көп жылдық ізденістің нәтижесінде «саясаттану» дейтін іргелі ғылымның негізі қаланып, қазақстандық үлгісі қалыптасты. 

– Сіздің есіміңіз «Дос-Мұ­қа­сан» ансамблімен тығыз бай­ланысты. Реперту­арын­дағы таңдаулы, танымал әндер сіздің қаламыңыздан туды. Ән айтпайсыз, гитара мен барабанда ойнамайсыз, сонда сіздің ансамбльдегі рөліңіз қандай еді?

– Рас, елдің алдына шығып, сахнада тұрып ән айтқан адам емеспін. Менің рөлім басқаша. «Дос-Мұқасандағы» жігіттердің бәрі политехта оқығанымен, факультетіміз басқа болды, бірақ жатақханада бірге тұрдық. Ол кезде «Битлз­дың» даңқы жер жарып, дүние жүзін дүркіретіп тұрды. Орыс эстрадасының да әсері одан кем емес еді. Әрине, алғашында «Дос-Мұқасан» да соларға еліктеді. Бірақ өз бет-бейнесін қалыптастырмаса, біреулердің сорабына түсіп алып, өнерін қайталай берсе, әуесқойлық деңгейінен аса алмай қалар еді. Қазақтың жүрегін тербейтін, әкенің қаны, ананың сүтімен келіп сіңген ұлттың төлтума ән-күйінің, інжу-маржанының табиғатын бұзбай, бұтарламай электронды аспаптың көмейіне қондыра алса, заманауи музыка құралының тілімен өр­нектей алса ғана өзіндік ажа­рын қалыптастырып, қара үзіп, дараланып шыға алатын мүм­кіндігі бар екенін айттым. «Репертуарға ұлттық ән-жыры­мыз­ды кіргізсек қана ұтамыз де­ген ұстаным біздің ұранымыз бо­лу керек» деген ойымды жі­гіттер де құп алды. Кез келген жеке әншінің де, музыкалық ұжым­ның да тағдырын репертуар шешеді. «Дос-Мұқа­сан­ның» қолға іліккен әнді орындап қарабайырлыққа ұрынбай, талғаммен өнер көрсетуіне өзімше үлес қостым. Ең алғашқы әндерін жаздым. 

– «Ұлт», «ұлтжанды», «ұлт­шыл» деген ұғым бүгінде еш­кімді таңырқатпайды. Ал мұндай сөз дауыстап айтыл­мақ түгілі ойлаудың өзі қорқыныш тудырған ке­ңе­стік кезеңде бұл ұғымды «Дос-Мұқасан» бір өзі ар­қа­лады десек, талас тудыра­тын­дар табыла қоймас. «Дос-Мұ­қасан» феноменінің сыры неде?

– Тап солай, ұлттың иісі бұрқырап шығып тұрған туындылар «Дос-Мұқасанның» репертуарынан бірінен соң бірі орындалып жатты. Сәтсіз шыққан бірді-екілі ән болса, өзіміз де сезе қоямыз, дереу репертуардан алып тастаймыз.

Тарихта тағы бір заңдылық бар. Грек философиясының нег­ізін қалаған атақты ғалым­дар­­ды алып қарайық, бәрі де шоқ­жұлдыз секілді бір дәу­ір­де дүниеге келді. Сол се­кіл­ді қазақтың музыка өнеріне құб­ылыс болып келген қайта­ланбас әнші мен композиторлар туған ХІХ ғасыр да алтын ғасыр болып тарихта қалды немесе аналарының бәрі бір мезгілде толғатып, қазақтың бағы үшін туған ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарын алайық. Міне, өнерлі, талантты, жан-жақты, еңбекқор жі­гіттердің бір мезгілде келіп тех­никалық оқу орнына түсе қа­луы, олардың ұйымдаса ке­ліп «Дос-Мұқасанды» қ­ұ­руы, намысшыл жігіттердің ел­дің атын би­ік­тету үшін бір мақ­сат­та еңбек­тенуі сол мысалды еске тү­сіреді және оның бар­лық сы­ры да осында – жеке-да­ра айтылмайтын, еленбейтін Қазақ­стан деген алып елдің кі­ші­­гі­рім бейнесі айналдырған бес жігіт­тің өнерімен өзге жұртқа кеңінен танылды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен  Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»