Елбасы өз Жолдауын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп атауы негізсіз емес. Өнеркәсіптік революция адам өмірінің сан саласын қамтып, ол ендігі жағдайда адам баласының ақыл-ой санасына да, тұрмысы мен ғұрпына да, мына өмірге де, тұтас әлемге деген көзқарастарына да, таным-түйсіктеріне де түбегейлі өзгерістер әкелері хақ. Жеке халықтың да, тұтас мемлекеттің де ендігі тағдырын осы өнеркәсіптік революцияның анықтауы да ғажап емес. Өйткені, ендігі арада өнеркәсібі қуатты дамыған елдер ғана экономикалық саясатты анықтап, өз ойы мен өз дегендерін жүзеге асыруға ұмтылады. Мұны әлем дамуының қазіргі үрдісінен-ақ байқауға болады.
Міне, осы ойды әрі қарай сабақтайтын болсақ, заманның даму заңдылықтары мен қауіп-қатерлерін Елбасы алдын ала болжап, айтып та келеді, соған төтеп бере аларлық қауқары бар бағдарламалық істерді жасатып та жүр. Соның бір жарқын мысалы Қазақстанды индустрияландыру болса керек. Бұл тәуелсіз Қазақстанның болашағын, тіпті оның тағдырын анықтайтын маңызы бар жұмыс.
Елбасының Жолдауында атап көрсетілген 10 міндеттің қашан болсын өз маңызын жоймайтыны тағы бар. Сол он міндеттің барлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында, рухани жаңғыруында, тарих сахнасына бұрынғыдан да берік орныға түсуінде, әлемдік саясатта өз сөзіңді бүгінгідей айтуың үшін де аса зор маңызы бар екендігі дау тудырмайтын мәселе.
Мемлекет басшысы: «Бүгін адамзат жаңа өнеркəсіптік революция дəуіріне аяқ басып отыр. Заманауи технологиялар дүниені өзгеріске ұшыратуда. Жаһандық технологиялық ілгерілеушіліктер өзімен бірге сын-қатерлерді де, сондай-ақ өсімнің жаңа мүмкіндіктерін де алып келуде. Бұл – біздің əлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына жедел ену үшін тарихи мүмкіндігіміз», деді.
Тарихи мүмкіндік. Расында да бұл қазір және тіпті жедел, тіпті ұйқы-күлкі көрмей де біздің аса тиімді пайдаланып қалуға тиісті тарихи мүмкіндігіміз. Сол тарихи мүмкіндікті жедел пайдаланып қалудың тағы бір маңызы бар. Ал бұл келіп, өз еліміз бен болашағымыздың және келер ұрпағымыздың тағдыры алдындағы ұлы жауапкершілікке әкеліп саяды. Тереңірек зерделер болсақ, Қазақстан индустриясына жаңа технологияларды енгізудің, ел өнеркəсібіндегі еңбек өнімділігінің деңгейін көтеру мен өндірістік процестерді цифрландыру жəне заманауи бизнес-модельдерді меңгеру, Қазақстанның ресурстық əлеуетін пайдаланудың тиімділігін жақсарту, ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу, агроөнеркəсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру және де көлік пен логистикалық инфрақұрылымды одан əрі дамыта беру сияқты Елбасы алға тартып отырған міндеттердің қайсысын бүгінгі даму процестері үшін маңызды емес деп айта аларсыз. Бәрі де маңызды және де бұл міндеттерде әрқайсымыздың өмір тынысымыз, әрбірден соң ел тағдырымен қоса өз тағдырымыз жатыр.
Бәріміздің өміріміз жол үстінде өтіп жатыр. Бәріміз де жолаушымыз. Осы бір ой төңірегінде отырып, назарым Жолдаудың «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» атты төртінші міндетке еріксіз тоқтап, осы мәселеге ерекше ден қойдым. Өйткені бір-біріне жолдың аманшылығын тілейтін халқымыз қашанда қара жолды қасиет тұта білген. Осы орайда бүгінгі Қазақстанның қай салада болсын ілгерілеп кетуінің бір тармағы осы жолымызда жатыр. Елбасы көлік-логистика мәселесін бір бүгін ғана айтып отырған жоқ. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдерінен бастап көңіл бөліп, үзбей дамытудың талабын қойып, соны ұдайы айтып, өз бақылауында ұстап келеді.
Қазақстан қазірдің өзінде көліктік ірі аймаққа айналып отыр. Қазір Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды дәліз өтетіні де белгілі. Соның нәтижесі болар, Жолдауда атап көрсетілгеніндей, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 пайызға өсіп, ол 17 миллион тоннаға жуықтаса, енді транзиттен түсетін сол жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті қойылды. Осы бес миллиард долларға қол жетер болса, көлік-логистика инфрақұрылымына жұмсалған мемлекет қаражатының тез арада қайтарымы да болады.
Әрине, көлік-логистика саласын дамытып, жетілдіруге әлемнің кез келген мемлекетінің де ынталы болып, олар осы саланы жетілдірудің небір амал-тәсілдерін жасап жатқандары анық. Біз де солай жасауға міндеттіміз. Елбасы бұл орайда өз Жолдауында жүк қозғалысын «онлайн» жүйесінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалын қамтамасыз етіп отыруды және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен «блокчейн» сияқты цифрлы технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз етуді алға тартады. Өйткені осы күнгі бұл заманауи шешімдер көлік-логистика саласының барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Міне, осы аса маңызды саланың әлемдік озық үрдіспен дамуы мен жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жыл сайын бұған бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Жолдауда елдің алдына қойылған он міндеттің әрқайсысының да өмірлік, тарихи маңыздылығы орасан екенін айтуға болады. Негізгі бағыт – әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену болса, енді келіп осы он міндет сол мақсатқа жету жолымыздағы темірқазығымыз іспеттес.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Көкшетау