Мақтанышқа да, қуанышқа да жарап тұрған жаңалық: бүгінде 80 пайыз қыз-келіншек жоғары және орта білімге ие. Шағын және орта кәсіпкерлік ісіндегі 697 355 нысан бизнесвумендерге тиесілі. Гендерге көрік беретін керемет көрсеткіш.
Феминизмнің бұдан асқан мысалының керегі де жоқ. Бірақ... бірақ не нәрсе де мөлшерінен асқаннан кейін бір шикілігі көрінбей қоймайды. Ашуланса, қазан ғана емес, оң-терісі, ауыр-жеңіліне қарамай, қоғамның кез келген саласын қайнатып жіберетін ханымдардың қай істе де алда жүретінін күн сайын үлгі тұтып, мақтаныш етіп жүргенімізде, ерлеріміз мешел тартып бара жатыр екен. Дәстүрлі қазақ отбасындағы «ер азамат – бала-шағасын асыраушы, әйел – ұқсатушы» ұғымы патриарх қоғамның қатпарында қалмаса да, орындарының алмасып, алыстап бара жатқаны өткір сезіліп келеді. «Қызым тұрмысқа шыққанда жүзі жарқын болып, қолына көсеу ұстап бармай, қатырма қағазымен барсын» деген әке-шешенің ниетінде қылау жоқ. Амал нешік, бұған гендер мен қыздың ата-анасы алақайлағанымен, ер балаларға қарағанда қыздардың жоғары білімге көбірек ұмтылып, жұмысты да ертерек тауып, бұрынырақ «өзімен-өзі» болып жатқандығының астарында қазақ қоғамын іштен кемірген зұлмат жасырынып жатыр.
Бала тәрбиесіне әкесі мен анасы бірдей жауапты десек те, негізінен тәрбиеге ананың ықпалы көбірек сіңеді. Қаладағы да, даладағы да ата-аналардың отбасындағы бір-екі ер баланы жөнсіз өбектеп, дауыл түгілі желге қарсы тұра алмайтын жасық етіп өсіріп жатқаны өз алдына бөлек әңгіме болса, оған бүгінгі ақылы оқудың ауыртпалығы түскенде, қыздарына күш салып, «қара жұмыс істесе де өлмейді, бір нанын тауып жейді» деп осы бірді-екілі ұлды да оқытпай, білімсіз етіп қоғамға тоғытып жатқан қасіреті келіп қосылды. Түптеп келгенде, мәселе пысық қызда да, жігерсіз ұлда да емес, о бастан ұл балаға тәрбиені дұрыс бермеген, дұрыс бағыт сілтемеген ата-анада болып отыр. Жұмыссыздардың қатарына жыл сайын жүздеп қосылатын мамандығы жоқ жігіттерге ата-анасы «неге мал таппайсың?» деп айта алмайды. Ауылда не оқу жоқ, не тоқу жоқ, текке жүрген сабаздарға «дипломмен ауылға» келген қыздың қарай қоюы да екіталай. Ел болған соң, әрине, ішінара жоғары білімді қыздың ауыл жігітіне тұрмысқа шығып, тату-тәтті жарасып кететін кездері болады. Бұл – бір.
Екіншіден, оқу оқымаса да, қалаға келіп, әртүрлі кәсіп үйреніп, тіршілік деп тырбанып жүрген жігіттер де баршылық. Қолында қатырма қағазы бар жоғары білімді қыздар ондай жігіттерді де менсіне бермейді. Бірақ, оң жақта отырып қалудан қорыққан кейбір қыздар амалсыз уақыт өтіп бара жатқан соң тәуекел етіп, дипломсыз жігіттерге тұрмысқа шығып жатады. Алайда ақыл-ойы мектеп деңгейінде қалып қойған, таным көкжиегі біліммен кеңеймеген инфантил жігітпен білімді қыздың некесі үйлесім тапқан бақытты некелердің қатарынан бола бермейді. Сол кемшілігін бүркемелеп, үйдің де, әйелдің де қожасы екенін сәт сайын білдіріп отыру үшін, әйелінің әрбір түймедей кемшілігін түйедей етіп бетіне басып, дөрекі мінез танытады. Әрине, бұл мәдениет көрген қыздың жанына мұң салады. Сөйтсе де күйеуінің жағымсыз мінезінің өзінен жақсылық тауып, балалары үшін шыдап-бағып, отбасы бүтіндігін сақтайды.
Ал кейбір өзін өзі жақсы көретін өзімшіл келіншектер отбасын сақтаған күннің өзінде, таңертең ерте тұрып, еріне шай қойып беруге ерінетініне қарамастан, өскенде өз ұлының әйелін ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын нағыз еркек болғанын қалайды. Қарап тұрсаңыз, бәрі де кешегі кекілі желбіреген кішкене ұлдың, бүгінгі отағасының отбасы тізгінін берік ұстағанына байланысты болып отыр. «Жаман үйді қонағы билеп жатса», қонағы ғана емес, баласы мен әйелі билеп жатса, ол әйелдің емес, үйелменіне үлгі бола алмаған азаматтың әлсіздігінен. Әйелінің біз өкшесінің астында билей жөнелетін еркектен, ауыл мен елді айтпағанда, өз бала-шағасының алдында беделі бар бала туады дегенге ешқашан сенуге болмайды.
Үшіншіден, дойыр күйеудің төбе құйқаны шымырлатар балағаты мен тепкісіне шыдай алмаған, яки керісінше, жуас, сол мінезіне қарай жалқау болып жолығатын жылбысқылығына ұзақ төзуге шыдамы таусылған әйелдер арадағы 2-3 балаға қарамастан ажырасуға бел буып жатады. Мысалы, 2017 жылдың бірінші жартысында 59 007 жұп отау құрған, алты ай өтпей жатып 729 жұп ажырасып үлгерген. Әрбір үшінші неке бұзылатын Қазақстан ажырасу бойынша әлемде оныншы, ал ТМД елдері ішінде Ресей мен Украинадан кейін үшінші орын алады. Ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін 90 пайызға дейін балалар анасының тәрбиесінде қалады. Қалай болғанда да олар – әкесіз, әкенің қабағын, әке ғана бере алатын мінезді көрмей, білмей өседі. Екі баламен ажырасқан келіншек енді екі жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Алыстағы әке тұрмақ, күндіз-түні жұмыста жүрген жанындағы шешесінің мейіріміне жарымай, күні-түні теледидар мен дивидидің тәрбиесімен ер жетіп жатқан бала қаншама. Қоғамға тағы да ойсыз, мақсатсыз, жасық, еңбексіз мал табуды ғана қиялдайтын жалқау, жатыпішерлер келіп қосылады. Тіпті, осы жанкешті аналардың көпшілігі «балам ешкімнен кем болмасын» деп, жалқау ұлына ақылы диплом алып берсе де, жастайынан білімді жолдас етпегендіктен, оқыған мамандығына сәйкес жұмыс істей алмай, ақырында дипломды таксист немесе «охранник» болып шығады.
Бұл мәселе күн тәртібінен мәңгі бақиға түсіп қалу үшін сұрақ былайша қойылуы тиіс: «Отбасы мен Отанына қорған болар ер баланың қадір-қасиетін қайтсек көтереміз және олардың ар-ожданы мен абыройы биік болуы үшін не істеу керек?» Әйтпесе қаншама отбасылардың үкілеп үміт күткен, университет, академия бітірген оқуы жеткілікті қыздары өмірден бос қалған, білімсіз ұлдарына қор болған үстіне қор бола береді. Қоғамды рухани жарымжан жігіттермен қамтамасыз ете берген сайын олардың ата-аналары басқа үйдің қыздарының бақытсыз болуына себепкер. Отбасы түгілі, өз басын асырай алмай, білімсіздігінен, жұмыссыздығынан қорынып, қорқақтап үйленбей жүрген ұлдарын «қалада не көп, күйеу таппай қақтығып жүрген кәрі қыз көп, неге біреуіне үйленіп алмайсың» деп қайрайтындар нағыз өзімшіл қатыгездер. Ал қай ата-ана мәпелеген қыздарының мамандықсыз мал бағып, қарбыз егіп, қара сорпасы ағып саудада жүрген, одан қалса карта ойнап, қолы босаса шаңыраққа қарап шалқасынан түсіп жатқан өнерсіз, кәсіпсіз күйеуге шыққанын қалайды дейсіз?
«Әке-шеше болу да – сынақ қатал»,– дейді Фариза ақын «Бала» атты өлеңінде. Әңгіме ата-ананың балалары алдындағы жауапкершілігі мен «ұл» туралы болғанымен, ұл-қыз деп бөлінбейтін тұтас ұрпақ тағдырына алаңдағаннан айтылып жатыр. «Қыз баланы оқытқан дұрыс па, ер баланы ма?» деген қиямпұрыс сауалды, «екеуін де оқыту керек» деген ешкімге абырой әпермес мәймөңкені сылып тастап, бір ақиқатты танитын кез жетті. Ол – ер баланы қандай жолмен болса да білімді етіп өсіру, қайтсе де мәртебесін көтеру. Бүгінгі күні ер бала тәрбиесінен тысқары қалып жатқан бұл кемшілікті қателік қана емес, қылмыс деп санасақ та болады. Ұл балалардың мамандықсыз өмірден бос қалуы қыздардың оларды көзге ілмеуіне, сол себепті кәрі қыздардың санының артуына, жат ел жігіттерінің қармағына түсуіне және отбасында рөлі төмен отағасылардың көбейіп, ер мен әйел табиғатының өзгеруіне әкеліп соғып жатыр. «Бесік тербеткен», «әлем тербеткен» әйел туралы асқақ сөздерді қоя тұралық та, отбасына ие бола алатын отағасы-жігіттерді тәрбиелеуге күш салсақ, қанекей, аяулы аналар? Бәрі де айналып келгенде сіздің қызыңыздың бақыты үшін ғой.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ