2018 жыдың 11 қаңтарында қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов Қазақстанға келді.
«Астана» баскетбол клубының шақыруымен кеңестік белгілі спортшы кәсіпқой баскетбол клубының аясындағы «Астана» балалар баскетбол академиясының тәрбиеленушілерінің ашық жаттығуына қонақ болды. Жаттығу барысында Әлжан Жармұхамедов балалармен әңгімелесіп, спорттағы жетістігі жайлы баяндады. Балалармен және балалар баскетбол академиясының бапкерлік штабымен әңгімелескеннен кейін Олимпиада чемпионы өз әсерін БАҚ өкілдеріне айтып берді:
"Астанада баскетбол дамып келеді. Балалар академиясында серб маманы Деян Парижаниннің жұмыс істеп жатқанын атап өтейін. Бұл елде жақсы ойыншыларды баптап шығаратын баскетболдың еуропалық мектебі бар".
Ашық жаттығу аяқталғаннан кейін Әлжан Жармұхамедов академия тәрбиеленушілерімен және «Астана» баскетбол клубының спортшыларымен «Движение вверх» фильмінің жабық көрсетілімін тамашалауға барды. Бұл фильм 1972 жылғы Олимпиада ойындарында баскетболдан АҚШ құрамасынан финалда басым түскен КСРО командасының тарихи жеңісін баяндайды. Баскетболшы Жармұхамедов Мюнхенде өткен осы Олимпиаданың финалында Кеңес Одағы құрамында ойнаған.
«Движение вверх» фильмін екі рет көрдім. 21 желтоқсандағы бірінші премьерасынан кейін шақыртулар көп түсе бастады - балалар спорт мектептерінен, корпорациялар өз қызметкерлеріне, өз спортшыларына көрсетіп, мені міндетті түрде шақырады. Міне, Астанадағы премьераға да шақырды. Әрине, Қазақстанда маған және фильмге қызығушылық танытып жатқаны көңілге медеу. Бүкіл зал менің жанымнан өтіп, амандасып, суретке түсті, мұндай қызығушылыққа таңмын», - деп пікір білдірді Жармұхамедов.
Баскетболшы Мюнхенде өткен тарихи финалда алаңнан шықпай ойнағанын айтты.
«Басқа ойыншылардан көбірек ойнауыма тура келді. 40 минуттың 36 минутын ойнап бердім. Бірінші және екінші таймдарда екі минуттан ғана демалдым. Бар ойын, доп салдырмау, көмектесу, допты тартып алумен болды. Барымды салдым».
«Астана» баскетбол клубының шақыртуымен Әлжан Мұсырбекұлы ресейлік фильмнің қазақстандық прокаттағы таныстырылым күніне арнайы келді.
«Қазақстанға әрдайым қуана-қуана келемін. Бұл ата-бабамның жері. Кіші отаным – Оңтүстік Қазақстан облысына жыл сайын барамын. Қазақстанға көшу туралы ойым 1967 жылы болды, сол кезде мені Алматыға шақыртқан. "Локомотив» командасы бар еді. Келіп, жарты жылдай қонақүйде тұрдым. Кеңес одағының Баскетбол федерациясы маған рұқсат алып беруге тырысқан, бірақ сол күйі бермеді. Себебі, маған Өзбекстан жоғары деңгейде таласты. Одан кейін мен Мәскеудің ЦСКА-сына кеттім. Карьерамда жоғары нәтижеге жеткенім осы қадамымның арқасы шығар".
Айта кетейік, 12 қаңтарда Әлжан Мұсырбекұлы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрімен кездесті. Кездесу барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы Жармұхамедұлына баскетболды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Министр спортшының ерлік жасап, ұрпаққа үлгі бола білгенін атап өтті.
Еске салайық, Әлжан Жармұхамедов – кеңестік белгілі баскетболшы, 1972 жылғы Олимпиаданың чемпионы, 1976 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері және Олимпиада чемпионы болған тұңғыш қазақ. Қазіргі уақытта баскетболшы Жармұхамедов Мәскеуде тұрады және спорт қауымдастығында белсенді қызмет атқарып жүр.