• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Қаңтар, 2018

Жолдау – уақыт талабымен үндес құжат

981 рет
көрсетілді

Елбасы кезекті Жолдауында дамыған және өнеркәсіптік бәсекелес жағынан күшті  елдердің қатарына қосылу үшін алдымызда тұрған басты міндеттерді айқындап берді. 

Қазақстан мемлекеті үшін Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне енудегі мемлекеттік саясаттың басты бағыттарына заң үстемдігін қамтамасыз ету мен жемқорлықпен күресу жататынын қадап айтты. Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру арқылы азаматтарға мемлекеттік органдар тарапынан көрсететін қызметтердің сапасын арттыру тапсырылды.

Демек мемлекеттік органдардың қыз­меттерін цифрландыруды жүзеге асыру үшін бейімделген заңнама, бизнесті, білім мен ғылымды қолдау шаралары бизнесті жүргізу рәсімдерін жеңілдету, мемлекетпен өзара әрекеттесу кезінде транзакциялық шығын­дарды қысқарту түрінде қолдау инфра­құрылымы жасалынады. Осылай мем­лекеттік орган­дардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасы қолжетімді, клиенттерге бағ­дар­ланғандық, ашықтық сипат ала отырып, мемлекет еңбек өнімділігін арттыру арқылы қызметтердің сапасын күшейтеді.

Тәуелсіз сот төрелігі мен құқық қорғау жүйесінің жұмысы тек қана азаматтардың құ­қықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету­ге, заң талаптарын қатаң орындауға және қо­ғамда құқық тәртібін нығайтуға бағыт­та­лады. Биылғы Жолдауда көрсетілген міндеттер осы қызметтерді іске асыру үшін жол ашып берді.

Президент Жолдауында қолданыстағы заң­намаға қылмыстық процестегі азамат­тар­дың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілгенін келтірді. Яғни қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарының қорғалуын күшейтуге және қылмыстық про­цестің қайталануын азайтуға; оның ішінде адвокаттардың құқықтарын кеңей­ту есебінен жарыспалылықты арттыруға; сотқа дейін­гі сатыда соттың бақылауын кеңейтуге; про­цестік өкілеттіктерді нақты бөлуге; қыл­мыс­тық процесті жеңілдетуге және үнем­ділік­пен жүргізуге бағытталған өзгеріс­тердің енгізілгенін меңзейді.

Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалғанына тоқтала келе, сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жұмысы әлі де жалғасып жатқанын ескерте кетті.

Елбасы Жолдауында берілген айрықша тапсырмалардың бірі – азаматтардың конс­­ти­туциялық құқықтарына кепілдікті ны­ғайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету. Рес­публиканың Президенті – адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының ны­шаны әрі кепілі. Құқықтардың немесе бос­тандықтардың нақты бiр түрiнiң консти­ту­ция­лық құқық деңгейiне жеткiзiлуi және Конс­ти­туцияда оның кепілділігінің жарияла­нуы мемлекеттің осы құқықтар мен бостан­дық­тардың өзі құрайтын жүйелер мен құрылымдар арқылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді өзінің ерекше міндетіне алғандығын білдіреді.

Қоғамдық қатынастарды тәртіпке келтіру және Конституцияның ережелері мен нормаларын жүзеге асырудың тетіктерін жасау қоғамдық тәртіпті сақтаудың алғышартының бірі болып табылады.

Жолдаудағы тағы да бір назар аударатын жайт, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында көше­лерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргізетін, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелерді белсенді түрде енгізу керек деп еліміздегі азаматтардың жеке өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына ерекше көңіл бөлу қажеттілігі көрсетілгендігі. Заманауи интеллектуалды жүйелерді белсенді енгізу адамдардың қауіпсіз, алаңсыз өмір сүруі­не мүмкіндік жасау арқылы қоғамдық тәртіп­ті сақтаудың бірден-бір жолы. Міне, осылай­ша саралай келгенде Президент Н.Ә.Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арна­ған Жолдауы әр қазақстандық үшiн ерекше маңызды, көпшілік асыға күтетін әр азаматтың жеке жоспарына діңгек болып табылатын маңызды бағдарламалық құжат дейміз.

Үнзила ШАПАҚ,

Конституциялық Кеңес мүшесі,

заң ғылымдарының докторы