Ұжымдық рух ұлы жеңістерге қол жеткізеді. Қазақ айтады: «Үш адамның басы қосылса – қауым». Қауымдасқаннан бері адамзат сан түрлі қоғамдық құрылысты өткерді. Ал қазіргі нарықтық қоғамның кілті – табыс. Яғни биік мүдде жолында ұжымдасу және белгілі нәтижеге қол жеткізу.
Мұны коммерциялық мүдде тұрғысынан қарағанның өзінде ақша үшін емес, ішкі түсіністікке құрылған энтузиазм бірлігіне айналдыра алсақ, ұтарымыз көп. Көп айтылатын инновацияның өзін энтузиазм тудырады. Төрт жыл бұрын Астана экономикалық форумына мәртебелі мейман болған химия саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаты Курт Вютрих Өскеменге де келіп, студенттермен кездескен еді. Сол жүздесуде студенттер ғалымға инновация жөнінде сауал қойды. Сәл ойланған сыңай танытқан К.Вютрих сонда «Инновация дегеніміз мынау» деп қолындағы смартфонын көрсеткен. Расында «цифрлы революцияның әкесі» аталатын Стив Джобс сынды жаһандық сауда желісін жаулаған компаниялар мен кәсіпорындар жетекшілерінің өмірбаянынан осы ұжымдық энтузиазмды айқын аңдауға болады.
Асанәлі Әшімов өзінің авторлық жанрына айналдырған күнделігінде Камал Смайылов туралы қазақ киносында одан артық басшы болмағанын жазады. Расында К.Смайылов «Қазақфильмді» басқарған тұста қазақ киносының классикасына айналған алтын қорымыздағы фильмдер түсірілді. Көрнекті қайраткер «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Шоқ пен шер», «Көксерек», «Транссібір экспресі», «Тақиялы періште», «Қараш-қараш оқиғасы» сияқты ұлттық картиналарға кіл классиктер ұжымын тарта білді. Жазушысы, драматургі, сценарийшісі, суретшісі, актері, композиторы – әрқайсысы дара тұлға еді. Ұжымдық рух ұлттық рухқа ұласты. Шығармашылықта мұндай рухпен әдебиет те жасалады. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің әйгілі «Көшпенділер» трилогиясындағы төрт ғасырды қамтыған эпикалық құлашқа сол тұстағы жас қаламгерлер Мұхтар Мағауин, Қадыр Мырзалиев, Қабдеш Жұмаділовтер дерек пен мағлұмат жинау жағынан қол ұшын созғандарын мемуарлардан оқыдық. Кейін бұл шығарманың шеңберіне сыймаған тарихи кезеңдер мен кейіпкерлер жазушылардың жаңа тынысты жеке туындыларына өзек болды. Әрине шығармалардың дара авторлық қуатпен қағазға түскені күмәнсіз.
Қазақ «кемедегінің жаны бір» деп қалай дөп айтқан! Сапардың да қиындығы мен азабы жетерлік. Құрлықта, суда, әуеде болсын, жолаушылар да бір ұжым. Яғни «жол мұраты – жету» болса, діттеген жерге аман-есен жетуге де жұмылған жұдырықтай ішкі сыйласым, қолдау керек. Бұл бойын білмекке, көрмекке деген құштарлық билеген жаңалық ашушы саяхатшылар үшін тіпті үлкен сын. Айталық, планетаның жартысын алып жатқан Тынық мұхитының құс қанаты шыдамас бір бұрышындағы шөкімдей ғана Полинезия аралдарының тұрғындары қайдан, қалай келді? Аралдағы байырғы тұрғын айтады: жел және ағыс. Міне, осы жұмбақты шешу үшін норвегиялық әйгілі саяхатшы Тур Хейердал Оңтүстік Америка жағасынан кәдуілгі бөренені буып жасалған сал-қайықпен 8 мың шақырымды артқа тастап, ежелгі полинезиялықтар секілді ұлы мұхитты кесіп өтеді. Мұхит арғы жағадан бергі жағаға жүзіп өте шығатын өзен, тіпті көл де, теңіз де емес. Оның өзіне тән таңғажайып әлемі бар. Осы адуынды да үрейлі, әсем де әйдік әлеммен бар-жоғы бес серігімен 101 күн ішінде бір бөлшегі ретінде тұтасып кеткен Хейердалдың сол сапары да адами ұлы рухтың, ұжымдық қуаттың белгісі іспетті әсер қалдырады.
Жалпы, ұжымдық рухты әркім әрқалай түсінеді. Бірақ бәрі «Бірлік түбі – береке» немесе «Ізденген жетер мұратқа» деген қазақы арнаға саятын сықылды. Ұжымдық рухты түйсіну де осы лекте екеніңізді көрсетеді. Алайда адамдарға тәуелді болғандықтан ұжымдық мақсат өте кінәмшіл келеді. Яғни ең алдымен ішкі әлеміңіздің үні маңызды. Осы ағымға ілесуге қажетті қуатты әлдекім Дэйл Карнеги, Наполеон Хилл, Джозеф Мерфи сияқты әлемдік бестселлерге айналған шығармалардан іздесе, тағы бір жандар мотивациялық семинарлар мен дәрістерден қалмауға тырысады. Барлығы да құптарлық. Өйткені бізді орта өсіреді, тәрбиелейді, ортақ мақсатқа жұмылдырады. Бұл ретте бір-біріміздің жақсылығымызды, артықшылығымызды, біліктілігімізді бағалай білуге машықтанғанның айыбы жоқ. «Гүл сыйлаған қолдан гүлдің иісі шығып тұрады», дейді қытай мәтелі. Қоғамның өзі үлкен ұжым іспетті. Яғни алдымен адами капиталды, сол арқылы ұжымдық рухты дамыту ұлт және ұлы мемлекет ретінде дамудың алғышарты болса керек.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»