М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабын таныстыру рәсімі өтті.
Жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Шараны ашып, жүргізген М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор М.Сарыбеков Елбасының бұл еңбегі еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардағы қиыншылық пен бүгінгі гүлденген Қазақстанның жүріп өткен жолын көрсететін шежірелі кітап екенін айтып өтті.
М.Сарыбеков жаңа туындыда «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Әлем мойындаған көшбасшылық», «Жаңа экономикаға батыл ұмтылыс», «Адам капиталының жаңа сапасы», «Қазақстанның айқын және мызғымас басымдықтары» атты бірқатар тартымды бөлімдер бар екендігіне тоқталып, оның маңызы төңірегіндегі ойларын ортаға салды.
Келесі кезекте баяндама жасаған заң факультетінің деканы Қайрат Нұрманбетов Елбасы кітабына арқау болған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ел өмірінің қоғамдық-саяси ахуалы, ондағы құқықтық қатынастарды реттеудің жай-жапсарын әңгімеледі.
Одан кейін гуманитарлық-әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Әзімхан Ыбырайым «Ұлы бетбұрыс» тақырыбында баяндама жасап, Елбасының бұл еңбегінде еліміз тәуелсіздік алғалы бері мемлекетіміздің қол жеткізген табыстары жан-жақта сараланғандығын тілге тиек етті.
Сонымен қатар Аймен Әнуарбек кітаптың «Жаңа ғасыр табалдырығында» атты тарауына тоқталып, жаңа мыңжылдықтар тоғысында егемендікке қол жеткізген Қазақ елі жаңа ғасыр табалдырығын табысты аттағанына тарих куә екендігін айтып өтті. Сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру факультетінің деканы Зәуре Әбдікәрімова «Қалыптасқан мемлекет» тақырыбында жасаған баяндамасында кітапта Қазақстанның тарихи оқиғалар алаңына айналып, халықаралық саясатта беделінің арта түскендігін тілге тиек етті.
Шара соңында университеттің профессор-оқытушылар құрамы кітап туралы өз ойларын ортаға салды, ұсыныстарын айтты.
Ләззат ТАЛҒАТҚЫЗЫ