Ғылым мен техника күн санап қарыштап дамыған заманда әр мемлекеттің тәуекелге бел байлап тарихи шешім қабылдайтын сәті болады. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласындағы баса айтылған мәселенің бірі латын қарпіне өту болды. Бұл өз кезегінде ұлттың, мемлекеттің болашағы үшін жасалған оң бастама, игілікті қадам деп есептеймін.
Еліміздің түкпір-түкпірінде терең талқыланған тақырыптың тамыры тереңде жатыр. Өйткені бұл бастама біздің тарихымызбен, болмысымызбен үндес. Тіл мамандары мен ғалымдар күш біріктіріп көршілес елдердің тәжірибесін ескере келе латын қарпіне көшу мәселесінде уақыт оздырмай нақты іске кірісті. Ғаламдық дамудың жаңа дәуірінде латын әліпбиіне көшу уақыт талабы болып отыр. Ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдалануда, бүкіләлемдік трендтер талабына толық сай келуде аталған шешім таптырмас құрал бола алады. Бүгінгі таңда дүние жүзіндегі аса өзекті ақпараттардың 70-75 пайызы латын графикасымен беріледі. Әлемдегі барлық IT сала өздерінің бағдарламалар базасы мен техникалық шешімдерін латын таңбасында жасайды.
Қазіргі жастардың латыншаға әлдеқашан бауыр басып алғанын атап айтқан жөн, бүгінгі күні Қазақстан жастары гаджеттерді белсенді қолданады, еліміздің басым бөлігі латын әліпбиін жақсы меңгерген. Әрине, бастапқы кезеңде аздаған қиындықтар болуы мүмкін. Алайда бұл бағыттың өміршең екенін уақыт дәлелдейді. Бүгінгі компьютер заманында, интернет жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігі бәрімізге аян. Аталған тарихи шешім біз еңбек ететін медицина саласын да айналып өтпейді. Халықаралық терминдер, медицинаға қатысты мол мағлұматтардың негізгі бөлігі латын таңбасымен таңбаланған. Сонымен қатар тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерден арылып, қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауда латын әліпбиіне көшудің орны айрықша. Ең бастысы, бұл – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатын алтын көпір. Сол себепті Мемлекет басшысы тарапынан қабылданған шешімді тарихи шешім деп қабылдаған абзал.
Суният ҚҰСЫМЖАНОВ, «Академик Б. Жарбосынов атындағы урология ғылыми орталығы» АҚ профессоры