• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қаңтар, 2018

Автопарктер тендер шартына сай емес

370 рет
көрсетілді

Семейде қатарынан тоғыз ай бойы Көлік және коммуникация ғылыми зерттеу институтының мамандары кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген еді. Нәтижесінде Қазақстандағы заңнама аясына қалада көлік тасымалы қызметіндегі алты кәсіпорынның да жұмысы талапқа сай болмай шықты. Қала әкімдігінде өткен жиналысқа осы мәселеге орай құқық қорғау органдарының қыз­мет­керлері қатысты.

– Күн сайын қала бойынша тасымалға шамамен 427 автобус шығады. Алты тасымалдаушыда әртүрлі маркадағы 633 автобус бар екен. Олар­дың 215-і «маршрутка», яғни «ГАЗель» көлігі. Оны үлкен қаланың ішіне жіберуге болмайды, себебі мұндай шағын көліктер қала шетіндегі аз жолау­шысы бар аудандарға арналған. Техникалық регламент бойынша мұндай автобустар қала ішіне емес, қала сыртындағы ауылдарға жүруге қолайлы. Шаһарда шағын автобустар барлық тасымал көліктерінің 30 пайызын ғана құрау керек, ол Семейде «ГАЗельдер» барлық көліктің 50 па­йызын құрайды, – деді Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Байболат Байманбетов.

Тағы бір айта кетерлігі, қаладағы жолаушы тасымалымен айналысатын алты кәсіпорынның бағыттағы көліктері небәрі 16 пайыз екен. Қалған автобустар қайдан десеңіз, олардың иелері басқа жақтан келгендер.

– Семейдегілер жалға алынған және арнайы осындай жұмысқа тартылған көлік түрлері болады дегенді түсіне қоймайды, – деді Байболат Байманбетов, – жалға алынған көлік деген мүлде жоқ. Себебі көлікті жалға берген кезде тасымалдаушы техникалық қызмет көрсетуді, жанар-жағармай құюды, шиналарын ауыстыруды өз жауапкершілігіне алады. Бірақ ол Семейде мүлде қалыптаспаған. Оның үстіне жекеменшіктегі жұмысқа тартылған көлік түрлері де ескірген. 403 көлікке 7 жыл, ал 230 көлікке 7-12 жыл болған. Тіпті бұлардан да ескіріп, тозғандары жетерлік.

Сарапшылар автопарктерді тексерген кезде небір олқылықтарға тап болған. Мәселен, «Автомиди» ЖШС-нің қадағалаушы механигі механикалық сұрақтарға жауап бере алмаған. Жүргізушілердің алкогольді ішімдік ішпеуін, автобус сапасының дұрыстығын тексеру автобазадағы бақылаушы адамдардың жұмысы болса, бұл іске де білікті мамандар тартылмаған.

– Жолаушы қауіпсіздігі басты орында тұру керек, – деді Байболат Байманбетов статистикалық зерттеу мәліметтерін келтіру барысында, – соңғы 11 ай ішінде жол көлігі апатынан 20 мың қазақстандық қайтыс болды. Автобусқа мінген жолаушы ақшасын төледі, ол өзінің қауіпсіздігі үшін төледі. Сол билет құнына оған мәдениетпен қарау, аялдамалардың атын айту сияқты талаптар кіреді. Жүргізуші мен кондуктор бірыңғай түсті киім киюі керек. Өздері бағасын көтерткен 80 теңгеге жолаушы тасымалындағылар мәдениетімізді де жақсартамыз деп еді ғой. Сонымен автобус салондарындағы тазалықтар қайда?! Әрбір автобус ауысымдағы жұмысын аяқтаған соң іші-сырты жуылып-шайылуы керек.

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, «Семей көлiгi транс» ЖШС-де механик автобустың қозғалмалы бөліктерін фонарь шаммен қарап шығады екен. Техникалық талап бойынша мұндай жерлерді арнайы көретін терең шұңқырға түсіп, тексеріп шығу керек. Сарапшы осындай қызықтарды өз тәжірибесінде бірінші рет көріп отырғандығын жеткізді. Мұндай талап бұзушылық қаладағы автопарктердің кез келгенінде бар екен. Сарапшылар тексергендей аялдамалар да талапқа сай емес. Қабанбай батыр көшесі бойындағы Орталық базар тұсындағы аялдамалар көңілге қонымды болғанмен, қала сыртындағы Шығыс, Мирный кенттеріндегі нысандардың аялдама деген аты ғана. Б.Байманбетовтің айтуынша, қала сыртындағы автобустар тоқтайтын соңғы аялдамаларда демалатын кешендер болуы керек. Автобус жүргізушілері мен кондукторлар таңертең ерте жұмысқа шығатындықтан, олар түскі ас ішіп, бір сәт көз іліп алғандары жөн.

Жиынға қатысып отырған қала әкімі Ермак Сәлімов тыңғылықты жұмыс жасаған тиісті сала қызметкерлеріне, прокуратураға, зерттеу жүргізген Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институтына ризалығын білдірді. Осылай­ша халықты сапалы автобуспен, автопарк қыз­метімен қамту үшін алдағы уақытта да бірігіп жұмыс істейміз деген өзінің шешімін айтты.

Сондай-ақ басқосуда облыстық жолаушы­­­лар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы­­ның бастығы Мұрат Мұсатаевтың айтып өткен­ін­дей, оған бірнеше хат келіп түсіпті. Онда жолаушылар тасымалымен айналысып, қызмет қана көр­сетуі тиіс мекемелер өз міндеттеріне қаланың атқару­шы билігі айналысатын міндеттерді де алып алғандығы жазылыпты.

– Сондықтан да мен мемлекеттік кіріс басқар­масы, көлікті бақылау комитеті, көлік проку­ра­ту­расы сияқты құзырлы органдарды Семейдегі көлік тасымалы кәсіпорындарының жұмысымен танысуға шақырамын. Бүгінгі жиналыстың өзінде қолымызға қаншама фактілер түсіп отыр. Мұның барлығына көзжұмбайлық жасауға болмайды, – деді Мұрат Мұсатаев.

Раушан НҰҒМАНБЕК

СЕМЕЙ