Тұлымшағы желбіреген шынашақтай қыздың есімі әп-сәтте ТМД елдері арасына кеңінен таралатынын, «Көрермендер көзайымы» аталымы бойынша арнайы сыйлықты атақты әнші Лев Лещенконың өзі тапсыратынын кім ойлаған?
Былтыр Ялта қаласында өткен «Детская новая волна» атты халықаралық ән байқауына қатысқанға дейін Әмина Жапарды қазақстандық өнерсүйер қауым жап-жақсы біліп қалған болатын. Алдымен облыстық, одан кейін «Аялаған Астана-2017» республикалық сайыста топ жарған. Қазылар алқасы он жастағы оқушының ешкімге ұқсамайтын кең диапозонды даусына ерекше тәнті болып, бірауыздан Гран-приге лайық деп шешкен.
Ол жастайынан өнерлі әулет ортасында тәрбиеленіп, ән қанатында тербеліп өсті десе де болады. Әжесінен бір елі ажырамайтын. Қайда барса да томпаңдап еріп жүретін. Кей тетелестері сияқты ойын қызығына берілгеннен гөрі оңашада ән шырқағанды ұнататын. Полиция қызметкері болып қызмет атқаратын әкесі Сайран – бірінші мамандығы бойынша музыкант. Домбыра құлағында шебер ойнайды. Қызының бойындағы қабілетті ерте аңғарып, фортепьяно сыныбына берді. Талант қырының ашылуына Вера Погорелова, Ольга Елисеева секілді педагогтер көп тер төкті. Олардың еңбегі зая кеткен жоқ. Әмина талай бәйгелерде жұлдыздай жарқырап, өзі туып-өскен түкпірдегі ауылдың намысын абыроймен қорғап жүрді.
Қалай десек те Қырым сапары оның өмірінде үлкен із қалдырды. Айтулы белеске айналды. Үлкен сахнаға алғаш көтерілсе де, көрермендерге лық толы залдан еш именбеген. Тек «Әмина Жапар. Қазақстан» дегенде аз-кем қобалжып, бірақ бойындағы қорқынышты лезде жинап алған. Алдыңғы қатарда отырған әжесіне көзі түскен. Оның байсалды, нық отырысы жеңіске деген сенімін ұштай түскен. Әсем ән әуені сыртқы дүниені мүлдем ұмыттырып жіберген. Қазылар алқасының алтауы – 10, екеуі 9 деген бағаны көтергенде зал ішін ду қол шапалақ көміп кеткен. Бұл болса арқасынан ауыр жүк түскендей жеңілденіп сала берген. Ал Тина Тернердің шығармасын керемет орындағанына сүйсінгені соншалық, қазылар алқасының мүшесі Лера Кудрявцева бір балын кемітіп қойғанына қатты өкініш білдірген.
Жуырда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Берік Біләлов Жапаровтар отбасын арнайы қабылдап, Әминаға ноутбук сыйлады. Әке-шешесіне алғыс хат табыс етті.
Жұлдыздай жарқырап, ән әлеміне қанат қаққан оны қазір ресейлік танымал продюсер Лина Арифулина аттай қалап алып, өнер атты ұлы құдіреттің қыр-сырына баулып жүр.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА
Солтүстік Қазақстан облысы